"ЭКСПО"-1958: КҮМІС МЕДАЛЬ ИЕЛЕНГЕН ҚАЗАҚ

Уақыты: 25.05.2019
Оқылды: 2073
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыс орталығындағы Көркемөнер галереясында белгілі суретші Орал Таңсықбаевтың 115 жылдық мерейтойына арналып «Жаңа технология және өнер» атты көрме өтті.

Көрменің ашылуында Алматы қаласындағы Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің директоры Сейітқали Шалабаев сөз алып: «Бұл шараның маңызы зор. Өйткені, Орал Таңсықбаевтың сурет өнерінде қалдырған айшықты ізі бар. Сондықтан біз өзіміздің оқу орнын бейнелеу өнерінің қара шаңырағы деп есептейміз. Өнер иесінің атындағы колледжден қаншама талантты жастар қанаттанып ұшты. Бүгінгі таңда да белгілі өнер майталмандары жұмыс істейді», –  деді.

КСРО Халық суретшісі Орал Таңсықбаевтың еңбек жолына азды-кем тоқталып өтсек, Өзбекстанның бейнелеу өнері мектебін қайта құрған тұлғалардың бірі, ол реалистік кескіндеменің негізін қалаған тұңғыш кәсіби шебер. Брюссельде өткен халықаралық «Экспо» көрмесінде күміс медальді олжалаған. Ол өз Отанын ұмытқан емес. Оған «Алматының қысы» деп аталатын жұмысы дәлел. Сондай-ақ, 1938 жылы Алматы опера және балет театрында қойылған «Қалқаман-Мамыр» атты алғашқы ұлттық балетіне арнап костюмдердің үлгілерін салған. Суретшінің әлемдік өнер көкжиегінен көрініс тапқан картинасы «Көшпенділер» деп аталады. Бүгінде бірқатар мұрасы Әбілхан Қастеев атындағы көркемөнер мұражайында сақтаулы.

Көркемөнер галереясына дарынды суретшінің жолын қуған бүгінгі ізбасарлары, оқу ошағының студенттері мен оқытушыларының 30-дан астам тамаша туындысы  қойылған. Жас суретшілер туындыларына көбіне ауыл, қала өмірін, табиғатты арқау еткен. Ұлы тұлғалардың тарихи суреттері де осы көрмеде көрініс тапқан.

Шара соңында колледждің директоры мен оқытушылары Көркемөнер галереясы ұжымына көрмені ұйымдастыруға ниет білдіргендері үшін ризашылықтарын жеткізіп, естелік кітаптар табыстады.

Алма ЕСЕНБАЕВА