ЗАҒИПТАР ҚОҒАМЫ НАУРЫЗ ТОЙЛАДЫ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 1433
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ соқырлар қоғамы облыстық филиалы Наурыз мерекесін тойлады.

Осы уақытқа дейін олар төл мерекені арнайы мейрамханаларда өткізсе, биыл аталған қоғам ғимаратының алаңында ұйымдастырылды. Аулаға аяқ басқаннан-ақ мерекеге деген жоғары дайындықты байқадық. Қазақ үй тігіліп, барлық қызметкерлер мен қонақтар ұлттық киім киген. Тоғызқұмалақ, арқан тарту, қол күрестіру сынды ойындарға көпшілік белсене атсалысты.

– Наурыз – қазақ халқының төл мерекесі. Сондықтан, бұл мейрамды өте жоғары деңгейде өткізу керек. Қазан көтеріп, самаурынға шай қойып, ән тыңдап, ойын ойнап, мерекені сезініп, жастарға үлгі көрсету мақсатында өз ауламызда өткізіп отырмыз. Ұлттық болмысымызды жаһанданудан сақтап қалу – бәрімізге ортақ міндет. Сол үшін әр дүниені кішкентайдан бастасақ, биік белесті бағындырамыз. Осындай үлкен шараны өткізуге демеушілік көрсеткен, білмегенімізді үйретіп жүрген аға, апайларға алғысымызды айтамын, – дейді  Қазақ соқырлар қоғамы облыстық филиалының төрағасы Әлікен Дәркенбаев.

Облыс бойынша 1500 зағип жан аталған орталықта тіркелген. Шараға орталық «Нұр» мешітінің бас имамы Ардақ Нүсіпхан, Еркін мешітінің имамы Омар Хадисұлы, «Талдықорған» корпоративтік қорының президенті Арман Махатов, «Қазақ соқырлар қоғамы» Жетісу оқу-өндірістік кәсіпорны қоғамы бірлестігінің директоры Жеңіс Жолдығалиұлы демеушілік көрсетті.

Мерекелік жиында аты аталған жомарт азаматтарға Әлікен Әділбекұлы Алғыс хат табыс етті. Шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ