Талғат ТЕМЕНОВ АҚЫЛДЫ ЖӘНЕ АҚЫМАҚ ЖУРНАЛИСТЕР ТУРАЛЫ АЙТТЫ

Уақыты: 11.04.2019
Оқылды: 1990
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өткен күзде министр Дәурен Абаевқа бардым. Дәурен жақсы жігіт, екі тілде еркін сөйлейді, білімді. «Дәуке, мына «Мәдениет» каналын жауып тастағандарыңыз дұрыс болмады. Басқа-басқа, елге, халыққа осы канал керек еді», - дегенімде ол: «Тәке, ол каналдың рейтингісі төмен», - деді.

"Өте дұрыс айтасыз. Мәдениетте ешқашан рейтинг болмайды. Өйткені, қазір мәдениеттің де, руханияттың да қоғамға керек болмай тұрған кезі, - дедім. - Бірақ өскелең ұрпақ үшін бұл ауадай қажет. Рейтингісі биік түрік, кәріс, үнді, Ресей фильмдерінен біз не ұтамыз? Не тәлім-тәрбие аламыз?" Дәурен бауырым аз-кем ойланып отырды да, Мәлика деген көмекшісін шақырып: «Мәдениет» каналын қайта ашайық» - деді. Өкінішке қарай, ол канал ақыры ашылмады.

М.Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», - деген екен. Бір жылдары осы қанатты сөзді мен өзгертіп: «Ел боламын десең, экраныңды түзе», - дегенмін. Кейін оны басқа бір журналисттер қағып алып, айтып жүрді. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі біздің көгілдір экраннан береке кетті. Әлгі рейтинг қуған журналистер телевидениеден небір сұмдықтарды көрсетіп жатыр. Отандық хабарларды көруге қорқасың. Нағыз «фильм ужасов!» Әнеукүні Ләйлә Сұлтанқызы бір арсыз қызды ел-жұртқа паш етті. Көтерген мәселесі - әлгі арсыз салдақының арын қаншаға сататыны жайлы. Ал "КТК" арнасы Дина Төлепбергеннің «Астарлы ақиқат» хабарында бір әйелдің мысық жегені жайлы, екінші бір хабарда тағы біреудің түйенің зәрін ішкені айтылып, ай-хай, шулады кеп дерсің. Тура жерден жеті қоян тапқандай мәз.

Әу, ағайын, сонда бізде бүгінгі таңда басқа әңгіме табылмаған ба? Айналайын, Ләйлә, арсыздар қашанда болған. Бар және бола беруі де мүмкін. Хош делік. Сонда осындай арсыз қызды миллиондаған көрерменге шығарғаннан не ұттың? Орыста «Есть созидатели, есть разрушители» деген сөз бар. Сенікі осы сөздің қайсысына жатады? Экран еріккеннің ермегі емес қой. Неге осындай хабарлар бізге қазір ауадай қажет боп тұр? Өйтіп жинаған рейтингінің құны бес тиын емес пе? Меніңше, мұндай хабарлар арналардан орын алмауы тиіс. Онсыз да берекесі қашып отырған елге, бала-шағасын қалай бағамыз деп отырған аналарға, жұмыстан қажып келген ер-азаматқа осындай сұмдық-сұрқия хабарлардың көрсетілетін жөні ме? Жо-жоқ. Бүгінде бізге басқа тәлім-тәрбиелік жөні бар хабарлар қажет. Иә, иә, ондай хабарлар жасау үшін талант керек, ақыл керек, жүрек керек, сезім керек, Елге деген үлкен сыйластық керек.

Менің қазіргі ұққаным: «Ақылды журналист халықты ақылға, абыройға жетелейді, арсыз, ақымақ журналист халықты сұмдыққа жетелейді». Абай болайық, қарындастарым.

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның Халық әртісі

"Facebook" парақшасынан алынды