СУДЬЯ: "ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛМЕГЕНІМЕ ҚАТТЫ ҰЯЛДЫМ"

Уақыты: 11.06.2019
Оқылды: 1281
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жаһандану заманында сұранысы күн санап артып келе жатқан, ары-беріден соң бүкіл саланың байланыс барометріне айнала бастаған, біреу ар-ұятымен аттайтын, біреу қажеттілік туындап, талап етілгендіктен баратын тіл үйрету курстары туралы сөз қозғамақпыз. Дәл осы тұста ойыңызға ең бірінші ағылшын немесе өзге тілді меңгеру турасындағы ой келген болар? Жоқ. Біз көтеретін мәселе ол емес. Айтпағымыз – Ата Заңымыздың аясында мемлекеттік мәртебе берілген тілімізді білуге деген көптің ынта-ықыласы қандай, оны меңгергісі келетіндер неден қиналады, ұстаздар үшін қазақ тілін оқыту барысында қандай кедергілер туындайды, қазақша үйренуге ниеттілердің қатары көп пе деген сан сауал төңірегінде жауап іздеп көру.

В.Радлов: «Қазақтардың тілі әуезді де әсем, шебер де шешен, әсіресе, сөз сайысына келгенде олардың алғырлығы мен өткірлігі, тауып сөйлейтін тапқырлығы таң қалдырады», – деп баға бергендігін білеміз. Келтіре берсек осы секілді дәлелді мысал көп әрине. Сонда өзіміздің таза, бай, шұрайлы тілімізді жетік меңгеруге салғырт қарап жүре беруімізге не себеп? Мемлекеттік тілде қарым-қатынас орнату талап етіле қалса, шалақазақтардың шала бүлінуі, жиын-шараларда тілдік тепе-теңдіктің сақталмай қалуы секілді келеңсіз көріністер әлі де тоқтар емес. Елбасы қазақпен қазақтың қазақша сөйлесуін, қазақ тілі барлық ұлтты біріктіруші бірден-бір фактор екендігін айтып кетсе де, ұлт күретамырына күле қарауды қашан қоямыз?! Сөйте тұра елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйренбей жүр деп өкпелей аламыз ба?!

Тілді енді меңгеріп жүрген біреу бар қазақшасымен әлеуметтік желіге пост жазса, міндетті түрде оны сынай жөнелетіндер табылады. Яғни, «Өзіңді түзеп ал алдымен, қате жіберіп тұрып тіл туралы қалай жазып отырсың?» деген сынды пікірлермен сөгіп тастайды. Мұнан соң ойын орысша толық жеткізе алатын болғандықтан, ол, әрине, еріксіз «қазақшаға қолын бір сілтеуі» ғажап емес. Осы тұста айтпағымыз, мемлекеттік тілде таза сөйлеп, жазуды тұтас қоғам болып сәнге айналдыруымыз үшін қазақ тіліне енді ден қойып келе жатқан азаматты оң ойынан бездірмей, қолдау көрсету ерекше рөл ойнамақ.

Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында ағымдағы жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік тілді оқыту курсына 596 тіл үйренуші қабылданған. Оның 115-і мемлекеттік, 435-і бюджеттік сала қызметкерлері болса, қалған 46 тіл үйренуші – жеке тұлға. Олардың 280-і қазақ болса, 316-сы өзге этнос өкілдері. Біз бұл жерде жеке тұлға ретінде қазақ тілін үйренуге өз аяғымен келген 46 азаматқа назар аударғанымыз жөн. Мұндағы оқытушылар қазақ тілін жұмыс бабындағы қажеттілік үшін ғана емес, жеке өмірі мен келешегіне бола үйренгісі келетін қазақтардың да жоқ еместігін айтады. Олардың бірі, ертең қыз ұзатып, келін түсіргенде құдаларымен тең дәрежеде өз ана тілімізде тілдесе алуды мақсат тұтса, енді бірі немере сүйіп, оны ұлтжанды етіп тәрбиелеу үшін ана тілін білуім шарт деген ұстанымдағылар. Мұны естігенде талаптылардың талабына қарап қуанасың, әрине. Бірақ егемен ел болғанымыздың өзіне ширек ғасырдан астам уақыт өтті, сонда да болса қазақ тілін үйренем деген қазақтардың әлі де бары қынжылтпай қоймайды.

Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мемлекеттік тілді оқытушысы Жанар Елесбаева курсқа келген қазақ тыңдаушылар көбінде төл дыбыстарды меңгеруде қиналатындығын және қазақтың сөйлеу әуезділігі мен төл дыбыстарының ерекшеліктеріне мән берілмегендіктен олардың жазылуында болсын, айтылуында болсын міндетті түрде қате жіберетінін алға тартады:

– Ал өзге ұлт өкілдеріне келер болсақ, олардың оқимын деген ынтасы бар, бірақ жұмыста жазған кезде ол қате болады, қатесін қайта тіл мамандарына тексертеді, сөйтіп бір жұмысты екі етеді. Оған ешқандай бақылау жүріп жатқан жоқ. Сондықтан, олар мен тілді білсем де сол жалақы, білмесем де сол жалақы деген ниетте қалып қойған. Бірақ мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі қазақ тілінде еркін сөйлейді, сауатты жаза алады. Оқыту барысындағы ұстаздарға түсетін ауыртпалық ол – жас айырмашылығы, яғни, курста бір жастағылар болмаған соң олардың қабылдап, меңгеруі де әртүрлі болады. Мысалы, бір топта 60 немесе 20 жастағы да тыңдаушы отырады. Қабылдауы әр басқа. Осындай жағдайда жеке-жеке тапсырма дайындау оқытушыларды уақыттан ұтылдырады. Бірақ біз бұдан да қашпаймыз. «Білем» деп келген адамға толық тілді меңгеріп шығуға барлық мүмкіндік бар, – дейді Жанар Елесбаева.

Расында, мемлекеттік тілді меңгеруге бүгінде барлық жағдай қарастырылған. Тек ниеттілер қатары арта түссе болғаны. Солардың бірқатарының жеке пікірін білмекке әңгімеге тартып көрдік.

Алматы облыстық сотының судьясы Симузар Курбанова: «Қазақстанда тұрып қазақ тілін білмегеніме қатты ұялдым», - деп бастады сөзін. «Тілді меңгеруге барынша тырысып бақтым. Қазақ тілі – өте бай, әдемі тілдердің бірі. Тілін біліп, сол халықтың салт-дәстүрі мен дініне құрмет көрсету – ең басты құндылық деп санаймын. Алғашында қазақ тілін үйреніп бастағанымда дыбыстардың үндестігі ұнады. Мағыналық стилі де өте маңызды. Қазір өз ойымды қазақ тілінде жеткіземін. Өзімнің балам да қазақ мектебін тамамдады. Немерелерім міндетті түрде қазақ тілінде сөйлейтін болады. Оған кәміл сенемін», – дейді судья.

Ал өзін блогер деп таныстырған Олеся Таджиева: «Мемлекеттік тілін меңгермеген ел толыққанды мемлекет бола алмайды деп ойлаймын. Қазақ тілін біліп, түсінуім қоғамға бейімделуіме көп көмектесті. Көбі сөйлескенде тілді түсінбейтін шығар деп  ресми сөйлеседі. Бұл өз кезегінде біздің халқымыздың татулығы мен кеңпейілдігін көрсетеді. Мен қазақ тілін түсініп қана қоймай, ойымды да жеткізе алатынымды мақтан тұтамын. Бұл орыс тілін жетік білмейтін жандармен тіл табысуыма, ортаға бейімделуіме септігін тигізеді. Қазақ әндерін тыңдағанды жақсы көремін. Тіпті, үйде жаңалықтарды қазақ тілінде көруге тырысамын. Өйткені, тарихы тереңнен бастау алатын тілдің әр сөзінде мағына бар. Баламды да қазақ тіліне үйретудемін. Енем қазақ ұлтынан болғандықтан, немересіне қазақша сөйлеуін сұрадым. Қорыта айтқанда, баланы жастайынан тілге деген құштарлығын ояту қажет. Бұл олардың болашақта қымсынбай, еркін тіл табысуларына ықпалын тигізері сөзсіз», – деді.

Тағы бір ескеретін жайт, қазақ тілінің методикасы оқушының қабылдауы мен сіңіруіне күрделі етіп жасалған деген пікір де бар. Алайда біз тілдескен өзге ұлт өкілдерінің барлығы дерлік үйренуге ниет болса, меңгеру қиын емес деген ойда болып шықты. Қазақтың саны көбейсе, қазақ тілінде сөйлейтіндердің қатары артады деп жатамыз. Бірақ қазақ тілінің аудиториясын кеңейтіп, бір мемлекетте тұрғандықтан өзгені де қазақ тіліне ерекше құрмет көрсетуге шақырып, үлгі көрсету – біздің борыш.

ТҮЙІН: Қазақ тілін меңгерем деушілердің қатары артса және тек жұмыс бабы үшін емес, ең біріншіден, елге, жерге, Отанға деген құрметтен туындаған саналы шешім шығару турасында көпке ой сала білген болсақ, әрине, бұл бақыт! Ана тілін жарытпай, өзге тілді үйренуге жанталасатын кейбір замандас, қандастарымыздың тіл шұбарлығы жанға жара салады. Сондықтан, бесіктен берілетін ұлттық тәрбиеміздің діңгегі мықты болса, елдігімізді танытып, мәдениетіміз бен әдебиетімізді ұлықтайтын мемлекеттік тілге деген құрмет жылдан-жылға арта түсер еді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тілінде сөйлеуді сәнге айналдыру әрқайсымызға жүктелген жауапты міндет болып қала бермек.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА

Сурет ғаламтордан алынды