ӘНДІ СҮЙСЕҢ, МЕНШЕ СҮЙ!

Уақыты: 08.04.2019
Оқылды: 1560
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мейлі ол сазгер болсын, күйші болсың, ғұмыры тағылымға толы өнер иесі қашанда елге сыйлы. Ал егер осы қос өнер бір адамның бойынан табылып жатса, онда сіз көрсеткен қошеметтің аздық етері анық. Соған сәйкес, белгілі композитор, күйші Мұратхан Егінбаевтың 80 жылдығына орай тұңғыш рет «Сәйгүлік» атты республикалық әншілер байқауы өтті.

Аталмыш додаға қатысушылар 3 номинация бойынша бақ сынады. Бірі оркестр сүйемелдеуімен ән шырқаса, бірі дәстүрлі әндерді дәріптеді. Соңғысы, эстрадалық бағыттағы жарқын туындыларын көрерменге ұсынды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 30 дан аса үміткердің бәрі де сақадай-сай келген. Оған шара барысында көзіміз анық жетті.

Екі күнге созылған дүбірлі думанның алғашқы күні алыстан ат арылтып келген өнерпаздарға арнап пресс-конференция өткізілді. Онда сөз алған кеш иесі көңіл толқынысын көптен жасыра алмай, қуанышына ортақтасып келген тыңдармандарына алғысын жаудырды.

– Мен өзімді өте бақытты сезініп тұрмын. Бұл бұрыннан ойлап жүрген арманымның бірі еді. Реті келмес пе екен деп іштегі күмәнім жегідей жейтін. Ел танымайтын сазгерлердің өзі «Еңбек сіңірген қайраткер» атағын иеленуде. Мен сексенге келсем де бұл дәрежеге жетпедім. Бірақ әндерім елдің санасында жүр. Менен шыққан дүние менікі емес, ол ұрпақтікі. Сол үшін қуанамын. Менің қоржынымда жатқан әндер әлі де көп. Оны мына жастар терең зерттесе рухани байлыққа кенеледі деген ойдамын. Бүгінде қоржынымда 250-ден аса ән бар. Бәрі де кітапқа енді, – деді Мұратхан Егінбаев.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тағы қайдан тапсын кемеңгерді» деп жыр құлагері Ілияс Жансүгіров жырлағандай бұл шараның да мақсаты  соған саяды: сазгердің мол мұрасын насихаттау. Сондай-ақ, ән жанрындағы жаңа орындаушыларды таныстыру және орындаушылар арасында тәжірбие алмасу.

Қатысушылардың ешқайсысы да жүлдеден кенде қалған жоқ. Барлығына Алғыс хат пен арнайы жүлделер бұйырды. Десе де «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, екі күнге созылған байқауда көзге ерекше түскен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Асқар Мұқият үш аталым бойынша бас жүлдені қанжығалады. Оны облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев табыстап, кеш иесіне аймақ әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізді.

Марапаттау рәсімінің соңы гала-концертке ұласты. Біз де тыңдармандардың ықыласына жүгініп, қазақ елін әнмен әрлеп, күймен көмкерген Мұратхан Егінбаевтың ұрпағына берер ұлағатты ісі жаңғырып, жалғаса берсін деген ниетпен тарқадық.

Қабыл ИСА