Айгүл ҚОСАНОВА: "ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ТӨРІНДЕ ДОМБЫРА ТҰРСЫН"

Уақыты: 14.05.2019
Оқылды: 2491
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Әміре Қашаубаев атындағы конкурстың, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Айгүл ҚОСАНОВАМЕН сұхбаттасудың сәті түсті.

–  Жер жаннаты Жетісу жеріне қош келдіңіз! Жетісулықтардың дәстүрлі ән өнеріне деген махаббатын қалай бағалайсыз?

Ниеттеріңізге рахмет! Расымен де Жетісу жұртшылығының өнерге деген махаббатына үнемі куә болып жүрміз. Облыстық «Жетісу» телеарнасының 20 жылдық мерейтойына арналған үлкен концертте бар өнерімізді көрсеттік. Көрерменнің өнерге деген риясыз махаббатынан шабытттанып, асқақтата ән салдық. Бұл концерттің өзіндік ерекшелігі де болды. Көрермендер зал толтыру үшін емес, арнайы өнерді құрметтеп келгенін байқадық. Бізбен бірге қиқулап, бізбен бірге ән салып отырды. Өнерге деген жанашырлықтарына алғысымды білдіремін. Осындай көрерменнің қатары көп болсын деген тілек қана бар бізде. 

– Дәстүрлі өнер көбіне эстрада көлеңкесінде қалып жатады деген пікіріңізді жиі естіп жүрміз. Мұның басты себебі не?

Бұл қазіргі белең алып тұрған оқиға. Себебі домбырамен ән айтатын әншілерді үлкен концертке шақырса да, екі-үш әншіні қосып айтқызады. Бұл төл өнерге салғырттықпен қарау деп ойлаймын. Орындаушының осалдығынан десем, орындаушының түр-түрі бар. Егер жақсы орындаушы әнді нақышына келтіріп орындаса, одан жаман дүние шықпайды. Мұндай келеңсіздікке белгілі бір концерт ұйымдастырушылары кінәлі. Егер ол дәстүрлі әнді ұнатпайтын тұлға болса, ол бізді шақырмайды. Төл өнерді бағаламайды. Сондықтан, мұны бір-екі ғана адамның өнерге деген жанашырлығының болмағандығы деуге болады.

– Қазір әлеуметтік желінің қайнап тұрған уақыты. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып төл өнерді неге насихаттамасқа?

– Жалпы, мен дәстүрлі әнші ретінде әлеуметтік желіге өзімді, өнерімді жарнамалаймын деп айта алмаймын. Мысалы, «Инстаграмм» парақшасында тек концертке қатысты дүниелерді бөлісемін. Өзгелер секілді ішіп-жегенімнің, үстіме ілген киімімнің, барған жерлерімнің фотосын салмаймын. Мен үшін әлеуметтік желі – өнерді насихаттаудың құралы ғана. Дегенмен әркімнің көзқарасы әртүрлі. Сен бұлай жаса деп ешкімге талап қоя алмаймыз. Соңғы үш жылда әлеуметтік парақшаны тек өзім жүргізіп келемін. Соның өзінде тек концертке ғана қатысты ақпараттар жүктеледі.

Дауысыңызды қаншалықты күтесіз?

– Жылдың 10 айында міндетті түрде формада жүруге тырысамын. Өйткені, ұстаз болғандықтан, алдыңа келген шәкіртпен бірге күнделікті ән саласың. Жазғы демалыс кезінде әнді көп айтпауға тырысамын. Бұл – дауысыма деген күтім, демалыс. Әншімін деп таңның атысынан, кештің батысына дейін айқайлап ән айтып, дауысқа күш сала беруге болмайды. Дауысым да өзім сияқты кезекті «еңбек демалысына» шығып тұрады.

–  Сіз қай өңірдің әнін жақсы меңгергенсіз?

– Дәстүрлі әншілердің ән айту мақамы әр түрлі. Бұл қасиет әркімнің туған өлкесінің ерекшелігіне, табиғи болмысына байланысты. Яғни, ата-баба қанымен, ана сүтімен даритын қасиет. Дәстүрлі әншілікте оқып жатқан шәкірттер әр өңірдің әндерін орындауға міндетті. Алғашқы 1-2 курста әр өнерпаз өз өңірінің әнін толық меңгерген соң қалған курста өзге өңірдің мақамымен ән салуға тиіс. Қазір шәкірттер жылына 6 сынақ тапсырады. Сол сынақта әр өңірдің әндерін орындап шығады. Мысалы мен батыс өңірінің әндерін жақсы айтып қана қоймай, басқа да аймақтың ән мектебін толық меңгердім деп айта аламын. Мұны сахнада да дәлелдеп жүрмін. Жетісудың әндерін естімей өссем де еркін орындаймын. Меніңше, дәстүрлі өнерде бөлінуге болмайды. Қазақ әндерін біртұтас өнер ретінде қарағанымыз дұрыс. Кез-келген дәстүрлі әнші өз мектебінің шеңберінде қалып қоймай, басқа мақамдағы мектептің әндерін зерттеп, салыстырмалы түрде зерделеп отыруы тиіс. Соның нәтижесінде, өзінің орындау шеберлігін шыңдап отырады.

Жас буынның дәстүрлі ән орындаудағы кемшін тұстары бар ма?

 – Негізі көпке топырақ шашуға болмайды. Біздің білімгерлердің арасында тек бір жапырақ қағаз алу үшін қазақ өнеріне жанашырлық танытып, төрт жылдың ішінде дәстүрлі өнердің қыр-сырын толық меңгеріп алуға тырысатын білімділер  бар. Кей жағдайда талантты ата-анадан талантсыз бала өмірге келіп жатады. Бұл – табиғат заңдылығы. Бір жылда он баланың ішінен бір дарынды бала өмірге келеді. Ол Арқа, Батыс, Жетісу не сыр мектебінен болуы мүмкін. Бұл баланың келген легіне байланысты. Десе де, біз шәкірттеріміздің кем тұсын түзеуге, оларды өнер биігінен көруге аянбай қызмет етеміз.

 – Шәкірт тәрбиелеудегі жетістігіңіз қандай?

 – 1996 жылы ұстаздық жолымды Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінен бастадым. Ең алғаш ұстаздық қызметті киелі шаңырақта бастау мен үшін үлкен бақыт болды. Алғашқы жылдары қиынға соққан ұстаздық жүкті жүрексінбей көтеруге тура келді. Қайрат Байбосынов, Ғарифолла Құрманғалиев сияқты өнер майталмандарының аяғының табы қалған қасиетті жерде жұмыс істеу, шәкірт тәрбиелеу өте жауапты екенін әлі күнге дейін сезінемін. Бұл жалпы менің өнердегі алғашқы баспалдақтарым. Қолымнан келгенше дәстүрлі ән, жырды басқаларға үйретуден жалыққан емеспін. Жалпы, өзім 1991 жылдан шәкірт тәрбиелеп келемін. Олардың өнерлерін өте жоғары бағалаймын. Әрқайсысы облыстық филармонияның белді әншілері және сол облыстардағы музыкалық колледжердің ұстаздары. Қазір шәкірттерімнің балаларына, яғни, немере шәкірттерге білім беріп жатырмын. Осының өзі менің үлкен жетістігім.

Эстрадалық жанрға қадам басып жүргеніңізді көрермен жақсы біледі. Мұндағы мақсатыңыз не?

 Эстарадалық әнді орындап жүргеніме біршама уақыт болды. Мұнда арнайы мақсат жоқ. Дәстүрлі әнді тастап, эстарадамен атымды шығарайын деген ой да жоқ. Бұл тек өз мүмкіншілігімді кеңінен пайдалану. Мен тек дәстүрлі, эстрада әндерін ғана емес, жеке концертімде опералық әнді де айтқанмын. Адам үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Жаңашылдыққа ұмтылғанымыз жөн деп ойлаймын. Сондықтан, мен өзімді сынаудан шаршамаймын. Алдағы уақытта да қолымнан келген барлық мүмкіндікті пайдаланамын деп ойлаймын.

– Домбыраның киесі барына сенесіз бе? Кие деген не?

– Тек қазаққа ғана тән жалғыз аспап – домбыра болса, ол қалай киесіз болу керек? Орыс, өзбек, тәжіктің ешқайсысы домбырадан қазақ ойнағандай әдемі, әуезді дыбыс шығара алмайды. Кез келген қазақ отбасының төрінде киелі қара домбырамыз ілініп тұруы керек. Ол отбасының мүшелері міндетті түрде домбырада ойнау керек деген сөз болмауы тиіс. Өсіп келе жатқан баланың көз алдында домбыра тұрса, жасөспірім сол киелі дүниеге ұмтылады. Уақыт өте келе баланың ынтасы, махаббаты ашылады. Қазір әр қазақ шаңырағында домбыра ілулі тұр деп айта алмаймын. Біз өнерге, салт-дәстүрге құмар ортадағы бір буынды жіберіп алған сияқтымыз. Ол кемшілікті түзеп, қайта жалғауымыз керек. Өмір өз жалғасын тауып келеді. Жаңа ұрпақ өсіп, аға буын келместің кемесіне мініп кетіп жатыр. Біз өткеніміз үшін емес, болашақ үшін қадам басуға міндеттіміз. Кейінгі буынның жаны да, жүрегі де қазақ деп тұруы керек. Сол үшін әр ата-ана оған өзінше үлес қосса деймін. Біз қалай айтсақ та, домбыраны дәл қазақтай ешкім жақсы көре алмайды. Әр қазақтың төрінде домбыра тұрса деймін.

Шығармашылыққа қанша сағат уақыт бөлесіз?

Ұстаз болғанның бір жақсы жағы – үнемі ізденіс үстінде боласың. Мысалы, мен бір күнде он сағат сабақ беретін болсам, алдыма келетін он баламен бірге ән айтамын. Міне, менің күнделікті дайындығым осындай.

Алдағы жоспарыңыз?

Жеке шығармашылық концертпен еліміздің кей аймағына табан тигізбеген екенмін. Сол істі қолға алып, Қарағанды өңірінен жеке концерт беруді бастадым. Бұйыртса Жетісу өңіріне де келу жоспарда бар. Қазақ өнерін халыққа кеңінен танытсам, көрсетсем деген мақсатта жұмыс істеп жатырмыз.     

– Сұхбатыңызға рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан - Еңлік КЕНЕБАЕВА