ТАЛДЫҚОРҒАН: ВОКАЛДЫ СТУДИЯ ЕСЕП БЕРДІ

Уақыты: 04.06.2019
Оқылды: 1331
Бөлім: РУХАНИЯТ

Оқушылар сарайында «Melody kids» вокалды студиясының есеп беру концерті өтті. Кеште Шынар Бейсебекова жетекшілік еткен вокалды студиясының ең үздік концерттік бағдарламасы көрермен назарына ұсынылды.

Өздерінің нағыз талант иелері екенін дәлелдей білген «Melody kids» вокалдық студиясының жас әртістері көптеген фестиваль мен байқаулардың лауреаттары атанған. Атап айтқанда, республикалық «Тайжарыс», «Дарабоз», халықаралық «Бақытты елдің ұрпағы» байқауларының бас жүлде, І орын, ІІ орын иегерлері. Жеткен жетістіктерін саралап, ата-аналар мен қала тұрғындары алдында берген мерекелік есеп беру  кеші жоғары деңгейде өтті.

Концерттік бағдарламада заманауи мазмұндағы балалар әндері, вокалды сахналық композициядағы және жасөспірімдер орындауындағы әндер шырқалды. Жас орындаушылар көрермен назарына өздерінің ата-аналарына арналған нөмірлерін де ұсынды.

Есеп беру кешінің арнайы қонағы болған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ұжымға шығармашылық табыстар тілеп, балаларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.

Мерекелік концерт соңында балаларының өнеріне тамсанған ата-аналар вокалдық студия жетекшісі Шынар Мейрамқызына: «Кәсіби шеберлігіңіз, ұйымдастырушылық қабілетіңіз, педагогикалық талантыңыз бен балаларға деген үлкен сүйіспеншілігіңізге рақмет!» – деп ыстық лебіздері мен ақ тілектерін арнады.

Айнұр РАХМЕТОВА