КӨМЕК КЕРЕК: ПАРМАН БИГЕ КЕСЕНЕ ТҰРҒЫЗЫЛАДЫ

Уақыты: 10.05.2019
Оқылды: 1635
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», - деген еді. Баһадүр бабаларымыз туған елінің тулақтай жері үшін қанын төксе де арын төкпегенін үлкен мақтанышпен айта аламыз. Жалпы қазақ тарихын сонау тас дәуірінен алатын болсақ, кейінгі шетел тарихшыларының қаламына іліккен сақтар, массагеттер, ғұндар, үйсін, қаңлы, Алтай жеріндегі түріктер, түркештер болып кете беретін батыр бабалар біздің бүгінгі Отанымыз Қазақстанның байырғы тұрғындары екені күмән тудырмаса керек.

Кеңес заманында тарихтың тірегі тек тастағы таңба, археологиялық қазба жұмысынан табылған зат-мүліктер және қағазға түскен жазулар ғана дереккөзі бола алады деген сыңар жақ принциптер, біздің ауызша жеткен тарихи мұраларымызға көлеңкесін түсірмей қоймады. Осы жөнінде қазақтың қайталанбас көрнекті тарихшы-ғалымы Е. Бекмаханов өзінің «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40-шы жылдарында» деген еңбегінде тайға таңба басқандай, ауыз әдебиеті мен шежіреден жеткен мәлімет тарих дерегі бола алатынын тамаша дәлелдеп көрсеткен. Кенесары Қасымовтың тұтас тұлғасын тану үшін, оның қасында бірге болған Нысанбай жыраудың жырларымен таныспай, білу қисынсыз дейді. Дәл сол сияқты, ардақты Абылай ханның заманындағы кез келген тарихи оқиғаны, Бұқар жырау бастаған би-бағландардың ауызша жеткен мұраларынсыз танып-білу мүмкін емес. Бұл жөнінде академик М. Қозыбаев та өз еңбегінде атап өтеді. Демек, біздің би бабалардан, ақын-жыраулардан жеткен ауызша, яғни фольклор төл тарихымыздың толық дерек көзі бола алады. Дала демократиясын қалыптастырған билер сотын сахнаға шығарған талай тұлғалар әлі күнге тарих тұғырынан өзіне лайықты бағасын ала алған жоқ. Ел ішіне есімі танылған кешегі Төле, Қазыбек, Әйтекеден басқа, қаншама би-болыстар кәрі тарихтың қатпарында жатқан құнды мұраларымыз болса керек.

Кешегі Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңын шығаруға сексен би қатысты деген мәлімет бар. Олар кімдер? Міне, сол сияқты аласапыран заманда ел ішіндегі дауды шешіп, ел шетіндегі жауды тоқтатқан талай билер танылмай жатыр. Біздің сөз қылмақ болып отырған тұлғамыз, ел ішінде би атанған – Парман баба. Ол заманда, сен би болдың деп ешкім қолы қойылған құжат тапсырмайтын қоғамда, ел ішіндегі еңбегімен ерекшеленіп, от ауыз, орақ тілді шешендігімен көрінген Парман халық атауымен би атанған екен. Туған күнін тура айта алмасақ та ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары өмірге келген Парман, ХХ ғасырдың басында дүние салса керек.

Енді осы Парман бидің бейнесін бізге ауызекі әңгіме мен қолға түскен құжаттар арқылы ашып көрсек. Парман бидің арғы тегі Орта жүздегі Найман руынан. Найман деген сөздің өзі моңғол тілінен аударғанда сегіз дегенді білдіреді. Найман руы өзара сегізге бөлінеді. Соның ішінде Парман би Ақсу, Сарқан өңірін мекендеген Найман-Садыр тармағына жатады.

Бірақ тағдыр тауқыметімен аумалы-төкпелі заманда Садыр-Наймандардың бір бөлігі Арқа арқылы Сыр жағалап, Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Келес өзенінің Сырдарияға қосылған жері Аққұмға келіп тоқтайды. Парман би осы Келес өңірінің Аққұм жерінде туып өсті. Парман ұлдың ең кенжесі, бір әке-шешеден үш ұл, үш қыз болды. Әкесінің аты Тыштыбай.

Тыштыбай ақсақал үш қызы бойжеткен соң сол Келес өңіріндегі басқа руларға тұрмысқа берді. Үлкен ұлы Жұман, ортаншы ұлы Әлжан,  кенже ұлы Парман еді. Жұманнан – Лахан мен Толғанбай. Әлжаннан – Нарсейіт, Нұрсейіт, Молдабек. Парманнан – Байымбет және Сұлтан туды. Тыштыбай ақсақал кенже ұлы Парман дүниеге келген кезінде, Аққұмдағы елге атпен ас тарқатқан екен. Сол Тыштыбай әкесінің орақ тілділігі, қолының ашықтығы, байлығы, даналығы, мейірімділігі кенже ұлы Парманға бақ болып қонды. Болмысы мен бітімі, қалпы мен қағидасы, танымы мен түйсігі, салты мен санасы қалыптасты.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы қазақ халқы үшін аса ауыр кезеңдердің бірі болды. Бұл кез қазақ жері толығымен Ресей патшалығының иелігіне өтіп, қазақ даласын үш генерал-губернаторлыққа бөлген болатын. Оңтүстік Қазақстан өңірі Түркістан генерал-губернаторлығының құрамында еді. Губернаторлықты П. Мишенко және А. Самсонов дегендер басқарып, үстемдік жүргізді. 1868 жылдың 11-маусымында Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласы деп бөлінген болатын. Осындай қиын-қыстау заманда еліне пана бола білген қазақтың ер азаматының еңбегі ерен. Қазақ даласында өрбіген зұлматты жылдары ұлтының болашағы мен ауызбіршілігі үшін сүбелі үлес қосқан азаматтардың бірі Парман би болды.

Парман бидің ақыл-ойының толысып, кемелдену жолына жөн көрсеткен, білім алған немесе өз бетінше ізденіп, оқығаны туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен бидің жеткен шешендік сөздерінде, оның өз заманында білімді де, халық ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрін, кәде-жөнін, ата жолы заңдарын да мейлінше мол меңгерген озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығы айқын аңғарылады. Бидің жастық шағы мен саналы өмірі, қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп тұрған кезеңге тура келді. Парман би, орда бұзған отыз жасынан бастап ел басқарды. Бидің қолында, Түркістан генерал-губернаторлығының бекітіп берген мөрі болды. Аққұмдағы тұрып жатқан халықтың алым-салығын Ташкентте отырған генерал-губернаторлар Парман би арқылы алып отырған. Кәрі тарихтың терең қатпарларында қазақ ұлтының аласапыраны мен сан алуан зұлматтарының іздері жатыр.

ХХ ғасырдың басында Кеңес өкіметінің орнауымен ұлт болашағына үлкен залал келгені белгілі. Сондай бір сын сәттерде Парман бидің ел игілігі үшін жасаған азаматтығы ел аузында. Тереңдігі 5-6 метр болатындай 2000 пұт астық сыяатын ұралар қаздырып, ішіне астық және малға беретін жемді бұзылмас үшін, ұраның ішіне от жағып өртеп, қамба жасатып, сонда азықтарын сақтаған. Аққұм жерінде 70-80-ге тарта осындай ұра қаздырып, аштықтан шетелге көшіп бара жатқан халықтың бетін қайтарып, жанына қоныстандырған. Өткен ғасырда қазақ ұлтының басынан өткен аласапыран кезінде азаматтық танытып, елдің аштықтан аман қалуы мен шетелге үдере көшуінің алдын алды. Парман бидің дара  даналығының арқасында бірқауым ел ынтымақ пен бірлікте өмір сүрді. Кейінгі жылдары қырық рулы елдің бірлігін сақтап, көрші өзбек, тәжік ұлттарымен бір атаның баласындай өмір сүріп, бірлесіп жұмыс істеуіне көп күш жұмсады.

Парман би өзінің көптеген ізбасарларын тәрбиелей білген дана тұлғалардың бірі. Ел арасында өз ісін жалғастырар шәкірті іспеттес, ал өзі ұстаз іспеттес ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырды. Мысалы, туған екі ағасы Жұман мен Әлжан қайтыс болған соң інілерін өз қарамағына алып тәрбиелейді. Өзінен үлкен ағасы Әлжанның баласы Молдабекті елге танымал шабандоз әрі ақын-әнші, сөзге шешен етіп ел басқаруға баулыды. Сонымен қатар, Парман бидің тағы бір жақсылығы – жақын ағайын ағасы Мұхамедқұлдың баласы Нұрбайды тәрбиелеп, оқытқаны. Зейінді де зерек бала Нұрбай кейін Ташкент облысы Ғалаба ауданында көп жылдар бойы партия комитетінің бірінші хатшылығы қызметін атқарады. Қазіргі таңда сол Өзбекстан Республикасында Ғалаба ауданының орталық көшесінің аты Нұрбай Мұхаметқұлов атымен аталады. Парман бидің қамқорлығының арқасында ізгі жақсылар мектебі өзгелерге үлгі бола білді.

Парман би 1927 жылы дүние салды. Сол кезде ағасының баласы Молдабек 27 жаста еді. Парман інісі Молдабекті шақырып, Лахан мен Толғанбайды, Нарсейіт пен Нұрсейітті, өзінің үлкен баласы Байымбетті және бес жасар Сұлтанды аманат етіп кетеді. Аманатқа қиянат жүрмейтін қазақы ұғыммен өскен Молдабек ағасы Парман бидің өсиетін орындап, қолынан келген бар жақсылығын елге жасап, одан қалса бар туысқандарын үйлендіріп, үйлі-жайлы қылады. Молдабек Сұлтан інісін атақты балуан етіп тәрбиеледі. Бойындағы бар ақыл-парасатын үйретіп өсірді. Сұлтан балуан өз дәуірінде «Шіре тақым шабандоз» атанды. Сұлтан да өмірден өткенше аузы дуалы ақсақалдардың бірі бола білді. Байқап тұрсақ, текті жердің өнегелі де өрелі дәстүрін қалыптастырып, айналасына үлгі бола білген Парман бидей тұлғалардың ұлт болып ұйысуға тигізген үлесі өлшеусіз болса керек. Ел мен жер тұтастығын, ұрпақ болашағын, қоғамның діңін қалыптастыруға мол еңбек пен бейнеттің қажеттілігі туындағанда алдымен Парман би секілді кісілігі мен кішілігі қатар қалыптасқан көреген абыздардың сынға түскен сәтте сыр бермей, сынбай қалуын білген жөн деп есептейміз. Ғасырлар қойнауында кеткен талай асылдардың айқын бейнесі толық ашылып болмаған бүгінгі тұста түгенделген дүниемізден гөрі түгендеріміз көп. Пармандай пәрменді ұлды дүниеге әкелген, Тыштыбай қарияның да тегі тереңде болса керек. Өйткені "қасқадан қасқа тумаса, төбел туар" деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек.

Тыштыбайдың тамырынан бастау алатын Молдабектен тарайтын Жақсылық аға ата даңқынан даңғыл жол іздеген адам еді. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген бұрынғылардың сөзі бұрыс кетпес. Тілге тиек, әңгімеге арқау болған Жақсылық Молдабеков ағамыз жоғарыда аталған асылдардың артындағы сынығы көзі тірісінде білекті білімге, ғұрыпты ғылымға бағыттап ғұмыр кешкен адам. Тамырынан талдың бойы озғандай қысқа ғұмырында құс жолындай із қалдырған Жақсылық аға жақсылардың жалғасы, жұрт бола білген елдің жұрнағы.

2017 жылы біз, бірталай азамат Талдықорғаннан Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Қылышты баба мен Төлегетай ата кесенесіне барып, үлкен асқа қатысуға жол тарттық. Шымкент қаласында Жақсылық ағамыздың баласы Нұрлан бауырмыз қарсы алып, үйіне қонақ етті. Нұрлан да Төлегетай баба кесенесіне көп еңбек сіңіріп, көмек жасаған, келелі мәселелерді шешіп жүрген азамат. Сөз арасында өзім білмейтін талай мәселелердің беті ашылды. Соның бірі осы Парман би бабамыз жөнінде болды.

Міне, енді арада екі жыл уақыт өтсе де би ұрпақтарының ұсынысымен елге істеген қайырымды істерін есте қалдыру мақсатында даңқты бабаға еңселі кесене тұрғызылмақшы. "Көп тілеуі көл" деген, құрметті жұртшылық, егер мүмкіншілігіңіз болып жатса, сіз де Парман би бабамыздың кесенесіне қалауыңызша ат салысып, қол ұшын бере аласыз. Алланың ризашылығында болыңыздар.

Көмек беремін деген ағайынға мына төмендегідей банк реквизиттерін ұсынамыз: 1.Kaspi Gold картасына – 751012302466 Сманов Нурдаулет Абілхасымұлы. 2. Halyk Bank картасы 4402573560927347 Nurlan Moldabekov

Б. МОЛДАБЕКОВ,
М. Тынышпаев атындағы қоғамдық қордың атқарушы директоры

Сурет ғаламтордан алынды