ПСИХОЛОГИЯ: МЫҢНАН АСТАМ МАМАН ДАЯРЛАНДЫ

Уақыты: 19.04.2019
Оқылды: 1219
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазір 25 000-нан астам студент білім алуда, оларға 2000-нан астам оқытушы сабақ береді. Бір кездері ол Верный ерлер гимназиясының орнында құрылып, содан бері Қазақстандағы көшбасшы оқу ордасы болып саналады.

Қазақ Мемлекеттік Университеті 1933 жылы 20 қазанда құрылды. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі «Қазақстан үшін кадрлар даярлау туралы» № 2293 Қаулысын қабылдады. 1934 жылдың 15 қаңтары университеттің ресми құрылған күні ретінде тарихқа енді. Енді, міне, биыл 15 қаңтарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 85 жыл толып отыр. Осындай атаулы күнге орай ҚазҰУ студенттері мен түлектері Мәңгілік Ел қақпасының алдында флешмоб та ұйымдастырды.

Бүгінде ҚазҰУ әлемдегі 800 ең үздік университет арасында 220-орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде 16-орынға алға шықты. Еліміздің жоғарғы оқу орны арасындағы бірінші ҚР Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының иегері атанғаны да үлкен жетістік.

«Жалпы және этникалық психология» кафедрасының тарихы 1948 жылдан бастау алады. Кейіннен 1980 жылы психология кафедрасы бөлініп шығып, меңгерушісі болып Қ.Жарықбаев тағайындалды. Ал 1991 жылы қазақ бөлімі ашылып, бүгінде алғашқы түлектері Ж.Сейітнұр мен Э.Қалымбетова кафедра доценттері қызметінде. Қазіргі уақытта кафедрада жоғары білікті оқытушылар құрамы дәріс оқиды.

«Психолог» мамандығы қазіргі уақытта әлемдегі ең танымал мамандықтардың бірі. Бүгінгі таңда психологиялық ғылым, білім беру, бизнес, саясат, басқару, медицина, жарнама сынды салаларда жарқын іздерін қалдыруда. Психология бөлімін 20 жыл ішінде 1000-нан астам маман тәмамдаған. Олардың көпшілігі өз саласындағы жетекші маман ретінде  Ресей, Австрия, Англия және АҚШ-та қызмет атқаруда.

Психология – болашақтың мамандығы. Сондықтан, шоқтығы биік шаңырақтан білім алып шыққан білімгерлер келешекте өз деңгейінде жұмыс істейтініне сенім мол.

Аяулым МҰРАТБАЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «психология» мамандығының 4-курс студенті

Н.САДЫҚОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «жалпы және қолданбалы психология» кафедрасының доценті