ТАЛДЫҚОРҒАН: ҚОС ҚЫМБАТ ЭФИРДЕГІ ЕСТЕЛІКТЕРІМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 06.05.2019
Оқылды: 1385
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласына елімізге танымал тележүргізушілер, қазақ телевизиясының дикторлары Қымбат ДОСЖАН мен Қымбат ХАНГЕЛЬДИНА келіп, мамандықтарының қыр-сырымен бөлісті.

Облыстың өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастырумен өткізілген шара "Айтылған сөз, атылған оқ" немесе тікелей эфирді жүргізудің ережелері тақырыбына арналды. «Qazaqstan» ұлттық арнасының жаңалықтар жүргізушісі, журналист, диктор Қымбат Досжан және танымал журналист, тәжірибелі диктор, бүгінде «Хабар» агенттігі Алматы бюросының жетекшісі Қымбат Хангельдина көгілдір экранның арғы жағындағы қарбалас жұмыстың құпиясын ашты. Білікті мамандар еңбек жолдарының қалай басталғанын естеріне түсіріп, алғашқы тікелей эфирдің естеліктерімен бөлісті.

Қазақстанның телерадио журналистикасындағы соңғы отыз жылдың ішіндегі өзгерістеріне шолу жасап, бүгінгі журналистиканың қоғамдағы рөліне тоқталды. Қос диктор болашақ журналистер мен жас мамандардың көкейдегі сұрақтарына жауап берді. Эфир барысындағы қызықты естеліктерін айтып, журналист бойынан табылуы тиіс қасиеттерді атап өтті. Тікелей эфирдің мінсіз өтуіне ұжымдық жұмыстың қаншалықты әсер ететін негізге ала отырып, болашақ әріптестерін барынша жауапкершілікті болуға үндеді.

Ұзақ жыл бойы қажырлы еңбекпен келетін халықтың сенімін ақтау барлық атақ-мансаптан жоғары екендігін жас журналистердің есіне салды. Одан бөлек, әркім өз ісімен айналысу керек екендігін айтып, әнші, әртіс журналистерге деген көзқарастарын айтты. Осылайша, жеке тәжірибелеріне негізделген кеңестерімен бөліскен Қымбат Хангельдина мен Қымбат Досжан ешбір сауалды жауапсыз қалдырмады.

Кездесу соңында қонақтар әріптестерімен естелік суретке түсіп, ақ тілек, жылы лебіздерін білдірді.

Айсұлу ШЕЛЕКЕН