ҚАЗАҚШАҢ ҚАЛАЙ, ҚЫЗМЕТКЕР?

Уақыты: 23.06.2019
Оқылды: 1872
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл – байланыс және тәрбие құралы. Ана тіліндегі айналайын, бауырым, қарғам, анашым, құлыным деген сөз ағайын-туыс, ел-жұрт және өскен ортаға құрметті арттырып, ыстық ықыласты оятады. Бір тілде сөйлемеген халық бір-бірінің арман-мақсатын түсіне алмасы анық. Әдеби шығармаларда салт-дәстүр, мінез-құлық, ұлттық ұстанымымыз айқын аңғарылып тұрады. Ал соңғы жылдардағы іс-қағаз, құжаттарда тілдік қорымыздың жұтаңдалып, қатайып бара жатқандығы байқалады. Мекемелер дайындаған құжаттар немесе құзырлы органдардан келген хаттардың мағынасын анық түсіне алмай жатамыз.

Құжат басында орысша дайындалып, содан кейін барып, қазақшаға аударылады. Іс-қағазды орысша ойлайтындар жазады. Мамандар ақпарат дайындағанда  сөздің қазақша баламасын дұрыс пайдаланбайды. Тіліміздің бай екенін ескерсек, синоним сөздер орнымен қолданылмайды. Мысалы, журналистерді жиынға шақырған баспасөз парағына «жиналыс өтеді» дегенді «оқиға өтеді» деп жазатындар бар. Оқиға деген қоғамда орын алған, өзгеріс тудырған бір жағдай, жайт емес пе? Жиналыс – жоспарлы түрде өтетін басқосу.

Мемлекеттік қызметкерлер аударманы мағынасына қарай өз тілімізде өрнектеудің орнына сөзбе-сөз калька жасайды. Мысалы, «жоспарлануда», «болуда», «болып табылады», «үстіміздегі жылы» деген сыңайдағы тіл көркемдігін бұзатын сөздер қорымызға еніп алды. Құжат дайындау ісі осылай қасаң сөйлемдермен жалғаса берсе тіліміз құрдымға кетері сөзсіз.

Бүгінгі таңда іс-қағаздар, мәжіліс-жиналыстардағы сөйлеушілердің баяндамалары, анықтамалар көбінесе орыс тілінде дайындалатынын жасырып қайтейік? Ал қазақ тіліндегі баяндамалар керек болып қалады-ау деген оймен қазақшаға жүрдім-бардым аударылады. Қазақ тіліндегі ақпарат көбінесе мемлекеттік тілдегі басылымдар сұраса бере салайық деген ниетте дайындалады. Мәселен, газет редакциясында мақала дайындау барысында  іс-қағаздың қазақша нұсқасымен бірге орысша нұсқасын да сұратуға тура келеді. Мұның себебі, ана тіліндегі  мәтінді түсіне алмауымызбен байланысты. Мемлекеттік тілдегі мәтін сөзбе-сөз аударылғандықтан айтайын деген ой анық болмай шығады. Кейде мамандар «Гугл аудармаға» салып аудара салады. Сөйлемнің басында баяндауыш, соңында бастауыш тұрады. Мысалы: «Сөйлеген сөзінде ауызсу тартылатыны аудан әкімі мәлім болды». Не түсіндіңіз?

Әрине, мұндай жайтты күнде естіп-көріп жүрген журналистерге, тіл мамандарына аудан әкімінің ауданға ауызсу келетіні жайлы хабарлама жасағанын бірден түсініп, сөйлемді қайтадан құрай салу оңай. Ал басқа саланың мамандары ше? Қарапайым тұрғындар ше? Олар үшін түсініксіз.

Кейбір мекеме басшыларының баяндамасын тыңдап отырып қарнымыз ашады. «Менің ойымша, биыл тәтті түбірден мол өнім алынады» деген әп-әдемі сөйлемнің алғашқы сөз тіркесін «Мен ойлаймын» деп «көсілтіп» тұратындар бар.  «Ожидается хороший урожай» дегенді «Жақсы өнім күтілуде» деп аудара салады. Оны «Мол түсім аламыз деген сенім бар» десек, келісіп-ақ кетер еді.

Қазақ тілінің заңдылығы бойынша бірінші адамның есімі аталуы тиіс. Содан кейін тегі айтылады немесе жазылады. Бүгінде барлық құжатта адамның фамилиясы бірінші жазылып жүр. Бүгінгі таңда көбінесе адамның есіміне «ұлы», «тегі» деген жалғаулар жалғанбайтындықтан адамның есімі қайсы, тегі қайсы екенін шатастырып алып жатамыз. Немесе бірнеше адамның фамилиясын алдымен, содан кейін атын жазылып, ажырату қиынға соғады. Ғаламтор желілері мәтінді сол қалпында жариялай салады. Қарап тұрсаңыз, сол мекемелердің барлығында қағазды дайындап отырған өз қандастарымыз. Бір кем дүние...

Мысалы, салауатты өмір салтын қалыптастырамыз деп алашапқын болып жүретін мекеме бар. Әр жерде спорттық жарыстар ұйымдастырып, зиянды әдеттерден аулақ жүрсең денсаулығың мықты болатыны жайлы жасқа да, кәріге де ақыл айтудан алдыға жан салмайды. Тендерден ұтып алған қаржыларын  «тиімді жарату» үшін бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялап тұруы тиіс. Жазып әкелген мақалаларының сөйлемдері төбеден түскендей. «Ауру адамды көпшілікпен араластырмау керек» дейді. Қазақ сырқаттанған адамды ешуақытта ауру адам деп атамаған. Науқастанып қалыпты, денсаулығы сыр беріп жүрген көрінеді, сырқат меңдепті деп жұқалап жеткізеді. Сырқат адамға «Кеселден құлан-таза сауығып кету үшін арнайы емдеу мекемесіне жатып емделген жөн» десе онсыз да санасы сан-саққа кетіп жүрген адамның құлағына жағымды естілмей ме? Алдағы күнге үміті оянады. Ауруы екені бетіне басылып, көпшіліктен оқшауланатынын естіген адамның орнына өзіңізді қойып көріңіз. Біткен жерім осы екен деп ойламай ма? Кейбір мақаларында «Бір жасар баласы өліп қалды» деп сөйлемді  құрайтындар да солар. Япыр-ау, қай қазақ жағдайды жүрек жаратын ауыр сөзбен жеткізуші еді?! Ондай жағдайды сырт адамның өзіне «Шетінеп кетті, қайтыс болыпты» деп жүрекке ауыр тимейтіндей жеткізбеуші ме еді?!

Өкініштісі, қызметте отырған кейбір қандастарымыздың сөйлеу әдебін білмейтіндігіне қынжыламыз. Кейбір жекеменшік басылымдар осындай мақалаларды қаламның ұшын тигізбей жариялай салады. Оны оқыған оқырманның тілі де осылай қалыптасуы мүмкін ғой. Әдетте, халық газетте жазылғанның барлығын дұрыс деп қабылдайды емес пе?

Мақала соңында Абай хакім айтпақшы, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін бай тілімізді орынды пайдалансақ екен деймін. Бізді түрлі мекеме хаттары мен баяндамаларының, алыс-беріс құжаттарының қазақша мәтіндері алаңдатады. Әкім бол,  қарапайым маман бол, қазақша сөйлем құрағанда әлдимен тербеткен ана тілімізге қиянат жасамау керектігін есімізден шығармайық.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ