«БӨРІСОҚПАҚ» БИІКТІКТІҢ СИМВОЛЫ

Уақыты: 16.06.2019
Оқылды: 2803
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қолыңызға күтпеген, не болмаса ойламаған жерден бұрындары аты-жөні  белгісіз, ныспысы еш жерде байқалмаған оқшантайдан шыққан автордың әлдебір кітабы түссе, көңіліңізді түрлі-түрлі ой мазалап, көкірегіңізді  алақұйын сезім аралайтыны сөзсіз.  «Бұл өзі неткен кітап, беймәлім автордың осы дүниесі шынында да өз жанрына сай әдеби нәрсе ме, жоқ, әрненің басын шатып, тисе терекке, тимесе бұтаққаның кері ме?» деген тәрізді кермек ойдың санаңызда сапырылысатыны айдан анық.  Ал оның есесіне алдыңызда аты- жөні бұрыннан таныс, жазғандары әрқилы газет, журналдарда жарық көрген танымал қаламгердің кітабы жатса, ой әуені де өзгеше құбылып сала береді. Жанарыңызда жарқ етіп, таң рауандағандай болады. Кітапқа қуана қол созасыз, оқуға асығасыз.

Кәсіби жорналшы, танымал қаламгер Дәурен  Қуаттың  2018 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Бөрісоқпақ» деп аталатын кітабы қолымызға тигенде осындай көтеріңкі көңіл, сергек сезімде болғанымыз рас. Кітапқа автордың әр жылдары жазылған, әртүрлі басылымдарда жарық көрген әңгімелері топтастырылыпты. Алғашқы әңгіме «Мүйіз тарақ» деп аталыпты. Кімнің болмасын қашанда қолынан тастамай, қасиетті заттай бағалап, әспеттейтін киелі дүниесі болады. Сол секілді үй ішінде ошақ пен төр арасында «шоқаңдап сырғып күнелтетін кемпірдің де бағалы заты – мүйіз тарақ. «Мүйіз тарақ – кемпірдің көнекөз серігі. Бұлықсып бойжеткен шағында ағасы Тұрсынахметтің  сыйға тартқан күміс тарағы...» Осы тарақ кемпірге көненің көзіндей көрінетін. Мүйіз тарақты ұстаған сайын есіне қай-қайдағы түсіп, ой тұңғиығына бататын. Өтті де кетті заман елес беретін. Өкінішке қарай, сол күміс тарақ та оған көп жылдық серік болмады. Кеңестік солақай саясаттың құрбаны болды. Бірде  бұлардың үйі «ақ жағалы, дөкейлердің кезекті легін» күтуге тура келеді. Келген топ ішіп- жегенімен тұрмай, бассыздықтың да неше алуан түрін көрсеткен. Сол күні жетім құлын обыр топтың жемтігіне айналды. 
«...құлынның қос жанары Жоңғардың жондарында шашылған күннің қан қызыл шапағына шағылысып, үнсіз мөлдіреді...». Ақ жал, жетім құлын осылай апат болды. Жарайды, мұны да жөн делік. Қонақжай халықпыз ғой, жесе бір құлынның етін жеген де шығар. Ал ескіліктің қалдығы, феодализм заманының сарқыншағы деп Ақботаның шашына бекітулі тұрған күміс тарақтың қатал сынға алынуы, сөйтіп кәмпескеленуін не деп түсінуге болады?! «...Артынан майысқақ қазақ сөйледі. Ол да қайдағы пәлені жаудырып, біраз бұрқылдады. Ұққаны: мынандай тарақты ұстау қате екен. Түбірімен саяси қате. Бұның түбін тергеп-тексеру қажет. Қайдан шыққанын анықтау ләзім... Сондықтан ескінің сарқыншағы саналған тарақтың көзін құртқан жөн.
Сорлы келіншек «ағамның сыйы еді» дей алмады, көз жасын бұлап, үнсіз егіліп қала берді. Құлын етіне мелдектей тойып, күміс тарақты олжалаған ұлық... қаласына қайтты». Соңыра не болды дейсіз ғой, болғаны сол, жалғыз ұлы Тойшаннан ерте айырылып, оның еккен терегінің жапырағын қызғыштай қорып, мүйіз тарағын серік еткен кемпір «...мүйіздеп бітірген тағдырына мәңгілік мойынсынып,  мүйіз тарақтан суырған шашын шөкемдей ұстаған күйі ошағының аузында көз жұмады». Шығарманың ұзын ырғасы осы. Әңгіме сізді алуан түрлі ой сарсаңына салады. Оны оқи отырып, қиналасыз, өткен дүниенің кейбір оспадарсыз сәттеріне күйінесіз. Тіпті, оқиғасы қилы-қилы әрекетпен өзіне тартып, еріксіз баурап отырады.
Жазушы өз шығармаларында бір ғана жалқы соқпақты емес, түрлі әдеби әдістерді қолданады. Сондықтан да болар оның әңгімелері, әсіресе, кейіпкерлер тағдыры өзгеге  ұқсамай мүлдем басқаша болып шығады. Тіпті жазушы әңгімелерін оқи отырып, кей тұстарына келерде түсінбестік белең алып, бұл қалай болды деп абыржып отырып қалатын кездеріңіз де кездеседі.  Жаңа, тың әрі тосын, мистикалық, мифологиялық сарындағы оқиғалар алдыңыздан шығады. Бұған оның «Күнікей-Кірекей» деген адами философияға құрылған әңгімесі арқау болады. Күнікей – әйел затының аты болса, Кірекей аюдың аналығының атауы. Ел ішінде әйелді аю ұрлап кетіпті, сөйтіп оны апанына әкеліп бағыпты. Арада біршама уақыт өтіпті. Бірде үй адамдары әйелді іздеп келіп тауып алыпты. Үйге жүр дегенді айтыпты. Сөйтсе әйел «апан да болса үйім еді, аю да болса байым еді, бармаймын» деген көрінеді. Осы аңыз жазушы әңгімесінде өзгеше нақышпен өрнектеледі. Былайша айтқанда адам мен аю арасында жібектей жұмсақ таза түсіністік пайда болады. Қара Дүлей әйел затына өзгеше ілтипат танытады. Бапы Балқы атты жыландар көсемі де өзара ақылдаса келе хайуанаттардың да өз мезетінде адам баласын, адамзатты сүю керек дегенге саяды. Бәрінен де адам болмысты жоғары қояды. Бұл жазушының аталмыш шығармасындағы өзіндік ой толғамы, тіпті авторлық пәлсапасы десе де болады. Бір бұл ғана емес, жазушы ел жадында бағзы заманнан бері сақталып, өшпей келе жатқан аңыз-әпсаналарға өзгеше өң, басқаша сипат береді. Ең қуанарлығы автор сол ел ішіндегі алуан қилы аңыз, әңгімелерді сол қалпы қайталамайды. Оны өзінше түрлендіреді, аңыз, әңгіменің болмыс-бітімін жаңа қырынан танытады. Уақыт, заман талабына сай етіп өзінше айшықтайды. Сонымен қатар басқаға ұқсамайтын пәлсапа түйіндейді. «Күнікей-Кірекейдегі» түрлі аңдар, әр санатты хайуанаттар арасындағы драмалық тартыс, әдеби жүйе осының айғағы секілді. Қара Дүлей, Балқы Бапы, мүйізі қарағайдай бұғы, елік дегендеріңіз, бір сәт болса да адами қарекетке көшіп, аңыз әлемін айшықтай түседі. Қадап айтары сол осы суреттеу, сипаттау, кейіптеу, тартыс пен таластың бәрі адам болмысына сай етіп шынайы бейнеленеді. Жинақтағы қай әңгімені алып қарасақ та жарқ-жұрқ еткен бейнелі сөздер, соны теңеулер, әдемі баламалар да жиі ұшырасып жатады. Мұны да қаламгердің өзіндік ізденісі, шығармашылық табыстары деп бағалаған жөн.
Қызыл сөз, әсіре баяндау, тым әсершілдік қашанда көркем ойдың жауы. Жинақтағы әңгімелердің қай-қайсысына көз салсақ та мұндай әбес әдет кездестірмейміз. Оның есесіне қарапайымдылық, бұлақ суындай шымырлаған шындық басым. Артық сөзден ада қарапайым тіркестер өзінің шынайылығы, көркем болмысымен көз тартады. «Күңірт кеп» деп аталатын шағын әңімеден мына бір үзіндіні оқып көрелік. «...Таныды. Әкесі екен. Қоңыр жүзі қоңыр таулардың төбесінде шашылған ойынпаз күннің шапағымен шарпысып, мейірім төгеді. Қой қораның іргесінен өрген көне сүрлеу жиде талдардың түбіне оралып, түтіле созылып, көк барқыт жазықтың балағына барып сіңіпті. Тастан-тасқа секіріп ақтарылған ақбалтыр тау бұлағының шолақ иірімі                  ақезуленіп асыға ағады. Бейне бұның асыр сала шапқылаған аусар кезіндей. Өзі өскен, өзіне ыстық дүние еді бұл! Жүрегі жанып, көңілі шаттанды. «Әке, – деді күбірлеп, – мен саған келдім». Аталған әңгіме бойында бұдан өзге де әдемі тіркестер жеткілікті. Бала әкесіне келді. Алайда былай қарағанда бала әкесін жек көретіндей көрінеді. Оны баланың өзі де мойындайды. Бірақ бұл кейіпкердің сырт болмысы ғана. Ал, ар жағында әкеге деген ыстық сезім тайқазандай қайнап жатыр. 
« – Әкемді жек көруші едім, – деді ол бағанадан әңгімесін ұйып тыңдаған досына қамырықты жүзін бұрып, – бірақ оны үлгі тұттым. Жолсыздыққа бас имейтін қайсар адам еді. Біздің әкеміздің тұсындағы заман – арзан заман болды ғой. Сол арзан заманда ол азған жоқ; қорлық пен мазаққа тілсіз көніп, тілсіз егесіп өмірден өтті. Мен әкемді  таудың жақпар тасына ұқсаттым. Жақпар тастың өзін жаңбырлар мен ғасырлар қашап отырып мүсіндеген емес пе. Менің әкем де тас мүсін адам еді. Мейірімсіз еді. Маған мейірімсіз еді.  Әкемнің мейірімсіздігінен мен алдағы өмірімді қорқынышпен елестетіп, қиялмен болжайтын бала болдым. Қиялымда атам мен әжем өліп қалып, жетімдіктің зарын кешетінмін. Ал, әкем үйге үрей әкелгендей болатын.  Бірақ ол бір мен үшін таусылмайтын қамқор тірлігін қанжығасынан тастаған емес. Ішінде шер мен сағыныш та кеткен тәрізді. Сол сағыныш пен шер маған көшіпті...»
«Мал – адамның терезесі» деп халық тегіннен-тегін айтпаған. Ал, жарықтық Қамбаратаның жөні бір басқа. Жинаққа енген жазушының  «Қасқа айғыр қайтып соғар ма?» атты әңгімесіндегі мына бір үзіндіге көз жүгіртіп көрелік. «... Дала қазақ пен жылқыны қатар туған. Бірінің тұяғы сетінесе, бірінің сүйегі сұйылады. Түптің-түбінде екеуі де анасына боздап қайтары анық. Анасы – боз даласы. Қасқа айғырдың сол сапардан соқтырып оралуы – соның мысалы. Мысал көп қой. Көп мысалдың бірі еді ол, көне мысалдың жаңғырығы еді ол. Жершілдік. Қасқа айғыр тым жершіл болып шықты. «Баяғыда, үлкендер жағы сыбырлап қана айтатын, –Шұбар құсап айдауға кеткен көк пері қайырылып бір соқты-ау...».
Қоғамда адам не көрсе, хайуан да соны көреді екен. Қасқа айғыр да сол адамдармен бірге замана зардабын тартқан. Кеңестік заманның киеңкі заңына ұшырады. Қамбарата жарықтық барлық қасиетінен айырылып, тек қана ет үшін  қасапханаларға аттанды. Былайша айтқанда қызыл қырғынға ұшырады. Ал, қасқа айғыр сол замана кесапатына қарсы шығып, тұтқыннан қашып шықты. «Көбесін көк тікендей буған кісенді қарш шайнап, үзіп тастап көсілген қасқа айғыр қара жердің жонын қасыды. Бауырын арбақ тіс соқа тілгілеген дала да рахаттанып жазыла берген. ...Атажұртына азынай тартқан қасқа айғыр қанжыға тұсқа қайырылып бір, қамшылар жағына екі қарады...» Сонымен Қасқа айғыр азаттыққа шықты. Ауылға келді. Оның бұл келісіне ел қуанды, ал керісінше, қасқа айғырға жауыға қарағандар да табылды. Жауыға қарағандардың  қынынан суырған пышағы жыланның тіліндей жалаң-жалаң етті. Әйткенмен, одан әріге бармаған. Ал Қамбарата жыры әр үйде айтылып жатты...  Тегінде «... қазақ дегеніміз – жылқы, ал жылқы дегеніміз – қазақ. Екеуінің де анасы сайын дала, самалды Сарыарқа» дегенді заманымыздың ұлы жазушысы Қабдеш Жүмәділов тегіннен-тегін айтпаған-ау.
Жинақтағы шағын әңгімелердің бірі «Он сом» деп аталады. Кәдімгі Кеңес заманындағы Ленин қасқаның басы бейнеленген он сом. Адам азайын десе, рухани жағынан жаңылып, су аяғы құрдымға кетейін десе, осы он сом да жетіп жатады екен. Жылқышы әйелі жайлы неше алуан өсектерді естіген. Оқиғаның өз үйінде, төсек маңында қалай болып жатқанын білмейді емес, білген. Бірақ көбіне анығына жете бермеген. 
«Япыр-ай, сонда шынымен солай болғаны ма?!». Бұл жылқышының ішкі жан тебіренісі. Оңашада көбіне көп өстіп күйзеледі. «...Тік қабақ сұрша әйел. Бар пәле көзінде. Сүзіліп қарайды... Сүзіліп қарайды.
Білегіне ораған шылбырды оқыс тартып орнынан тұрды.  Кер жорға құлағын қайшылап, әнтек тыпыршыған. Жылқышы ай астында есінеген тауға еңсеріле бұрылды. Естімейді емес қой...» Жылқышы да жылқы мінезді. Баладай аңғал. Не болса, соған сенеді. Кездескен сайын арақ ұсынатын Оспанның аярлығына мәз. Ал, директордың құрметі тіптен бөлек. «Сұрша әйел мал дәрігері Оспан мен мектеп директорының құшағында кезек ойнайды. Неткен тойымсыз сайқал еді?!».
«Кейінгі айларда Оспанды менсінбей, директорға біржола ауыпты деседі...» Ақыры жылқышы шындыққа да көзі жеткендей болған. Үйінен табылған директорға қызмет көрсетеді. Сақал- шашын алады. Он сом. Осы қызметі үшін ол он сом алған. Кейінде келген. Тағы да он сом алдынан шығады. Осы он сомдықтар ылғи алдынан шыға берген.  Ақыры не болды дейсіз ғой, құдіреттің күші шығар, мектеп директоры мен сұрша әйел көше кезіп, жынданып кетеді. 
– Сөйтіп, «екі адамның өмірі мен денсаулығына қасақана зиян жасады» деген айып тағып темір торға қамалдым, – деп тұтқын бұрынғы Кеңес одағының ақшасы он сомдық банкнотты төс қалтасынан суырды:
– Жігіттер, осы жаман қағазбен-ақ кісіні жазым ету түк емес. Бәрінен бұрын адамға сабыр керек. Әгәрәки, ашумен қос салдақыны бауыздап өлтіргенде, арманда кетер едім. Ал қазір менің жаным тыныш, есінен айырған екеуді оңашада ермек етемін...» Міне, бұл сайқалдықтың, сатқындықтың ең соңғы аялдамасы, су аяғы сарқылған тұсы... Өз-өзінен алақыныңа түскен он сомдықтар түптеп келгенде саған өмір емес, тезінен өлім сыйлайтын секілді... 
Адам бойында неше алуан асыл қасиеттер бар. Солардың ішіндегі кімге болмасын керектісі және ең қажеттісі – төзім. Тірлікте адам төзімі сыналар тұс аз кездеспейді. Ал, кімнің төзімі мықты, шыдамы берік болса, сол адам ғана дегеніне жетеді. Шыдамы әлсіз, төзім тегеуріні жұқалардың жөні бір басқа...
Қаламгердің «Қызыр әулие мен Мұса ғалайассалам» әңгімесіне осындай өміршең ойлар өзек болған. Мұнда адам төзімі қос ағыс не болмаса қатар жүретін екі сюжет арқылы сынға түседі. Алғашқысында Мұса мен Қызыр әулие алдымыздан шығады. Мұса мырсал пайғамбар Алланың сүйікті құлы. Сол сүйікті құл өзін жер бетіндегі ең ақылды, дана адам санайды екен. Сөйтсе қателесіпті. Жаратушы оған Алла жолындағыларға байлық пен береке, ақыл мен даналық шашатын Қызыр әулиемен кездесуді тапсырады. Мұса жол жүре отырып, Қызырға да жолығады. Қызыр әулие оған қандай жағдай болмасын жақ ашып, сұрақ қоймауын өтінеді. Мұса келіседі. Алдарынан жүргелі тұрған кеме кезігеді. Қызыр Ілияс ол кемені бұзып тастайды. Бұл Мұсаға өзгеге жасаған ашық қиянат көрінеді де, мәнісін сұрайды. Бұл мырсал пайғамбардың бірінші қателігі еді. Бұдан соң Қызыр Ілияс жазықсыз баланы өлтіріп, ескі тамды құлатып тастайды. Сөйтіп, ол қатарынан үш рет сынға ұшырайды. Қызыр Ілияс өзінің істеген ісінің мәнісін түсіндіреді де, ғайып болады. Бәни Ысырайыл пайғамбарының бойын өкініш билейді. Екінші ағымдағы әңгімеден алдымыздан кәдімгі Ащыбұлақ деп аталатын қазақи ауылда тірлік еткен Әбірем шығады. Өзі пысық, жаназа, топ-жиыннан қалмайды. Қолынан ақ таяғын тастаған емес. Елдің бәрі оны Арқадан ауып келген келімсек санайды. Алайда оның кім екенін Алматыда оқитын нағашы аға ғана анықтайды. Сөйтсе ол Әбірем Найман емес, Абрам Нойман, қазақ емес, еврей екен. Бейшараның көрмегені қалмапты. 27 жасында Қарағанды жеріндегі «КарЛаг-қа» түсіпті.
– Небір ғажап, білімді адамдармен  «КарЛаг-та» ұшырастым. «КарЛаг» мен үшін абақты емес, Академияға айналды... Абай да даналық пен пайғамбарлықтың азапты ғұмырын кешті ғой, – деп өткенін еске алады ақылгөй қарт. Ақыры еврей қарт бәріне де шыдайды. Қайда жүрсе де өзінің ұлтын, тілін, дінін ұмытпайды. Қайта өзінің еврей екенін жарық әлемге жария етіп, жар салғысы келеді. Ойы таза, еңбегі адал қарттың ең соңғы арманы өз еліне,   Иерусалимге кету ғана қалып еді.
– Менің ғұмыр бойғы арманым – Бәни Ысырайыл топырағына бауырымды төсеу... Әттең, бар екенімді, тірі екенімді білсе, көне шежіреден хабардар яһудей баласы мені самғатып алып кетер еді, – деп мұңаюшы еді ол.  Ақыры неге болса төзген, төзімі болаттай берік еврей шалдың тілегі қабыл болады. «...Көне шежірені жатқа білетін яһудей жігіттері оны көкте самғатып, Иерусалимге алып кетті...». Міне, шығармада неге болмасын төзу мен шыдамсыздықтың арасы осындай баяндалады.
Жинақтағы өзіндік ой, пәлсапаға толы дүниелердің бірі – «Бөрісоқпақ» әңгімесі. Жалпы не нәрсенің болмасын, адам атаулыдан тартып, қыбырлаған жәндік, ұшқан құс, жүгірген аңға дейін өз соқпағы болады.  Ол сол соқпақпен ғана жүріп, жер үстіндегі нәпақасын тауып жейді. Сол секілді көк бөрінің де өз соқпағы, өз сүрлеуі, жымы болады. Ол соқпақ өзгелерге ұқсамайды, бағыты да басқа, жолы да жоғары. Өйткені көк бөрі түркітілдес халықтар үшін бәрінен де киелі. Көк бөрі түркілердің анасы, атасы, жаратылыстың түпнұсқасы. Кезінде көк аспан жерге жамбастап жатып алыпты. Ең аяғы бұлдырық та ұша алмапты. Сол кезде көк бөрі тұмсығын созып, «ау» деп ұлыпты. Оның бұл дыбысы адамдарға қуат берсе керек. Сонымен адамдар қасқыр үніне қосылып, «ауп» деп көк аспанды көтеріп тастапты... Содан бермен қасқыр киелі, абалақ әспетті. Апан-қаланы қасқыр қаптап кетеді. Тіршілік иелерінің бәрі қасқырға айналып кетеді. Өзге қасқыр атаулының бәрі ішкеніне мәз, жегеніне тоқ болғанда Көсем қасқыр олардан жырылып, жалғыз қалады.  «...Бұл күні көсем тағы ұлыды. Кешегідей озандап, күңіренбей, рух шақырып, ерлікті мадақтап  ұлыды. Тағы да жалғыз өзі ұлыды.  Ертеңіне үйірін ертіп, жорыққа аттанды...».  Апан-қала тамаққа қарық болды. Енді етке тойып, есі кеткен қасқырлар үйірі Көсем абаданнан қашақтай бастаған. «...Бұрынғы бабаларымыз солай етіпті. Ну и что, олар үңгірде тұрды екен деп, бізде үңгірде тұруымыз керек па?! ...Біз, міне, қала қасқырларымыз», – деп өздерінше ой қорытып, бөлініп тынады. Көсем бөрі бүлкекпен жөней берген. «Көсемнің бет алысы Жоңғар Алатауының «Қартайған» биігі. Екі жағы жалаңаш құз-жартас, найза тұмсық асуда бұның бабасының көне бөрісоқпақ ізі қалған. Көсем сол ізді басып өтпек». Көсем ұзақ жортты. «Ақбоз ат бауырымен бұлт кешіп келеді. Аспан таулар ат тұяғының астында тас бұлттарға айналып, күтір-күтір етеді. Кенжеахмет ерден сырғып түсіп,  ақбоздың иіскелеген жеріне үңілген. О, Тәңірім, міне, қара! Ақбоз арлан қасқырдың ізінен түскен соқпақты тауыпты, Бөрісоқпақ!»
Апан қаладан ауған абадан бөрісоқпағын осылай табады. Әңгіме осылай аяқталады. Қорыта айтқанда, «Бөрісоқпақ» өз айтары, идеясы бар, оқушысын сан қилы қызыққа, қиял дүниесіне жетелейтін, тілі кестелі, бас-аяғы жұмыр, жаңа әдеби ағым, өзгеше формамен жазылған келісті шығарма.  Айтылған сөздің ақиқатына жету үшін бұл жинақты тек қана оқу керек.

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі