ҚОС МҰҢЛЫҚ КӨҢІЛ ТОЛҚЫТТЫ

Уақыты: 03.11.2016
Оқылды: 2395
Бөлім: РУХАНИЯТ

Басқа тұрақтаған азғантай бақытқа масаттанып кетеміз-ау кейде. Ал қос қабаққа сәл ғана кірбің түссе өмірдегі ең мұңлы жандай жабырқап қалатынымыз бар. Алайда біздің реніш, кейісімізден Күлзипа ананың қайғысы басымырақ. Тіпті, бір халықтың трагедиясын кеудесіндегі жұдырықтай жүрегіне сыйдырып жатыр. Осы бір ақиқаттың астарын Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының 42-ші маусымының ашылуына барған жетісулық көрермендер терең ұғынғандай.

Көңілге мұң орнатып, өмірге жеңіл қарамауға үндеген  қойы­лым­ның жалпы мазмұны бүгінгі қо­ғам­дағы келеңсіз жағдайларды көз ал­ды­ңа келтіреді. Пьесаның бас кейіп­кері Күлзипа қартайған ша­ғын­да жалғыз ұлынан жапа шегіп, қарт­тар үйін саялауға мәжбүр болады. Талай қызды босағасынан аттат­паған кө­ре­ген ананың талғам­шыл­ды­ғынан же­рі­ген Алдан ақыр соң­ын­да туған ше­шесін үйінен алас­тап, желіккен қыз­бен тұрмыс құруды мақсат еткен. Бұл ақылсыздықтың, өрескел ше­шім­­­нің астарында адам санасын улап, дүниеге жеңіл-желпі қарауға бас­­тайтын ішімдік пен есірт­кінің тұр­ғаны да көрермен наза­ры­нан тыс қал­мады. Осындай өкінішті халде күн кешкен Күлзипа ана – жал­ғы­зы­ның шаңырағына сыймаған бір мұң­лық. 

Қойылымдағы екінші мұңлық Гүл­барам (Бибіорамал) атты Күл­зи­па­­ның қатарласы. Ол да баспана мә­се­­лесімен шенді-шекпенділерді жаға­лап, олардан оң жауап ала алмаған бей­бақ. Туған балалары мен неме­ре­ле­ріне сыймай, қартайғанда баспана үшін басын бәйгеге тіккен Гүлбарам да қарттар үйіне баруды намыс кө­ріп, көшеде түнеп, ішінде бұғып жатқан өкінішін Күлзипаға ашқысы келмеген намысшыл да бейшара ана. Міне, осындай қос мұңлықтың тағ­ды­рын параллель сахналаған өнер ұжымы көремендердің жанарын жасқа толтырып, өнеріне тәнті ет­кізді.

 «Хас сұлудың көз жасындай мөл­дір өнер – театрдың» отымен кіріп, күлімен шыққан Бикен Римова шабыты маздап тұрған шағында драматургияға қалам сілтеп, «Қос мұңлықты» тудырған. Осындай та­ма­­ша пьесамен көрермен жүрегіне жол тартқан өнер ордасының кезекті ашылуында алғашқы болып сөз алған Бикен Римова атындағы об­лыстық драма театрының директоры Ғалия Темірбаева:

 – Қымбатты көрермен! Бүгін біз Бикен апамыздың есімін ар­қа­лаған өнер ордасының 42-ші мау­сымын ашқалы отырмыз. Көптен бері көріспегендіктен де біз өз көрерменімізді, сіздерді сағынып қа­лыппыз, – дей келе аталмыш театр­дың барша өнерпаздары атынан алғысын жеткізді. Сонымен қатар, алдағы уақытта көрерменді жақсы қойылымдармен қуантатындарын тілге тиек етті.

Осындай жылы лебізбен бас­тал­ған қойылымның соңы да жетісулық көрермендер үшін қуанышпен аяқ­тал­ды. Өйткені, өз ұлының қолынан мерт болған Күлзипа ананың тағ­дырының солқылдақтығы талай жү­рек­ті тулатып, жанарға жас алып кел­генімен санаға сақталар өмірлік сабақ болғандай.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ