АЙТЫС: ЕСЕНҚҰЛДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 1678
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сарыбастау орта мектебінде халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалды музейінің қолдауымен жасөспірімдер арасында аудандық деңгейде «Ел еркесі – Есенқұл» атты жас ақындар айтысы өтті. Ақтаңгер ақын Есенқұл Жақыпбектің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен бұл айтысқа Жамбыл, Қарасай аудандарында тұратын, айтыс өнеріне ден қойып жүрген ұл-қыздарымыз қатысты.

Жыр додасына белгілі ақын Шорабек Айдаров, жыршы-термеші, ақын Әуелбек Ысқақов, Үңгіртас селолық округінің әкімі Дәурен Әбдуәли, Сарыбастау орта мектебінің директоры Гүлжанат Қожахметова, ақын Есенқұл Жақыпбектің шәкірттері Елдос Үмбетәлі мен Айтуған Жетебаев төрелік етті.

Айтысатын жұптар көрермендер арасынан шығып, жеребе таңдау арқылы белгіленді. Айтыс қорытындысы бойынша бас бәйгені Ерасыл Жұмабек қанжығаласа, Айым Асылбекқызы І орынды, Нұрбол Жауынбаев пен Әмір Сатыпалды ІІ орынды, Ермұрат Ораз бен Аят Жәнібек жүлделі ІІІ орынды қанағат етті. Өзге қатысушылар да құралақан қайтқан жоқ. Оларға арнайы Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Сөз ақын Шорабек Айдаровқа, Әуелбек Ысқақовқа берілді. Қос ақын жас өнерпаздарға ақ тілектерін жаудырды. Шорабек ақын жас жүйріктерге ризашылығын білдіріп, батасын берді.

Айтыстың жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған Сарыбастау орта мектебінің директоры Гүлжанат Қожахметова өз кезегінде азулы ақын Шорабек Айдаровтың иығына шапан жауып, Есенқұл ақынның зайыбы Меңсұлу Нағашыбекқызына да сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ, Гүлжа­нат Дүй­семханқызы ай­тыстың өтуі­не ұйытқы бо­лып, демеу­шілік жасаған Есен­құл Жақыпбектің шәкірт­тері Меруерт Орынбай, Ел­дос Үмбетәлі, Данияр Ра­қымбай, Заңғар Ерлан­ұлы, Мәди Дәуренұлы, Айтуған Жетебаев, Аяулым Жұмабекқызы, Ардақ Мырзабай, Ақан Осанов, Жалғас Садырұлы, Дулат Рахметов, Думан Аманбекке алғысын білдірді.

Мөлдір ЖОЛДАСХАНҚЫЗЫ,
Сарыбастау орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Жамбыл ауданы