АЛЕКСАНДР: "АДАЙ" КҮЙІ АСҚАҚ РУХ СЫЙЛАЙДЫ"

Уақыты: 20.05.2019
Оқылды: 1478
Бөлім: РУХАНИЯТ

Александр Сонның ұлты кәріс болғанымен, қазақ тілінде ағып тұр. Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылында туып, қазақша тіл үйреніп, тәрбие көрген. Бүгінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс білімгері. Қазақ тобында оқитын ол мемлекеттік тілде эссе, әңгімелер жазып қана қоймай, Абай, Ілияс, Мұқағали өлеңдерін жатқа оқиды.

Александр бала кезінен қазақ болғысы келді. Көршілері, достары қазақ болғандықтан, ол: «Мен неге орысша сөйлеп, тілді бұрмалаймын?» - деп ойлайды. Осы туралы: «Қазақ тілін меңгеруге ешқандай қиыншылық болмады. Бір-екі жылдың ішінде толықтай меңгеріп кеттім. Өйткені, 4-5 жасымнан бастап қазақпен қазақша сөйлестім», – дейді кейіпкеріміз.

Кәріс кейіпкеріміз қазақ мектебін бітірген. «Бастауыш сыныпты орыс тілінде оқыдым. 5-сыныпқа көшкенімде орыс сыныбы жабылып, ата-анам: «Үштөбеге мектепке ауысасың ба әлде жоғары сыныптарды қазақ тілінде жалғастыра бересің бе?» - деп сұрады. Сонда ата-анамнан алыстағым келмеді ме, достарымды қимағаннан ба, өз келісімімді бердім. Алғашында сыныптастарым орысша сөйлеп, қиналған еді. Сөйтсем, олар мені қазақша түсінбейді деп ойлаған екен. Білгеннен кейін қымсынбай, еркін сөйлесіп кеттік. Арамыздағы «тіл қақпаны» жойылды», – дейді Александр. Жүрегі қазақ деп соққан жан ата-анасына айтып, қарындасын да қазақ мектебіне бергізген.

Көркем әдебиетке қызығушылығын 5-сыныпта пән мұғалімі Эльмира Бақытқалиқызы оятқан. Өлеңдерді мәнерлеп оқып үйренгеннен кейін жарыстарда бағын сынай бастайды. Сөйтіп, кейіпкеріміз 7-сыныпта республикалық «Жарқын болашақ» байқауында «Сөз шеберіне» қатысып, ІІІ орынды қанжығалап қайтады. Одан бөлек, «Жарқын болашақтың» «Жазушы» номинациясында ІІІ орын, облыстық «Көркем сөз – көркем ой» байқауынан І орын иеленген.

«Қазақ әдебиетін қатты ұнатамын. Бірақ тіл ережелеріне келгенде осалдығым байқалып қалады. Ал әдебиетті жаныммен жақсы көремін», – деген Александр Абай, Ілияс оқуларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Сондай-ақ, ол Абай, Ілияс, Мұқағали, Мағжан, Фаризаның өлеңдерінен бөлек, І.Есенберлиннің «Көшпенділерін», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызын» жастана оқыған.

«Алғашында өлең, проза, поэмаларды оқыған кезде көп қиналдым. «Қазақ астарлап айтуды жақсы көреді» деп ұстазым көп айтатын. Оған өлең, проза, поэмаларды оқығанда көз жеткіздім. Өйткені, бір оқығаннан автордың оқырманға жеткізгісі келген ойын түсінбейтінмін. Үшінші, төртінші рет оқығаннан кейін ғана ұғатынмын». Міне, Ескендірдің басынан өткен осы оқиға оның көркем әдебиетті таңдауына ықпал еткен.

Айпақшы, Александрдың қазақша есімі – Ескендір. Жоғары оқу орнына түскенінде ұстаздары, топтағы достары қазақшасының тазалығына тәнті болып, есімін қазақшалайды. Ойлана келе Ескендір деп атауды ұсынған. Оған қуана келіскендігін айтқан ол: «Абайдың «Ескендір» поэмасындағы Александр Македонскийге баламалап, мені Ескендір деп атаймыз дегенде бірден келістім. Себебі, есім ұнады. Содан бастап кәрістің Ескендірі атандым», – дейді.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, Ескендірдің домбырада ойнауды да үйренген. «Адай» күйін тыңдаудан жалыққан емеспін. Асқақ рух сыйлайды. Не үшін екенін білмеймін күй тыңдасам жүрегім атқақтап, толқып кетемін», – деген кейіпкеріміз домбыра үйрену курсына жазылып, үш ай қатысқанын айтты. Нәтижесінде, «Еркем-ай» сынды үйренуге оңай күйлерді меңгерген.

«Қазақ тілінің өміріңде алатын орны қандай?» деген сауалымызға: «Тілді білгенім, ең алдымен мол мүмкіндіктерге жол ашты. Туып-өскен елімнің тілінің тарихын, сөздің қорының байлығына, тазалығына тәнті болдым. Бүгінгі таңда жеткен жетістігімнің барлығы – ұлттық тілдің арқасы. Соның арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясының 27-ші сессиясында Елбасы Н.Назарбаевпен жүздестім. Одан бөлек, республикалық «Мың бала» жобасына қатысып, бас жүлдені ұтып алдым. Егер мен қазақ тілін жетік білмесем, осындай дәрежеге жетпес едім», – деп жауап берді.

Ескендір еліміздегі түрлі ұлт өкіл­дерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын қазақ халқының қонақжайлылығының арқасында деп біледі. Ол кең-байтақ қазақ жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің барлығы да қазақ тілін меңгеруге тырысуы қажет деп ойлайды.

«Үй-ішіммен орыс тілінде, әжеммен арасында кәріс тілінде сөйлесемін. Соның өзінде, мен кәріс тілін білмеймін, оны тек қана түсінемін. Отбасым қазақ тілін түсінгенімен, ойларын жеткізе алмайды. Кейде бірден қазақша әңгімелесіп не болмаса жауап беретін кездерім болады», – дейді Ескендір. Ол дүние есігін ашып, мекен еткен еліңнің тілін меңгеріп, салт-дәстүрін игеріп, әдет-ғұрпымен таныс болудың да өз артықшылығы бар екендігін айтады.

Мінеки, еліміздің ертеңіне айналып, «Мәңгілік Ел» жолында аянбай тер төгетін осындай өскелең ұрпақты көріп, бір жағынан оларға сүйсініп, төбең көкке бір елі жетпей тұрса, ал енді екінші жағынан кейбір өз тілін өзекке тебетін, мұрнын шүйіре қарайтын қаракөздерімізді ойлап, қатты қынжыласың. Шіркін, осындайда олар жүрегі қазақ деп соққан Ескендірдей жандардан үлгі алса ғой дейсің.

Еңлік ҚАБДЕШ,

"Жетісу"