NIS - ҮЗДІКТЕРДІҢ ОРДАСЫ

Уақыты: 30.04.2019
Оқылды: 1661
Бөлім: РУХАНИЯТ

Назарбаев зияткерлік мектебі туралы сөз қозғамас бұрын алдымен білім ордасына барып, алған асулары мен жеткен жетістіктерін бір көріп қайтқан дұрыс деген пікірге келдім. Өйткені, көпшілік ішінде мұндай әлеуеті мықты мектепке қарапайым адамдардың қолы жете бермейді деген түсінік те жоқ емес. Алайда барған адамның сырттай кесіп-пішкен «кереғарлау» көзқарасын жаңашылдыққа толы оқу жүйесі, шабыттанған оқушылардың жүзі, заманауи талаптарға сай дәліз бен көрнекілік құралдарына бай кабинеттер бірден өзгертіп жібереді. «Мың рет естігенше, бір көрген артық» деген тәмсілге сүйене отырып, біз де Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің табалдырығын аттадық.


АЙҚЫН МАҚСАТ

Бірде телеарна жаңалықтарынан 17 жасында көпті таңғалдырып, адам сенбес жетістікке жеткен Ваня Крепак туралы репортажды көрдім. Ол ересек адам ғұмырында қол жеткізбеген биіктерді бағындырыпты. Қазақ тілінде таза әрі еш мүдірместен өзі туралы, идеялары мен жоспарлары туралы айтқанынан жүрегінің тазалығын байқадым. Әлгі сюжеттен Ваняның мемлекеттік тілде білім алып, қазақша ойлайтындығы сезілді. Одан бөлек, оның еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесін бойтұмар ретінде тағатындығы қызықтырды. Ол Елбасы арқылы туып-өскен жері – бүкіл ұлы қазақ даласына шексіз құрмет көрсетіп тұр деген ой келді.

Иван Крепактың Алматы қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы екенін білгенде онымен жеке танысып, әңгімелесуді ойладым. Тек онымен ғана емес, талантымен көзге түскендердің қабілет құпиясын, көпшілік тіліндегі «элиталы» мектепте кімдердің баласы оқитындығын білсем деген ынтызарлығым арта түсті. Білім ордасында оқитындардың 80 пайызы қарапайым отбасынан шыққандығын білгенде таңданысымды жасыра алмадым. Бар айырмасы, олардың алдына мақсат қоя білген қабілет-қарымында, оқуға деген ерекше ынтасында екен.

Білім ордасы жайлы қалам тербеу туралы ойым ақыры іске асты. Алдын ала хабарласып, белгіленген уақытта ғимаратқа келдім. Журналистік қызығушылығым артып, айналаны зерттеумен болдым. Кең аумақ, жарық және үлкен корпустар, жөнге қойылған бақылау жүйесі, жайдарлы қызметкерлер және дәлізде өзара әңгіме-дүкен құрып, белгілі бір сұрақ төңірегінде пікір таластырып келе жатқан оқушылар алыста қалған балалық шағымды еске түсірді.

Кіреберісте мектеп директоры күтіп алды. Қарапайым әрі әрбір дүниесі қыздың жиған жүгіндей ретпен орналастырылған кабинетке беттедік. Басшының риясыз күлімсіреген бейнесі оның өз ісіне берілген жан екендігін аңғартты. Ал мен болсам ол кісіні басқаша елестеткенмін. Төбеден тіл қататын, мансабына мастанған адамдарды да журналистік өмір жолымызда талай кезіктірдік. Бірақ қарсы алдымда өзіне бірден сенім ұялататын ұстаз тұрды. Кішіпейіл мінезі кез келген сауалыма жауап беруге дайын екенін аңғартты.

Шынымен де, Гүлфарида Раисова – өз ісінің нағыз маманы. Ол өмірінің 32 жылын ұстаздыққа арнаса, 22 жыл басшылық қызметте жұмыс атқарды. Әңгімелесу барысында әрбір сұраққа жауабын қолындағы қарындашымен таза параққа сызып, егжей-тегжейлі дәлелмен түсіндірді. Әдетте тәжірибелі жаттықтырушы-кеңесшілер ғана осы әдісті қолданады. Соңынан оның республика көлемінде математикалық ғылымдар саласында сұранысқа ие жаттықтырушылардың бірі екендігі белгілі болды. Оның анықтамалығы тек мектептерде ғана емес, жоғары оқу орындарында да пайдаланылады.

Мектептің күнделікті өмірі туралы баяндаған директор түлектердің альбомын ашып, бүгінде кімнің қандай жоғары оқу орнында жүргендігін айтты. «Қараңызшы, мынау талантты түлегіміз Нұрдәулет Асылбек туралы ақпарат. Ол Сингапурде білім алуда. Әлі күнге дейін қарым-қатынасымыз жақсы. Нұрдәулет тек оқуда жеткен жетістіктерімен ғана емес, шетелде білім алатын білімгердің қиындықтары туралы да әңгімелейді. Мысалы, ол алғашында копирантинг жұмысын жүргізе алмайтын. Яғни, ағылшын тілінде эссе жазудан қиналды. Біз осыны негізге алдық. Енді ағылшын тілінде кітап оқып, шығарма жазу – оқушыларымыздың күнделікті міндеттерінің бірі. Тіпті, бұл іске ата-аналары да қосылып, балаларына сыйлыққа кітап ұсынады». Одан кейін директор бүгінгі мектеп оқушыларының жеткен жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ, директордың айтуынша, тәрбиеленушілер «Қызығушылық клубтары», «Туған елге тағзым», «Ата-ана жұмысында», «Қоғамға қызмет», «100 кітап», «Қазақтың 100 әні», «Тедикс» сынды қоғамдық-тәрбиелік, танымдық-ағартушылық жобаларда жеңіс тұғырынан көрінген. Мектеп басшылығы тарапынан ата-анамен қарым-қатынасты жақсарту үшін спартакиада, спорттық жарыстар, жиындар ұйымдастырылады. 

Альбомды ақтарып, оқушылары жайында қызығушылықпен әңгімелеген Гүлфарида Бабағұмарқызы: «Жетістік жетістігімен, бірақ біздің ең басты байлығымыз – оқушыларымыз. Олар – еліміздің сенімді болашағы», – деп мақтанышпен қайталаудан жалықпады.

ЕЛБАСЫ БАСТАМАСЫ

Биыл Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 5 жылдық мерейтойын атап өтті. Оның тарихы еліміздегі сынақ бағытындағы НЗМ-дерден әлдеқайда кейін, 2014 жылдан басталады. Мектеп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бастамасымен бой көтерген. Білім ордасындағы зертханалар жаратылыстану ғылымдарына қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Оқу сыныптары мен зертханалардан бөлек, заманауи спорт залы, музыка кабинеті, акт залы, қысқы бағы, асханасы, дәріс және мәжіліс залы, интеграционды және техникалық орталық, телестудия, кітапхана, психология кабинеті бар. 

Ғимарат ішіндегі медициналық орталық арнайы жабдықталған. Онда тіс дәрігері, педиатр, ем-дом және физиокабинеттері оқушыларға қызмет етеді. Оқу блоктарының бірінде нано және биотехнологияны зерттеу, химия, физика, шетел тілдері, тарих, география, математика, информатика, АӘД кабинеттері орналасқан. Сонымен қатар, техниканың соңғы үлгісімен жабдықталған зертхана бөлмелері бар.

Аталмыш мектеп 864 орынға арналған. Білім ордасының ғимараты 75 оқу сыныптарынан тұратын 7 блокты қамтиды. Олардың ішінде математика, интеграция, техникалық модельдеу, нано, биотехнология, робототехника, физика, химия, биология және жеке зерттеулерге арналған зертханалар бар. Бір сөзбен айтқанда, мектеп біздің қатарлас буынның үш ұйықтаса түсіне кірмеген ғимарат. Бүгінде мұндай мектепті кез келген мемлекетте кездестіре бермейміз.
2016-2018 жылғы түлектер республика бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Бүгінде әлемнің танымал жоғары оқу орындарында осы мектептің көптеген түлегі білім алуда. Атап айтсақ, АҚШ-та  3, Канадада 6,  Еуропада 17, Кореяда 14, Гонконгта  25 оқушы НЗМ берген білімді ары қарай жалғастырып жатыр.

Оқушылардың нәтижелері мен жеткен жетістіктері туралы ақпарат тақтасына мұқият үңілгенде таңданысым да болды, кеудемді мақтаныш сезімі де кернеді. Өйткені, есімдері әлемге танылған шәкірттер тек мектептің ғана емес, кең-байтақ жеріміздің де атын шығарып жүр емес пе?!

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

Қазіргі қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы жеке тұлғаға деген еркін, бастамашыл, шығармашылық, жоғары деңгейдегі рухани байлық пен ақыл-ойға сұранысты қалыптастырып отыр. Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің міндеті – өсіп келе жатқан шәкіртке көмек қолын созу. Оған қосымша білім беріп қана қоймай, рухани және зияткерлік дамуына, азаматтық санасының қалыптасуына ықпал ету. Қойылған міндетті шешуге ұстаздар қауымы сабақ барысында көмектесіп, сыныптан тыс тәрбие жұмысын өткізуде. Соның өзінде жоғары нәтижеге балалармен емін-еркін сөйлесе алатын ұстаздар ғана жетеді. Осы орайда білім ошағында 131 мұғалім қызмет етеді. Оның 8-і – жоғары кәсібилікке ие халықаралық дәрежедегі ұстаз. Сондықтан болар, мектеп шәкірттері республикалық «Nurintech» инновацилық жобалар байқауында жеңіске жетуде.

«Nurintech» жобасына қатысқан 1000-ның ішінен жүлделі орындарды НЗМ намысын қорғаған оқушылар иеленуде.  «Жастардың инновациялық жобасы» номинациясында физика-математикалық бағыттағы мектептің шәкірті Любовь Дудченко жеңіске жетті. Ол туристік кластерді және Алматыдағы тау туризмін дамытуға бағытталған «JoARney» жобасын ұсынды. Мектеп оқушысы мобильді қосымшада тау-кен орнының моделін жасап, оны шындыққа жанасатындай етіп визуализациялады. Әзірлеген жобасы үшін миллион теңге ұтып алды.

«Nurintech» жобасында жеңіске жету мектеп үшін дәстүрге айналған.  Мысалы, 2017 жылы Люба Селимжан Чалышкан екеуі бірігіп, «Әлеуметтік маңызды инновациялар» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болып, миллион теңгені қанжығалаған.

Жоғарыда осы мектептің 12-сынып оқушысы Иван Крепак туралы айтып кеттік қой. Ваня – робототехник, мобильді қосымша шығарушы, ақпараттық қауіпсіздік саласының маманы, робототехника және компьютерлі технологиядан өткізілген көптеген олимпиаданың жеңімпазы. Ең бастысы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының бірі болған мектеп мақтанышы. Жобаға қатысқан 2000 қатысушының ішінен 29 үздік іріктеліп алынған. Олар «Қазмедиа» орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, қабылдауында болды. Іріктелген үздіктердің ішінде Ваня да бар.

Тұңғыш Президентпен әңгімелесу барысында дарынды оқушы: «Мен керемет мектепте білім аламын. Ол – Алматыдағы физика-математикалық бағыттағы НЗМ. 2014 жылы арманымдағы мектепте білім алуға грант ұтып алдым. Бүгіннен бастап сіздің және елімнің артқан үмітін ақтауға бар күш-жігерімді саламын», – деп өзінің алған әсерімен бөліскен еді. 

ACT және SAT SubjectTests халықаралық емтихандарында жоғары нәтиже иеленген 12-сынып оқушысы Ақназар Қожамұрат та мектеп мақтанышы. Тестілеудегі 2400 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берген. Бұл оның әлемнің кез келген оқу орнын таңдап, оқуына мүмкіндік береді. Ақназар жоғары рейтингті және беделді оқу орындарының бірі Гарвард университетін таңдады. Түлектің айтуынша, шетелде алған білімі мен тәжірибесін елінің өркендеуі мен дамуына бағыттамақ. SAT Subjecttest емтиханын АҚШ-тағы жоғары оқу орындарына түсу үшін де тапсырады. Тест білімгердің таңдауына қарай пәндерден сауаттылық деңгейін көрсетеді. Ақназар математика, физика және биологияны таңдап, әр пәннен максимальды 800 балды жинады. 

Ұстаздары Ақназардың ерекше талант иесі екендігін мақтанышпен айтады. Ол еш қиналмастан барлық саланы меңгере алады. Бұл жөнінде Ақназар: «Өзімді ерекшемін деп санамаймын. Жеткен жетістігімнің барлығы – НЗМ оқу жүйесінің және еңбекқорлығымның нәтижесі», – дейді. 

Harvard University – бірегей әрі екінің бірі қол жеткізе бермейтін бренд. Бұл Зияткерлік мектептің шәкірттеріне қатысты айтылмаса керек-ті. Өйткені, биылғы оқу жылында Гарвард университетінің арнайы грантын осы мектептің түлегі иеленді. Селимжан Чалышкан – Қазақстандағы НЗМ-дегі таланттылар қатарындағы ең жарық жұлдыз іспеттес. Халықаралық дәрежедегі бірнеше жоғары медаль иегері жоғары биологияда ғана емес, инновациялық жобаларды құрастыруда да феноменальді нәтижеге қол жеткізген.

Жоғарыда есімі аталған талант иелері бұл мектепте өте көп. Барлығының есімі мен нәтижелерін газеттің бір мақаласы аясында жазу мүмкін емес. Орайы келгенде, алдағы уақытта «Таланттылар шоқжұлдызы» тақырыбындағы тағы бір мақалаға арқау болар деген үмітіміз де бар.

P.S: Сапар соңына Гүлфарида Бабағұмарқызынан уақытының қанша бөлігін жұмыста өткізетіндігін сұраған едік. «Ұйқыдан басқа уақыттың барлығын», – деп тіл қатты ол. Ұстаздың жауабы осындай. Соңынан маған мекеменің бас ұстазының отбасы Өскемен қаласында екендігі түсіндірілді. Жүрек қалауымен НЗМ деңгейін жоғарылатуға көмектесіп жүрген тәжірибелі директор бұған дейін Петропавл, Өскемен қалаларындағы зияткерлік мектебінде басшылық қызметін атқарыпты. Сарапшы ұстаз ретінде басқа да білім ордаларына көмек қолын созған. Өз ісінің шебері деген осы болар?!

 

Забира САЙДИЛЬДИНА,
Қазақстанның Құрметті журналисі