ТІЛ – ЕЛ БАЙЛЫҒЫ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 3030
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл – басты байлығымыз, ол қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол атадан балаға мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Сондықтан әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына жол бермеуі тиіс.

«Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.
Тіл – ұлттың жаны. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды, сол елдің басты құндылығы болып табылады. Елбасы Н. Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «Мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын.
Мемлекеттік тіл – еліміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатындықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздар мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Ол дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ қалыптастыру. Ал ана тілін жақсы біліп, тіл байлығын мол қолданбайынша, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.
Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Өкінішке қарай, қазіргі таңда, әсіресе, қалалы жерде қазақтардың өз ана тілінде сөйлей алмай шүлдірлеп тұруы жүрегімізге қатты батады. Мұндайда «Өз ана тілінде сөйлеуді намыс көреді ме?» деген ойға қаласың. Сөз жоқ, бірнеше тілді меңгер, артық етпейді, алайда өз ана тіліміз қашанда жоғарғы орында тұруы қажет. Басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлегенін көргенде көңіліңе қуаныш ұялайды, бірақ өзге ұлт қазақ тілінде сөйлеп тұрғанда неге өз қазағымыз өз тілінде сөйлей алмайды деген ой мазалайды. Мен өз ана тіліммен мақтанамын, сүйемін және мемлекеттік тілді құрметтеймін! Өзімнің қазақ болып туғанымды мақтан тұтамын.

Айымжан Идрисова,
мектепке дейінгі шағын орталығы бар Алмалы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Сарқан ауданы