ТҮЛЕКТЕР НАЗАРЫНА: БІТІРУ КЕШІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

Уақыты: 05.06.2019
Оқылды: 1121
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыстық әкімдікте селекторлық отырыс өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ақан ӘБДУӘЛИЕВТІҢ қатысуымен өткен жиында білім саласы бойынша бірқатар маңызды мәселе қаралып, алдағы жаңа оқу жылына дайындық барысы пысықталды.

Жиында төрт мәселе қаралды: жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін білім нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары, Ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлік, түлектердің мектеп бітіру кеші мен жазғы лагері.

Алдымен сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісовтің айтуынша, биыл облыс бойынша 30 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Аталған нысандардың ішінде 28-і жалпы білім беретін мектеп болса, қалған екеуі колледж бен балабақша. Дегенмен, әлі күнге дейін жоспарлы түрде құжаттары толыққанды аяқталмай жатқан білім нысандары баршылық. Осынау жайтты назарға алған облыс әкімінің орынбасары аталған жұмыс белгіленген мерзімде басталып, тиянақты түрде тамыздың 20-жұлдызына дейін толығымен аяқталуы керек екенін, шартты уақыттан асып кеткен жағдайда құрылысқа жауапты компаниядан бұрын бақылауына алмаған аудандық білім бөлімі мен аудан әкімінің орынбасарлары жекелей жауап беретінін қадап айтты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлік пысықталды. Облыс бойынша жалпы саны 14733 түлек мектеп бітірсе, оның 9937-сі ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Олардың қатарында «Алтын белгіге» 915, «Үздік аттестатқа» 660 түлек үміткер. Бүгінгі таңда сынақ тапсырушыларға барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік және апелляциялық комиссия құрамы жасақталып, бекітілген. Аталған мәселе барысын таңдаған облыс әкімінің орынбасары ҰБТ қорытындысы бойынша өткен жылы төменгі нәтиже берген аудандар биыл биік межеден табылуы қажет екенін атап өтті.

Ал жазғы лагерьмен қамту мақсатында бөлінетін қаражат көлемі биыл 113 млн. теңгеге көбейген. Оның есебінен 40 мың асыраушысынан айырылған, көпбалалы, аз қамтылған отбасы балалары жазғы демалыспен тегін қамтылмақ. Сонымен қатар, алғаш рет санаторийлерге де 100 көпбалалы ана балаларымен тегін демалып қайтпақ. Қала сыртындағы лагерьлер жұмысын 3 маусым күнінен бастаған болса, «Балалық шақ – балауса» тақырыбындағы жазғы маусымның бірыңғай ашылуы 10 маусымға белгіленген.

Өз кезегінде жиынды қорытындылған Ақан Жылқышыбайұлы:

– Жиында көтерілген әрбір мәселе өзекті. Барлығы да оң нәтиже көрсетуі керек. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жылдағыдан сатылап өсуіміз керек. Ал мектеп бітірушілердің кешін әрбір білім беру мекемесі қырағы бақылауы және тәртіп сақшыларымен бірлесе жұмыс жасауы қажет, – дей келе, белгіленген шартты уақыт бойынша түнгі 24.00-де бітіру кеші аяқталатынын, сондай-ақ, қымбат көлік жалдау, сауық өтетін орындарға бару мәселелері қатаң қадағаланатынын атап өтті.

Жиын соңында әкім орынбасары күн тәртібінде қаралған барлық мәселенің дұрыс жүргізілуі өз бақылауында болатындығын жеткізді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ