Ақын. Сазгер. Журналист

Уақыты: 28.04.2019
Оқылды: 1550
Бөлім: РУХАНИЯТ

– Алло, Ғабеке, сізде Жұман Қабдолдаев ағаның Ілияс Жансүгіров жайлы естелік қолжазбасы бар деп естідім.  Соны қарап көрсем қалай қарайсыз?
– Кел,  газетке шығарсақ тіпті жақсы болар еді
, – деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбаев. 
Ақ қағазға көк сиямен жазылған мәтінді Ғабитке Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Алтын Бүркеева табыстап кеткен екен. Ғабит Тұрсынбайұлы өзіне тән сабырлылықпен мұқият сақталған қолжазбаны ашып, алдыма қойды. Екеулеп оқи бастадық. Құрметті оқырман, сол  хаттың  мәтінін қаз-қалпында сіздерге ұсынып отырмыз.

Ақсу ауданының Басқан ауыл советінде тұратын қазіргі тұрғындардың ата-бабалары 1930 жылдарға шейін Тал-тал (қазіргі отгон) аймағын қыстайтын. Солардың бірі болып менің әкем Қабдолда да Тал-талдың «Баубектің Талды құдығына» таяу орналасқан үш бөлмелі өз үйімізді қыстаушы еді. Бұл жерден 10-15 км. жерде Ілияс Жансүгіровтің (Қайнарлардың) ауылдары болды. Ірі той-томалақтарда осы ауылдардың тұрғындары араласып кететін еді. Сол балалық шағымның бір есте мәңгі қалғаны – 1927-28 жылдардың бір құтты күні Ілияс ағаны көргенім. Сол кісіден алған әсерім болды. Алматыдан ауылына келіп жүрген Ілияс қасында бір жігіті бар (ол да қалжыңбас, өлең де айтады), атшанамен біздің үйге келді. Үстінде ішік болу керек, басында түлкі тұмақ, ақ пимасы бар. Қара костюм- сымының қалталарынан папирос алып тартуы, шақша мұртынан шылым түтінінің бұйраланып шығуы маған өте ұнағаны әлі есімде. Папиростың сабақтарын (трупчатка) жинап алып, жасырып тартып үйренген шылымды күні бүгінге шейін тартамын. Қалталы қара сымына еліктеп, тері шалбарыма шуда жіппен дорба тіккеніме әжем мен әке-шешемнің күлгендері әлі көз алдыма елестейді. Өзімен ала келген дәу табақ қағазға баспамен басылған «Еңлік – Кебек» әңгімесін екі түн оқыған қоңыр дауысты әні әлі есімде. Ол әнін әкемнің кішкентай домбырасына сүйемелдеді. Ақын қонақ келіпті дегенді естіп ауыл-ауылдан жастар жиналды. Сауық болды, айтысты, түрлі ойындар болды. Келіншектерге арнап айтқан өлеңдерін «Шилі өзек, қамыс-ай, бізді ойлай жүр таныс-ай» деп қайырады. Осы ән сол кезде бірден біздің ауылдан ауыл-ауылға тарап кетті. Осы қазірдің өзінде қазақтың  11  буын өлеңін оқысам Ілиястың «Еңлік-Кебекті» оқыған әні ойыма түседі. Сол «Еңлік-Кебекті» біздің үй ішіміз әнімен жаттап алдық, кейінге дейін жатқа айтып жүрдім. Естелігімде көрсеткенімдегі 1932-36 жылдары Алматыда балалар үйі арқылы кооператив техникумында (директоры Бөлебай Исабеков) оқып жүргенде жерлес есебінде Ілиястың үйіне барып жүретінбіз. Сонда Ілекеңнің қайнарлының  жиені болсаң өлеңші-әнші болуың керек қой дегені маған үлкен әсер бергендей болды. Соған ерлегендей мектепаралық ойын-сауықтар жарысында «Шилі өзек, қамыс-ай», «Балқадиша», «Ауылымдай», «Кәрібай шал» деген әндерді орындап, құрметке бөленуші едім. Бұл әндеріме директорым болған Бөлебай Исабеков әлі де куә болады. Қапал педучилищесінде оқып жүріп, оқушылардың ән-күй үйірмесіне жетекші-ұйымдастырушы болдым. Кеңес армиясы қа-тарында саптық әндердің басталуы маған тиісті еді, әрлі де болып орындалатын. Майданнан жазған хаттың көбін өлеңмен жазушы едім, оған арнаған әндерім де болды. Кейін өзгертіп айтып жүрдім. «Қалқама»  деген әнімді осы күні «Қалай көресің», «Өзің біл»  деген әнімді «Неліктен» деп атап жүрмін. Осы күні бір өлең жазайын десем, соған лайықты ән де пайда болады. Осы күннің өзінде ғана 30-дан астам әндерім бар, сөзін де өзім құрастырдым. Соның 1-2-уі ғана газет-журналдарда жарияланды. Басқасы әлі өлі есебінде. «Өлең – ән шығаруыма, әндерді мәнерлі орындауыма алғаш рет әсер беріп еді-ау дегендей, Ілиястың «Шаттық жыры», «Ағынды менің Ақсуым», «Домбыра» деген өлеңіне арналған әндерім де бар. «Құлагер» поэмасын құрметтеп, «Құлагер» деген әнді өлеңімен шығардым, олардың бәрі өз ішімде ғана жатыр. Екіншіден, тіл-әдебиет сабағын оқытушы әрі ақын, әрі әнші, тіпті бір өлеңдердің иесі болуы шарт деп түсіндім. Міне, осылардың көбінен толық мағлұмат бар, тек нота оқымадым, білмеймін», – деген екен Жұман Қабдолдаев өз қолжазбасында.

Халық әні атанып кеткен «Шилі өзек, қамыс-ай» әнін Ілиястың шығарғаны талай жерде дәлелденген.   Ақсулық азамат,  Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс Өмірсерік Қалиев аға кезінде  бір әңгімені  жырдан қызық етіп айтып берген еді.  
...Бірде Қали Жөкебаев пен Жұман Қабдолдаев жерлестері Ілияс Жансүгіровтің үйіне қонаққа барады. Ілекең ақсулықтарды жақсы қарсы алып, Жұманның орыс тілін үйреніп, білім мен өнерге құштарланып жүргеніне ризашылығын білдіреді.  
Ілекең дастарқанда отырғанда өзі жайлы да сыр шертеді. Ақсудағы жер аттары  туралы біраз әңгіме айтады. Ақын өз әңгімесінде  егін суару үшін Ақсу өзенінен арық қазылғанын, сол  атыздың бойынан Ойтоған, Бұрған елді мекендері пайда болғанын қолмен қойғандай айтады.

Өзінің   Дөңшидің етегіндегі Шилі сай деп аталатын жерде дүниеге келгенін әңгімелеп береді.  Содан өзінің «Шилі өзек» деп аталатын әнін  қоңыр дауысымен  екі-үш рет қайталап, орындайды. Әңгімелесіп отырғанда әннің авторы өзі екенін айтады. «Шилі өзек, қамыс-айды» жерлес інісі Жұманға айтқызып көреді.  Әнге жаны құмар жас әнші жерлес ағаның сазын нақышына келтіре орындайды. Автор жас әншіге разы болады. Ұстаз, сазгер, соғыс ардагері Жұман Қабдолдаев Ілияс Жансүгіров ұсталып кеткен соң бұл оқиғаны ешкімге айтпай, талай жылдан кейін барып Өмірсерік ағаға қаз-қалпында баяндап берген екен.

Құлагер ақынның бір бойында барлық өнер топтасқан. Ол  Әсеттің   «Інжу-маржан»,   Балуан Шолақтың  «Ғалия»,   Біржанның  «Бурылтай»,  Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз»,  Ақан Серінің «Сырымбет» және» Екі жиренін»  орындағанда көпшіліктің құлақ құрышы қанғанын көз көрген замандастары  айтып, жазған еді.

Ілиястың  айтыс ақыны болғандығы жайлы  жақсы білеміз.  Ақын Айтолық, Тойымбала, Әлиша сынды ақындармен айтысқандығы сөзімізге  дәлел.  Ілияс Жансүгіров Мәскеуде Әдебиет институтында   оқып жүргенде фольклорист, қазақтың музыкасын зерттеуші Александр Затаевичпен танысып, талай әнді өзі орындап, нотаға түсірткен.  «Қазақтың 500 әні мен күйлері» деген  кітапта А. Затаевич Ілиясты Жетісу өңірінің ән, күйлерін шебер орындаушы және шығарманың қыр-сырын жақсы білетін, қазақтың ауыз әдебиетін оның музыкасын жоғары бағалайтын, келешегі үлкен ақын және журналист деп бағалайды.  
Ілияс Жансүгіровтің сазгерлік қасиеті жайлы жары Фатима Ғабитова «Ілияс сазгер де болған» деген мақаласында жазған еді.  Онда ақын  «Жастар ұраны» деген өлең шығарып, әнін балаларға үйреткендігін  айтады.  Алматыдағы Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген балаларға үйретіп, Май мерекесінде хормен орындағанын жазған.   Ілияс балдырғандарға арнап, «Төрт түлік жыры», «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Бақа-бақа, балпақ» өлеңдерін шығарған.  
– Осы бақа туралы әнін Ілекең Үміттің кішкентай кезінде бір жеңіл әуенге салып, айтушы еді. Сол өлеңдерінің біразы «Балдырған»  атты жинағымен жоғалып кетті. Осы күні айтылып жүрген «Шилі өзек, қамыс-ай» халық  әні атанып кетті, – деп өткен күндерін еске алған еді ақын жары.

Ақынның көптеген өлеңіне әндер жазылып, орындалуда. Мәселен, «Домбыра» деген өлеңіне Дәнеш Рақыш аға ән жазған еді. Бүгінде оны дәстүрлі әнші Нұржан Жанпейісов орындап жүр. Сондай-ақ, «Ағынды менің Ақсуым», «Шаттық жыры», «Молықбайдың нар қобызы», «Таң»  өлеңдеріне композитор Мэлс Керейбаев ән шығарды. Бұл әндерге  үлкен концерттерде көптің құлақ құрышы қануда.  
Биыл – Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы.  Атаулы күн қарсаңында Ілекеңнің өлеңіне ән жазып жүрген сазгерлер арасында байқау өткізсе, нұр үстіне нұр болмас па еді? Шығармашылығы кеңінен қанат жайып, өлеңіне ән жазушылар қатары өсері сөзсіз.

Гүлжан ТҰРСЫН