КЕНЕСАРЫ-НАУРЫЗБАЙ: ҚОРҒАЛМАҒАН ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

Уақыты: 02.05.2019
Оқылды: 1985
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әкем Жолсейіт Есбайұлы әйгілі Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің шәкірті болғанын әрдайым мақтан тұтатын. Өз заманының антына адал ұстазы болып шәкірт тәрбиелеген әкемнің балалық шағы, ұстаздық жолды таңдағаны, сол кезде ҚазМУ аталған қара шаңырақта ұлағатты адамдармен жолығып, шәкірт, дос атанғаны, өзінің де ұстаз болғаны жайлы жүрек қылын қозғар әңгімесі көп еді. Бүгін соның бір парасын оқырманға мен де сыр қылып шертпекпін.

Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері Кеңес тұсында көмулі қалған құпия тарихтың талай дерегі ашылып келеді ғой. Егемен ел атанғалы бері қаншама уақыт өтсе де, ол қаралы тарихтың бар қойнауын әлі де толық ақтарып үлгермегеніміз анық. Халықтың тұлғалы жандарын қидай сыпырып алып кеткен нәубет жылдардың кейіпкері Есбай ақсақалдан тараған ұрпақ жайында әңгімелемекпін бүгін.

Жетісу өңірінде Төңірекқұршын деген елді мекен бар. Жамбыл ауданы жұртына даңқы шыққан Есбай беделі артқан жандардың бірі болыпты. Көз көргендердің әңгімесіне құлақ түрсек, ел ішіндегі түйінді мәселелер Есбайдың төрелігінсіз шешілмейді екен. Отызыншы жылдары «асыра сілтеудің» бұл өңірді ішінара айналып өтуі, 1931–32 жылдары ашаршылық нәубетінен ауыл тұрғындарын мүмкіндігінше аз шығынмен өтуі Есбай секілді ел қамын ойлайтын азаматтардың арқасы дейді білетіндер. Алатаудың күнгейіндегі қырғыз туғандардың ішіндегі ең бай, беделді адамына күйеу болған Есбай НКВД-ның қуғынына ұшыраған біраз азаматтарды тау асырып жіберсе, ашаршылық кезінде бергі жаққа тары-бидай тасып, біраз жұртты ажал тырнағынан арашалап қалғанын інісі Ахмет атам көзіне жас ала отырып әңгімелейтін. Қайын атасы Данияр қырғыздың Тоқпақ жағында өмір сүріп, артель, кейіннен ұжымшар басқарыпты. Күйеубаласы Есбай атамыз барғанда қолын мүмкіндігінше бос қайтармапты. Солардан әкелген тұқымдық тарыны сеуіп, отыз екінші жылғы ашаршылықтан аман-есен қалғанын әңгіме өзегіне өзі де айналдырып отыратын еді.

Есбай ақсақал Әсел атты жарынан Әпсейіт, Нұрсейіт, Жолсейіт, Тоқсейіт, Құлсейіт атты ұл сүйеді. Құлсейіт ашаршылық кезінде шетінеп кетіпті. Әжеміз  қыз тапсам деп жүріп  құрсақ көтеріпті, сол арманы орындалып, дүниеге қыз әкеледі. Бірақ толғағы ауыр болады да 1941 жылы қайтыс болады, қызы да шетінеп кетеді. Ұлы Нұрсейіт болашағынан мол үміт күттірген, білімді әрі белсенді болған, соғыстың алғашқы күндері-ақ өзі сұранып майданға аттанады. Ленинград майданында соғысып, 1943 жылы хабар-ошарсыз кетеді. Үлкен ұлы Әпсейіт алдымен орыс-фин соғысына қатысады, кейін неміс басқыншыларына қарсы айқасып, ауыр жараланып елге оралады. Тағы бір ұлы Тоқсейіт «ат тұяғын тай басар» дегендей, Бірлік сегізжылдық мектебін он жылдай абыроймен басқарып, зейнеткерлік демалысқа шығады.

Мақаламыздың басты кейіпкері – әкеміз Жолсейіт Есбайұлы соғыс басталғанда он үштегі жас бала екен. Қатары секілді тылдағы ауыр жұмыста маңдай тері тамшылап еңбек етеді. Көктемде арайланып таң атқаннан ымырт қараңғылығына дейін өгізбен жер жыртады, жазда шөп шабу, оны жинау, күз болғанда бидай бастыру, астықты өгіз арбамен мықшыңдап  орталыққа тасу – колхоздың таусылмас тіршілігіне араласады. Қақаған қыста шөп тасып, тұқым тартып титықтап шыққан арық өгізбен күн ұзын соқа тартады. Астық бастыруға дәрмені зорға жететін жануардың сауырын қамшымен сабалай бергеннен соң қызыл ала қан, арқасы шоқпыт-шоқпыт жауыр болған өгіз үстінде ертен кешке дейін тамағы жыртыла айғайлап, дойыр қамшы қарын талдырып, әбден титықтаса да, майданда жүрген ағаларының, әкелерінің амандығын тілеп, еңбек етіпті. Таңдайы кеуіп, қарны ашып, қамшы сілтеуге әлі құрып, басы айналып, көзі қарауытып, сүрініп құлауға айналғанда ат ойнатып, бишігін шиырып келген бригадирден қорғалақтап жұмысын істей беретін әкемнің ол күндерден тарқатып айтар естелігі мол еді. Бірақ әр әңгімесінің түйіні «атадан жақсы ұл туса» деумен аяқталатын.

Иә, қанша, шаршап-шалдықса да, 13 жасар бозбала ата жолынан, әке жолынан ауытқымай, қандай жағдайда да елге, жерге көмегім тисін деп еңбек еткен екен. Арада біраз жыл өткен соң, ұлы Мұхаңның дәрісін тыңдап, шәкірт атанған бақытты бір шақтары сол бір ауыр күндердің өтеуіне келген болар, кім білсін?

Әкем бала күнінде сот боламын деп шешеді. Онысын өзі былай деп еске алатын:«Соғыс кезі ғой. Бір күні тары көжені  ішіп алғаннан соң демалып алайық деп мая сабанның ішіне кіріп қисая кетсек, ұйықтап қалыппыз. «Мен ұрлық қылған түні Ай жарық болыпты» дегеннің кері келіп, ұйықтап жатқан Тұрғанқұл екеуміздің үстімізден бригадир Бектұрған түседі. Содан екеумізді айдалған егістік үстінде қуалап жүріп сабайды. «Аяңызшы, енді бұлай істемейміз», – деп шырылдасақ та қарамайды. Осы оқиғадан кейін Тұрғанқұл: «Соғыс бітсін, екеуміз Алматыға барып соттың оқуына түсеміз. Сен прокурор, мен сот болып, Бектұрғанды неге соғысқа бармағанын анықтаймыз, сөйтіп түрмеге жабамыз», – деп екеуміз сөз байластық»

Алайда әкемнің сот боламын деген ойын ағасы құптамаған екен. «Тұрғанқұл екеуміз арман қуалап 1947 жылы Алматыға келіп, КазМУ-дың заң факультетіне құжаттарымызды тапсырдық. Осы кезде ҚазПИ-де оқып жүрген жақын ағам Молдақасым Халықов кездесіп қалып: «Сот болып қайтесің, өкіметтің тапсырмасын орындаймын деп, ақ-қарасын анықтамай біреуді соттайсың. Оның бала-шағасының көз жасына қаласың. Қарғыс арқалағанша алғыс арқала, одан да мұғалім бол», – деп ақылын айтты», – деп еске алып отыратын.

Ол кез Сталиннің заманы ғой, әділетсіздіктерді көрген, ойына түйген Молдақасым ағасы інісін райынан қайтарып, құжаттарын қайта алғызып, филология факультетіне өткіздіреді. Осылайша әкем тіл-әдебиет факультетінің студенті атанып шыға келеді. Бала күнінен ертегі, жыр-дастан, шежірелерді ауыл қарияларынан тыңдап, жаттап өскен, өзі домбыра, мондолина шертіп, ән шырқайтын әкем университет қабырғасында жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, ғылыми зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Осы жерде жүріп ұлы жазушы Мұхаңның дәрістерінен қалмайды. Зерек, байсалды, талапты шәкірт Мұхтар Әуезовтің көзіне түседі. Ауыл әңгімелеріне қанық, ертегі, жыр-дастандарды жатқа айтатын шәкіртіне Мұхаң өзі жетекші болып «Кенесары–Наурызбай көтерілісі қазақ әдебиетінде» тақырыбындағы зерттеуін  диплом жұмысы ретінде ұсынады. Әкем осы тақырыпта дипломдық жұмыс жазып, қорғамаққа бел буады, тіпті, сәтті қорғалған жағдайда кандидаттық диссертацияға жалғастырмақшы болады.

Мұның себебі бұл көтеріліс туралы  елуінші жылдары белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың аты шулы «Қазақстан – ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарында» монографиясында ғана зерттелген болатын. Алайда әкем дипломдық жұмысын жазып біткен кезде Е.Бекмаханов тұтқындалып, сот үкімімен 25 жылға Сібірге жер аударылады. Бұл – Сталиндік репрессияның үшінші толқыны «буржуазиялық ұлтшылдық» атауымен 1950 жылы «Правда» газетінде басылған «За марксистское освещение вопросов истории Казахстана» атты мақаладан басталған қуғын еді.

Енді М.Әуезовтің басына да қара бұлт үйіріледі. Әкемнің айтуынша, бір күні М.Әуезов оны оңаша шақыртып, дайын болған дипломдық жұмысының қолжазбасын түгелдей, зерттеу туралы кафедраның ғылыми кеңесі хаттамаларын да қоса өртетіп жібереді. Шәкіртіне тез арада Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы туралы диплом жұмысын жазуға кеңес береді. Артынан өзі де Бекмаханов секілді қуғындалып, Мәскеу университетіне ауысуға мәжбүр болады. Бұл 1952 жылы болған оқиға еді. Ұстазы басқа қалаға ауысқаннан соң әкем жаңа жетекшінің демеу болуымен дипломын қорғап, оқуын бітіріп ауылға қайтады. Туған ауылы ол кезде Кагонович деп аталатын. Аудандық білім бөлімі оны осы ауылдағы жетіжылдық мектепке оқу меңгерушісі етіп тағайындайды. Кейін 1961 жылы сырқаттанып Министрлер кеңесінің ауруханасында емделіп жатқан ұлы ұстазының көңілін сұрап барады. Ауруханадан шыққан соң әрі оқырмандарымен жүздесіп, шығармашылығы туралы әңгіме-дүкен құруға, әрі сахараның таза ауасымен тыныстап, бағлан қозының етін жеп демалып қайту үшін ауылға шақырады.

Ұлылардың ұлылығы олардың қарапайымдылығында емес пе, уақыт тауып, 27 мамыр күні қасына зерттеуші ғалымдар Есмағамбет Ысмайылов, Ғайса Сармурзиндерді ертіп, жолбасшы  жас аспирант Сұлтанғали Садырбаев болып, сол кездегі ХХ партсъезд ауылына (қазіргі Саурық батыр ауылы) бір топ ұстаздары кездесуге келеді. Ауыл еңбеккерлерімен емен-жарқын сөйлесіп, бір күн қонуға қалып, ертесіне түс ауа Алматыға жүріп кетеді.

Бұл сапар туралы Е.Ысмайылов «Біздің Мұхтар» деген жинақтың «Биіктей бергің келеді» атты мақаласында әңгімелесе, фольклоршы ғалым Сұлтанғали Садырбаев «Мұқаңның жүрген жері – гүлстан» атты мақаласында («Ақиқат» журналы, №8-9, 2005 жыл) жазады. Қарап отырсақ, бұл сапар Мұхтар Әуезовтің соңғы бой жазуы екен. Бір айдан кейін, 27 маусымда Мәскеу қаласының емханасындағы ота үстелінде Мұхаңның демі үзіледі.

Әкем ұстазының ұлағатын әркез ұлықтап отыратын. Саналы ғұмырында бала тәрбиесіне ерек көңіл бөлген әкем Жолсейіт Есбайұлы Мұхаңның шәкірті болғанын мақтанышпен әңгімелейтін еді. Ол кісінің ауылға қонақ болып келген сәттегі әр қимылын, әр сөзін жатқа айтатын. Қорғалмай қалған дипломдық жұмысын жалғастырмағанына қынжылыс білдіретін. Ұлы ұстазының алдындағы парызы, борышы сол дипломдық жұмысты аяқтауым деп түсінген әкем кейіндері бұл тақырыпта біраз ізденістер жүргізіп, материалдар дайындағаны да есімізде.

Хамит ЕСБАЕВ