СЕРІК ҮМБЕТОВТІҢ ҮШІНШІ КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 08.06.2019
Оқылды: 1967
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ол  кішіпейіл де кісілікті мінезімен кімді болсын ішке тартып тұрады. Сонысына қарай кім де болсын оған қалай тартыла түскенін сезбей қалатын. Ол өзінің кең пейілді, ақ ниетті болмысымен бар қазақтың баласын бауырындай көреді. Сонысына қарай оған бар қазақтың баласы да ерекше құрметпен, айрықша ілтипатпен қарар еді. Оған оңтүстік пен солтүстік те, батыс пен шығыс та жоқ – бір ғана қазақтың кең жері, байтақ елі бар. Сонысына қарай оны қай өңірдің қазағы да туғанындай көреді. Ұлттық бірлікті ұлы құндылық көріп өткен бір адам болса, ол Серік Әбікенұлы шығар. Бұл замандастың аузындағы лұғатты лепес. Ал біздің толғам төменде. Бұл толғам Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Серік ҮМБЕТОВТІҢ жарыққа шыққан «Дала даналығы» атты кітабы хақында болмақ.

Иә, ол кісі үлкен эстет. Бірақ Жаратқан Ием сыйлаған осы бір татаусыз талантын дарынсыздың саудасына, дәрменсіздің сауғасына салған жоқ, не айтса да, кімді айтса да адалдықтан айнымады, әділдіктен тайқымады. Өнерді шын қасиет тұтқан бір адамды айтсақ, тағы да Серік Әбікенұлына соқпай кетпейтініміз анық.

Лауазымды қызметте жүріп көркем шығармаға көлеңке түсіруден бойын да, ойын да аулақ ұстады. Мәселе барлығына уақыт табуда. Табиғат жазушыға берген ыстық жүректі кез келгенге үлестіре салмаған. Ендеше, сол жүректің от-қызуымен қолдан келгенше жұрттың жанын жылыта білгенге не жетсін?! Ал, өмірде қай жерде проблема болса, сол жерде жұрттың жаны сыздайтыны белгілі. Сондай проблеманың біреуін шешуге мысқалдай қаракет жасасаңыз, қаншама жүректі қуанышқа бөлер едіңіз. Шүкіршілік, қолына бір уақыт қалам алған қайраткердің бұған шамасы жетеді.

Азаматтық іс – ар-ожданның жемісі, қоғамдық мүддені жеке мүддеден биік қою дейміз. Бұл – ең қарапайым түсініктеме. Нағыз қоғамдық қызмет жүректің ыстық лүпілінен, адамға деген риясыз сүйіспеншілік пен маздаған махаббаттан, аяу, түсіну, сезіну сияқты асыл сезімдерден туындаса керек. Бойында мұндай сезімі бар адамдар қолынан келген ізгілікті жасайын деп жасамайды, оны жасай алмаса жаны жай таппайтын жағдайға жетеді. Мұны бастан кешпегендерге және кеше алмағандарға бұл сөзіміз нанымсыз көрінуі әбден мүмкін. Оларды нандырайық деп автордың өмірінен небір қызық оқиғаларды алға тартпай-ақ қояйық, шама-шарқынша қоғамға өз шарапатын тигізіп жүрген келелі істеріне тоқталсақ соның өзі оқырманның жүрегіне бойлар.

Жинақ авторының парасатты пайымдарын айшықтап көрсететін жинақтың алғысөзі ретінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Арда» баспасының директоры, белгілі жазушы Асқар Алтайдың «Суықтөбе биігіндей сауырлы» тақырыбындағы көшелі пікірі берілген. Бұл шын мәнінде ел мен жердің тағдырын оның руханиятын ойлаған азаматтың болмыс-бітімін, өмірден түйгенін, парасатын танытар лебіз. 

Онда: «Ел басқарған ер – сын сәттерде соқтықпалы, соқпақсыз сүрлеуден сүрінбей, абыроймен өтіп келе жатқан сарабдал жан. Онымен бірге қызмет істеген азаматтар мен азаматшалардың қай-қайсысы да әлі күнге «Біздің Секең» деп сөйлейтіні де содан. Өзінің  қарапайым да қажырлы мінезімен, сабырлы да салиқалы іс-әрекетімен көрінген бірегей азамат. Қазағына баяғыда-ақ танылған Білгі аға бейнесі бүгінде белді буын өкілдері ішінен Суықтөбе биігіндей сауырлы көрінеді», – деген Асқар Алтай автордың алдына қойған мақсаты көңілдегі көркем дүниені келешектің қажетіне жарату екендігін ескерте кетеді. Емеурінсіз айтылған мұндай есті сөздің сыры неде жатқанын көзі қарақты һәм талғампаз оқырман кітапты қолына алған сәттен бастап бірден аңғарады.

Өнер дүниесі біреулер үшін немесе жалпының тұтас талғамынан шығу үшін жасалмайды. Інжу-маржанның құндылығы сонда – тереңде жатуында.  Тұңғиық түбіне тұншықпай  бойлап, құм-қайранның ішінен тек асылды ғана теріп алуға құлшыныспен қатар кең тыныс, білек күшімен бірге жүрек күші де керек. Шынайы өнер туындысы осылай туады, осылай қабылданады.

Бұл кітапта автор Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттағы көрегендігін көпке үлгі ете отырып, заманалар тудырған қазақ ойшылдарының орақты сөздерін жас ұрпақтың қажетіне ұсынады. Жинақ – ұлтқа жанашырлығы мен келешекке бейжай қарай алмайтындығынан туған дүние. Ендеше, қалың оқырманға арналған «Дала даналығы» кітабы ата-бабалардың ақылмандық әлемінен қалған аманаттарды жеткізуші құндылығымен қымбат деуіміз заңды.

Қай уақытта, қай елде болсын ұлттың ұлы перзенттері ең алдымен сол ұлттың рухын көтеруді ойлаған. Сол үшін күрескен, сол үшін қам жеген, қайғырған. Қараңыз, үнді елі ағылшындардан азат болған кезде Махатма Ганди: «Біздің халық ұзақ жылғы отарлық езгіде небір асылы мен қымбатынан айырылды. Солардың арасынан біз бір ғана қасиетті дүниемізді таяу арада қайыра алмаймыз ба деп қорқамыз. Ол – халықтың рухы. Одан үлкен байлығымыз да жоқ еді», – деп күйінген. Бақытымызға орай, бұл сөздің қадір-қасиетін біз дер уағында білдік. Оны сездірген  қордалы тарихымыз бен елін сүйген Елбасымыз екені о бастан белгілі. Жинақтың «Елбасы – парасаттың мұнарасы» атты бөлімінде осы бір оқшау ойды ортаға тастайды. Ел тағдырына қатысты тұмса түсініктерге, жас мемлекеттің қарыштауы мен дамуы жолында жасалған жарқын қадамдарға, Тұңғыш Президентіміздің жаһанды жалт қаратқан жаңа бастамаларына деген шексіз ризашылықтан туындаған ақжарма лепеске риза боласыз. Мұның бәріне, ұлт жетістігіне ақ жүрекпен қуанатын қайраткердің дара тұлғасы көз алдыңызға келеді. Марқаясыз! Абыройлы азаматтың рухани дүниесіне шомып, сөз семсерін сертке ұстап туғанын аңдап, осындай ұлттың перзенті болғаныңызды мақтан тұтасыз!

Қажыр-қайратын жас Қазақ-станның іргелі мемлекет болуы жолына арнаған, Отанның гүлденіп, өркендеуіне, әлем елдерімен иық тірестіруіне өзіндік үлесін қосқан, Елбасының ұстанған сарабдал саясаты мен нұсқауларын іске асыруда елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Серік Әбікенұлының атқарған істерінің көптің көңілінен шыққаны хақ. Бұл бір адамның пайымынан туған пікір емес. Көпшіліктің көкейінде жатқан сырға үңілетін журналистердің аңғарымпаздығынан айшықталған ой десек, артық айтқандық болмас. Халық қалаулысы өткен ғасырда қанымызға сіңіп, сүйегімізге дендеп бара жатқан сырқатпен күресіп, жұртын ойлаған азамат ретінде өзі басқарған өңірлерді қазақыландыруға барынша күш салды емес пе?! Соның арқасында жарқын бастамаларының жүйелі жүзеге асып келе жатқаны ақиқат. 

Ұлтын осынша сүйген қайраткер аталмыш кітаптың екінші бөліміне ширек ғасырда жеткен жетістіктеріміз бен кемел келешекке бастаған Көшбасшымыздың ұлт болашағын көздеген маңызды бағдарламалары, жобалары жайлы жүрекжарды пікірлері мен Жолдауға қолдау мақсатында жазылған, тереңдете талдаған дүниелерін еңгізіпті. 

«Тәуелсіздіктің басты белгісі – ой тәуелсіздігі» болса, ой тәуелсіздігінің негізгі күш-қуаты батылдықта болар. Екіұшты пікір, солқылдақ тұжырым, бұл ойымды жұрт қалай қабылдар екен дегендей қорғаншақтық, жалтақтық, жалпақшешейлік – жазушының соры. Нағыз батыл ойларға өзінің білім-білігіне, ақыл-зердесіне сенген, ғаламдық, ұлттық мәселелерді жекебас мүддесінен жоғары қоя білген, қай жағынан да кесек бітімді азаматтар ғана бара алады. Міне, автордың ерлігі де осында жатыр. 

Осындай өткір пікір, көшелі ойлар өрнектелген ІІ бөлімдегі «Көркем мінез», «Жұдырықтай жүрек сыры», «Ақиқаттың алдаспаны», «Абыз ағаны еске алғанда», «Дарқандығы даладан», «Ойын жүрек сүзгісінен өткізген Сүлейменов», «Армяндарды таңдандырған», «Мәйекті сөз», «Кірсе лебіз, шықса жоқ», «Қазақтың қара өлеңі», «Санаға түскен сәуле», «Сөздің иесі мен киесі бар», «Болар бала бесігінде бұлқынар», «Гүл құдіреті» атты тақырыптар аясындағы ой-толғамдарының барлығы дерлік ұлтжанды азаматтың, мемлекет және қоғам қайраткерінің көңілінен сүзіліп шыққан көркем дүниелер. Әрі әдебиет алыптарының да естеліктері менмұндалайды. Бұлар – ширек ғасырлық тарихымыздың жарқын тұстарына жайлы дерек іздеген оқырманға таптырмас олжа. Сонымен қатар, замандастарымыздың тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі жүрек қағысын, тамыр соғысын аңдағысы келген келешек тарихшыларға қажетті мұра десек ақиқаттың ауылынан, шындықтың шегарасынан шеттеп кеткеніміз болмас-ау.

Иә, күнделікті өмірде достық, жолдастық, туысқандық деген сөздерді жиі айтатынымыз рас. Бұл сөздердің жүрегімізге жылы тиетіні де шүбәсіз. Бірақ біздің осылардың бәрінен де адамдық қасиет дегенді артық қоятынымыз бар. Өйткені, адамдық асыл қасиеттерді бойына жинақтай алған адам ғана шын дос, шынайы жолдас, нағыз туыс болмақ. Ал адамдар дегеніміз айналаңдағы ат төбеліндей ағайын-туыс, азғантай ғана дос-жаран емес, әрі-беріден соң жер бетіндегі жұмыр басты пенденің барлығы деп білген жөн. Адамдығы үлкен, азаматтығы биік жандар қай жерде, қай заманда болмасын «ала қойды бөле қырықпай», адам атаулыға адамзаттық көзқараспен қараған. Ондай адамдар жер бетіндегі бүкіл саналы тіршілік иелерінің қуаныш-бақыт, қайғы-мұңынан да тыс қалмаған. Барша мүдде, мұрат пен шындықты жоғары қоя білген олар әр халықтың жақсы-жаманын да адамдық тұрғыдан бағалап, ақылмен ажырата алған ғой. Айталық, ұлы Абайдың өз ағайындары Тәкежан мен Әзімбайдан гөрі орыс Долгополов пен неміс Михайлэске жуық жүргенін кім білмейді? Сондай-ақ, таулық Қажымұратты өз шығармасына қайсар қаһарман еткен Лев Толстой мен негр Тамангоны тамсана әңгімелеген Проспер Мерименің «өз» қарына бұра-тартқаны кәне! Ұлылардың ұлылығы осында болса керек. Қаламгер қазақ әдебиетінің қаранарлары Шерхан Мұртаза мен Олжас Сүлейменов жайында сыр тарқатқанда кітаптың салмағы тіптен ауырлай түседі. Құдды автордың өзімен сырласып отырғандай боласың.

Сүлейлер мен кемеңгерлердің нарқы да, парқы да бөлек ойларының бір парасы берілген кітаптың «Қазағым, қасиетті халқым» атты  бөлімінде халқымыздың ең маңызды мұрасы мен ескерткіші – бай тарихы суреттеледі. Тарихтың тарлан беттерін ақтара отырып, «қазақ» сөзінің шығу тарихына өзіндік тұжырым жасайды. «Қарлығаштың қанатымен жеткен жақсы сөз – біздің түп-тамырымыз. Әр қазақтың қанын атойлатқан киелі ұғым екені де анық. Бұдан шығатын түйін – Қазақ өткен-кеткені жоқ халық емес, рухани мұрасы бай, салт-дәстүрі, тілі, ділі, діні бар, көне мәдениеті дамыған ежелгі жұрт екендігінде», – дейді ол көсіліп. Баһадүр бабамыз Шыңғысханның есімінен бастап жүріп өткен жолын ой қазанында қайнатады. Ол аз десеңіз, кешегі Ер Түріктің алтын бесігі болған Түркістан шаһарының келбетін көз алдыңызға әкеледі. Арыстан-баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бәйдібек, Қарахан бабаларымыздың әулиелігіне іштей сүйсініп, солардың ұрпағы болғаныңызға марқаятыныңыз және шын. Айша бибі, «Қос Ана» – Зеріп пен Сыланды, Домалақ аналарымыздың өнегелі де өрісті өмірлері, әсіресе, бұрымдыларымыздың бүгінгі тұрмысына таптырмас дерек.

Аты аталған арда бабаларымыздың салиқалы ғұмырының өткір тұстары бедерленген. Бұл жағынан келгенде қайраткер жіпке тізгендей тізбектеген нақылдардың нарқын асыра түспесе кемітпей терең талдап, өмірімен сабақтастыра саралап береді. Бұл кітап сонысымен тартымды, сонысымен бағалы.

Қай халық болса да өзінің бүкіл рухани болмысының өнердегі көрінісі болған ұлы суреткерін ұлт мерейі, ұлт мақтанышы деп қарайды. Халық өзінің алысты армандаған асыл мұраттарының үнін ұлы ақын поэзиясынан тауып сусындап, оны мәңгілік дана ұстазы тұтынып өтпек. Ойшыл ақын Абай да осы іспеттес теңдесі жоқ санаткер қатарынан орын алған бірегей даналардың тұғырында тұр. Сол себепті туған халқы Абай шығармалары сан рет қайталанып басылса да оны сүйіп оқудан, жаңа қырынан танып, өнеге тұтудан жалықпайды. Ақын өлеңдерінің сырына бойлаған сайын  рухани азығы молыға бермек. Серік Әбікенұлының рухани бастауы – осы хакім Абай. Оны «Дала даналығы» кітабында тағы да дәлелдейді.

Айтпасқа болмас, «Мағжан жыры» деген тақырыпта жазылған ой-толғамдары – ел азаматының аталық қуанышын баян етер және ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігін танытар жазба. Міне, осындай ой-өрімдерімен өрнектелген, көркемделген, танымдық, тағылымдық маңызға ие жазбалардың қай-қайсысы да мысал ретінде қарастыруға лайық.  

«Дала даналығы» кітабының соңғы бөліміндегі зиялылар жазған толғамдардың қай-қайсысынан да мысал келтіруге болады. Қаламгерлердің кесек ойлары, шынайы лебіздері қашанда қабырғалы істердің басында жүрер қоғамшыл тұлғаның дара  бейнесін танытар дүниелер екені даусыз. «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жұмабек Кенжалиннің «Жақсыға жан үйірсек» атты естелігінің, қазақтың классик жазушысы Шерхан Мұртазаның асқақтата бағалаған Серігіне қарата айтылған лебізінің ғажайып бәйіттей жанды баурағаны бар. Ал осындай жүрекке жылы тиер шынайы пікірлерді алға тартар болсақ, Нүсіпбай Әбдірахым, Болат Абаған, Дүйсебек Малдыбаев, Бақат Әбдірақаева, Олжас Сәндібек, Нұрбол Әлдібаев, Мейрам Жанәділов, Өмірзақ Озғанбаев, Күмісжан Байжан мен Забира Сайдильдина сынды қаламгерлердің кітапқа енген танымдық материалдарының кез келгенін мысал ретінде алып, оймақтай ойларын айшықтап беруге тұрарлық. Осындай өрелі ойлардың жазылуына түрткі болудың өзі қандай десеңізші?! Ел басқару ісімен жүріп, лауазымды қызметтерде руханиятқа алаңдап, зиялылармен рухани байланыс орнатып, қаламгерлердің кітабын шығаруды қолға алып, баспанамен қамтамасыз ете білген қайраткердің еңбегінің еленгендігі бір төбе болса, бұл еңбегін сөз өнеріне сараланып қосылған сүбелі үлес деп білеміз.

Расында Серік Үмбетовтің ұлтжандылығы мен іскерлігі көпке аян. Бұдан өзге де атқарған келелі істерін, жемісті жұмыстарын жетісулықтар әлі күнге дейін жыр қылып айтып жүр. Сол нұрлы кезеңдерді еске салар ақжарма тілектер мен жинақ туралы көшелі пікірлер әлі де көкейде. Мәселен, Серік Әбікенұлының шығармашылығына үнемі оң бағасын беріп келе жатқан Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры, көрнекті жазушы Несіпбек Дәуітайұлы: «Тіл – кезегімен келіп жататын ұрпақтың бір-біріне қалдырып келе жатқан ең ұлы Аманаты, ұлттық кодының Алтын сандығы. Ұлан-ғайыр қазақ даласын жайлаған ата-бабамыздың күллі рухани құндылықтары ана сүтімен дарыған тілдің құдіретімен жасалып келеді.

Тіршіліктің тігісін жатқызатын, тілегін жеткізетін, тебіренсе теңдік сұрайтын, тереңдігін көрсетіп, тектілігін танытатын біздің тіліміз тарихи тағдырымыздың киелі Иесі. Соның ұлағаты, рухы және халықтың қасиеті, өмірдің өсиетімен қалыптасқан адам ғана абыройға жолдас. Мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов туралы айтылған сөз бұл», – деп тебіренеді. Ал, бір жиында ақын, қабырғалы қайраткер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Әміре Әрін сөз алып, тыңдарманды ой тереңіне бойлатқан болатын. Ол: «Түгел сөздің түп-атасы атанған Майқы бидің «Тұлғалы би нұр тұнған, туғанды би пұл қуған, жасанды би құл туған» деген тамаша даналығы бар. Мен елінің құрметіне бөленген, сөздің мәйегін терген Серік Әбікенұлын тұлғалы би деп білемін және ХХІ ғасырдың Майқысы деп есептеймін», – деп ұлт зиялыларының зерлі сөзін жинақтап, тереңіне бойлаған парасатты жанға әспеттеусіз, әсіреқызылсыз нақты бағасын берген болатын. Осы бір тебіреніспен айтылған жақсы лебіздің қоғам қайраткерін тағы бір мәрте даралап көрсететіні ақиқат.

«Кішкентай халыққа үлкен дос керек. Мұны 1941 жылы Әбутәліп айтқан», – дейді Расул Ғамзатов «Менің Дағыстаным» кітабында. Қысқасы, саны аз халықтың саналы азаматтары бізге қазір ақыл да, намыс та, ерлік те, бәрі-бәрі керек. Ол үшін ең бірінші еліміздің еңсесін, рухын көтере білейік. Рухты көтеретін ұлы күш – жоғарыда айтқан әдебиет пен сол баба мұрасымен ауызданған ел азаматтары. Ендеше, бәріміз жиналып руханиятымыздың тамырына нәр беріп, көсегесін көгертуге ұмтылайық. Олай болса мақаламыздың соңын орамды ойларын желдей естіріп, жебедей зулатып жазған Серік Үмбетов ағамыздың мына бір жазбасымен түйіндегенді жөн көрдік. «Төбемізде – Алла, көгімізде – Көк аспан мен самсаған көп жұлдыз. Үш қасиеттің нұры мен сәулесі қазақ даласындағы ұлы істерге жол ашып, халықты қорғап, қоршап тұр. Сондықтан қазақтың жан-жүрегі таза, ешқашан төмендемеген. Төмендемейді де».

Мұхтар КҮМІСБЕК