НАЗАРБАЕВ ОҚУШЫЛАРЫ АҚЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 1513
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жастар жылы аясында Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Алматы облысының ақын-жазушыларымен кездесті.

«Туған елім - үміт оты жанған жерім» атты басқосуға Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Сағыныш Намазшамова, жас ақын, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мұхтар Күмісбек қонаққа келді.

Кездесу мектеп оқушыларының орындауында «Балбырауын» күйімен ашылды. Іс-шарада білімгерлер ақын-жазушылардың өмірбаяны мен шығармаларынан мәлімет берді. Содан кейін «Жас қаламгер» клубының мүшелері қонақтарға өз өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Жазушы Ерлан Жүніс «Хауас», «Ғаусар», «Киелі түндердің дұғасы», «Үміт жырлары» атты жыр кітаптарының жазылуы, ондағы кейіпкерлер жайлы айтып өтіп, «Нараду» поэмасынан үзінді оқыды. Ал Сағыныш Намазшамова көпшілікке өз әнін тамылжыта шырқаса, сондай-ақ, жас ақын Мұхтар Күмісбек «Алфавиттегі алты әріп», «Арман тамшылары» атты жыр жинақтарымен оқушыларды таныстырды. Жетісу өлкесінің дарынды перзенттері өздерінің жүрекжарды өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Кездесу кешін педагог-тәрбиеші Гүлнар Сейдахметова қорытындылады.

- Міне, бүгін  білімгерлер, сендер осы туған жерге, туған өлкеге, оның мәдениетіне, әдебиетіне өзінің шығармашылығымен, талантымен үлес қосып жүрген жас ақын-жазушылар жайлы білдіңіздер және көркем шығармаларынан үзінділер оқып, эстетикалық рухани тәрбие алып, саналарыңызды рухани жаңғырттыңыздар, - дей келе, іс-шараға қатысқан қонақтарға алғысын жеткізді.

Кеш соңында Назарбаев Зияткерлік мектебінің интернат меңгерушісі Гүлнар Аукенова келген қонақтарға естелікке сыйлықтар тапсырды. Ал кеш қонақтары өздерінің кітаптарын кітапханаға тарту етті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"