ҚАПАЛДАН ШЫҚҚАН ҚАЖЫ

Уақыты: 17.06.2019
Оқылды: 1753
Бөлім: РУХАНИЯТ

ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан Қапал өңіріне Қазан татарлары сауда-саттық жасап, келе бастайды. Қытай, Шығыс Түркістан, Ташкент, Бұқара, Қоқанмен сауда қатынасына жол ашады. Солардың бірегейі – Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы. "Сейфул" дегені алынып тасталып, татарша сойы Мөлекев деп жазылады. Орысшада – Мулюков. Ғалиақпардың Меккеге қажылыққа барған құжатында Сейфулмүліков деп сойы толық жазылғаны 2004 жылы шыққан «Жетісу» энциклопедиясының «Жетісу өлкесінен қажылық сапарға барғандар» қосымшасында келтірілген.

Ғалиақпардың ұрпақтары ататегін Қазанның Қызыл Жұлдыз ауданы, Мыңдұш ауылынан шыққан десе, мәскеулік профессор Балқыз Қармышева: «Ғалиақпар Мөлекев Балташ яклары, Ор ауылынан шыққан», – деп жазады. «Ябылмаған китап» атаулы кітаптың 33-бетінде Мөлековтер туралы деректер келтіреді. Кітап сараптан өтіп, Татарстан Президентінің мәдениет қоры басып шығарғанын ескерсек, маңызды екенін түсінеміз.

Бабаларын татарлар «әти» деп атайды. Сейфулмүліктің есімін тікелей атамай, «әти» деп атаған. Салдары, Сейфулмүліктен ары қарай ата таралымы ұмытылған. Сондықтан, Сейфулмүлікті ұрпақтары «баба» деп санайды.

Сейфулмүліктің ұлы Ғалиақпар Татариядан алдымен Семейге келеді. Бас татар саналған Ғабдессәлам (Әпсәлем) Мөхсиновтың «приказчигі» болып қызмет атқарады. Әпсәлемнің қызына үйленіп, күйеубаласы болады. Қызметінде Ғалиақпар Әпсәлем атасының сенімін ақтап, Қытайға баратын сауда керуенінің басшылығына тағайындалады. Ғалиақпар еларалық сауданы өнімді жүргізеді. Шоқан Уәлиханов архивінде сақталған, Құлжадағы орыс елшілігінің хатшысы жүргізген «Күндізгі журнал 1855 жыл» деген құжатнамада: «4 тамыз. Ғалиақпар мен Нажмитден Әпсәлем қажы приказчиктері. Өткен жылы Құлжа қаласында өз капиталдарымен сауда жасады. Ғалиақпар  Әпсәлемнің күйеубаласы, капитал қоры қомақты», – деп жазылған. 1854 және 1855 жылдары Сейфулмүлікұлы Ғалиақпар мен Нажмитден Бекболатов екі мәрте Қытайға барып, сауда-саттық жасап қайтады. Бір жағы еларалық қатынасты дамытуға жол ашады. 1890 жылы Қапал уезінен 54 жастағы Нажмитден Бекболатов, 11 жастағы ұлы Садуақас Меккеге қажылыққа барған. «Из Сибири» кітабында түрколог, ғалым В.Радлов: «Жетісу өлкесінен Шәуешек пен Құлжа қалаларына мал саудасын 4/1 мөлшерде өрбіткен татар нәсілді саудагерлер», – деп жазады.

Қапал 1854 жылдан округтік қала болғанда үш бажа – Ғалиақпар Сейфулмүліков, Нажмитден Бекболатов, Мұхаметжан Мұқамедиев – Қаптағай-Қыдыралы елінің имам-молдасы, Қапалдағы төменгі мешітті басқарады, Семейден Қапалға көшіп, жақсы жай салып орнығады. Қапалда мал саудасын өркендетіп, өңірдің 1-ші гильдиялы көпес байлары атанады. Қапалда сауда айналымы 30 мың сомға жетеді. Қапалға жаңа үдеріс – цивилизация, сауда, тазалық ұстаным, дін мәселесін ұлықтап, оған ерікті пейіл пәрмендерімен атсалысады. Қапалда алты көше бойы 546 үй, тоғыз көпір салынады. Қапалдың метереологиялық климатын қадағалауға 1857 жылдан бастап жыл сайын қаржылай көмегін үзбей көрсетіп тұрады. Қапал округіне тоғыз пошта бекеті қараған. Пошта жолы Қапалдан Сергиополь мен Арқат бекетіне шейін 189,5 шақырым және Верный бағытына Қарабұлаққа дейін 53 шақырым болған екен.

Шоқан Уәлихановтің 1858 жылғы Қашқария экспедициясына Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы барынша кеңес пен көмек береді. Экспедиция құрамына сауда-саттықпен қатысады. Ол туралы Қабдрахман Наурызбаевтың татарлар туралы жазылған деректі хикаятында келтіріледі.

Қапалда салынған ескі мешіт әлі тұр. Қаңқасы қалғанымен мәні ерек, зор. Мешітті салдыруға ұйытқы болған Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы. Ол жергілікті халықтың бетке ұстар мұсылмандарының басын қосып, жиын өткізеді. Мешіт салдырсақ деген мәселені алға тартады. Жиынға келгендер Ғалиақпардың ұсынысын қолдайды. Шекара әскери генерал-губернаторы Г.Колпаковскийге Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы ұсыныс хатты жиынға келгендер атынан жазады.

Жиынға келген Қапал өңірінің тоқсан екі бетке ұстар мұсылманы хатты қолдап, соңына қолдарын қояды. Бұл 1866 жыл. Генерал-губернатор Г.Колпаковский тоқсан екі адам қол қойған хаттың маңызына сәйкес Батыс Сібірдің Омбыдағы жоғарғы басшысына хат жазып, Қапалда мешіт салып беру керектігі жөнінде ұсыныс тастайды.

Омбы қаласындағы басшылық ұсыныс хатты қабыл көреді. Бұйрық шығарып, мешіттің сызба жобасын жасап бекітеді. Мешіт салуға арнайы архитектор Никитин деген тағайындалады. Мұсылмандар мешіт құрылысын Қапалда 1867 жылдан бастап жүргізіп, 1874 жылы бітіреді. Бұл жетелі жетістік болады. Дін шынайы дәріп, тәрбиеге ұласады. Ғалиақпардың бастамасы іске асып асқақтайды. Беделі артып, жасаған қайырымын халық та қош көреді.

Көп тілеуімен әмбе ойындағы арманын орындау мақсатында 1812 жылы туған Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы алпыс үш жасында, яғни 1875 жылы Меккеге қажылық сапарына Қапал – Аякөз, одан Семей, Омбы, Орынбор, Феодосия, Стамбул арқылы барады. Мединаға түйемен жетеді.

Бұл – Қапал уезінен Меккеге қажылыққа барған екінші сапар. Қажылыққа Ғалиақпармен Мұхаметжан Мұқамедиев, Файзолла Құсайынов бірге барған. Меккеге қажылыққа Қапал уезінен бірінші сапар бір жыл бұрын, яғни 1874 жылы болған. Онда қажылыққа Сейітқожа Садырбаев, Хайболла Ғабитов барған. Хайболла Ғабитов қазақтың айтулы тұлғалары: Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтің жары болған Фатима Ғабитованың атасы болады.

Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы Меккеде болғанында қажылыққа барғандар тоқтайтын қонақүй (тақия) мен керуен сарайын өз қаражатына салдыртады. «Ябылмаған китап» мәліметінде: «Ғалиақпар мүмкіндігін көрсетіп, қажға барған шақта, Меккеде қаж қылушылар тоқтарлық «тақия (қонақүй)» мен керуен сарайын салдыртып, көпке жаратуға бақыт етіп қалдырды», – делінеді.

Ғалиақпар қажының ұлдары: Солтан – 1848 жылғы, Сыттық (Сыдық) – 1850 жылғы, Лоқман (Лұқпан) – 1852 жылғы, Хаким – 1855 жылғы. Барлығы әке жолымен Меккеге қажылыққа барып, тәу еткендер. Қапалдан шыққан қажылар атанғандар. Барлығы сауда-саттық кәсібімен айналысқан. Елді мекендерде сауда үйі, лавкалар, балағандар ашқандар. Бұлар бірді-бірге соғып, алдап тірлік еткен емес. Қиянат, жаманшылық кінәратқа бармағандар. «Талапты ердің қабілеті елмен мұқалмас», – деп елге өз қаражаттарына газет-журналдар сатып әкеп, халықты білімге ұмсындырғандар. Ағарту жұмысына қаржысын аямағандар. Кедейлер үшін зекет салығын ұдайы төлеп тұрғандар. Мәдени шаралар өткізіп, одан түскен қаржыны кедей отбасыларының талапты балаларын оқытуға жұмсап  отырғандар. Қапалда жаңа, сәнді киім үлгілерімен танылып, қала халқы солардың киім үлгерімен киінуіне «мода» қылғандар. Қазақты отырықшы болуға да жол көрсеткендер. Сондай-ақ, шығыс пен кіріс есебін өздері тұрақты жүргізген екен.

Ғалиақпарұлы Солтан Қытаймен сауда жасау керуенін басқарып жүргенінде, оқыс қарақшылар қолынан мерт болған деген дерек қалған. Лоқманның әйелі Қапал атырабына әйгілі Тұрсын төренің Хадиша есімді қызы. Лоқман 1916 жылы сырқаттан Қапалда өмірден өтіп, Қапалдағы қорымға жерленеді. Артында Фарфаз, Гүлжиған, Садық деген ұрпақтары қалады.

Бұл – біздің зерттеуіміздің бір тармағы ғана. Ғалиақпар қажыдан тараған балалары, немерелері, одан бергі ұрпақтары да өнегелі із қалдырды. Олардың өмірі де бір-бір кітапқа арқау. Біз тек Ғалиақпар қажының қайраткерлігін, Қапал өңіріне сіңірген еңбегін көрсетуге тырыстық.

1920 жылы Қапалды қызылдар алады. Мұсылмандар мешіті басындағы күнмен шағылысып, жарқыраған айды көздері шалады. Қызыл командирі бір әскерге мешіттегі мұсылмандық белгі «айды құлат» деп бұйырады. Әскер мешіт төбесіне шығып, мұнара басындағы көмкерілген айды опыра жерге құлатады. Айдың жарты сілемі жерге қадала кіреді.

Көргендер қызылдар қаһарынан қорқып, құлаған айға батып бара алмайды. Екі-үш күн мешіт нышаны ай жерге қадалған қалпында жатады. Ғалиақпардың немересі, Сыттықтың ұлы, он төрт жастағы Амин төртінші күні түнде ешкімге көрінбей мешітке барып, мешіттің айын құлаған жерден алып үйіне әкеледі. Мешіттің айы үй астындағы жертөлеге көміледі. Үйдегілер ешкімге ауыз ашып айтпауға уәделеседі.

1920 жылдан 1991 жылға дейін Қапалдағы мешіт айы солай жертөледе сақталады. Қапалда 1991 жылы аудан көлемінде мешіт қайтадан ашылады. Мешіт имамы Доскелді мешіт нышаны ай туралы үлкендерден естіп біледі. Мешіттің шаруашылық басшысы Баймұхамбет Шалматаевтан мешіттің айын іздестіріп, табуды өтінеді. Халық қалт айтпайды. Имамның ел ішінен естігені рас болып шығады. Мешіттің айы орнына үлкендер мен көпшілік тілеуімен қайтадан орнатылады. Мешіттің айын Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы тапсырыспен өз қаражатына  арнайы жасаттырған екен. Ұрпақтары кемел атасынан қалған жәдігерді талай жылдар бойы сақтап, оны көпшілік тілегімен орнына қойғаны ғибратты рәсім екенін ұрпақтар ұғына жатар.

Сейфулмүлікұлы Ғалиақпар қажы Қапалда қайтыс болады. Ғалиақпар қажы: «Беті қалың, бетке қарап өтірік күлгендерге, аяғының басына қарап сөйлейтіндерге аса жуымаңдар. Арақ – әзәліл, ең жаманы, қиыны. Қалғаны адамға табиғилық», – деген ғақлия қалдырады. Ғақлиясын ұрпағы осы күнге дейін орындап келеді.

Ғалиақпар қажы өмірден озғанда Меккедегі тақия мен керуен сарайы басшылары ресми көңіл айтып жазған хаты Қапалдағы ұрпағына жетеді. Түп-тамыры бір татар нәсілдері төрткүл дүниенің барлық жеріне таралған. Ғаламаты – орныққан жерлерінде жаңа өрісті мәдениет, оқу, білім, сауда, өркениет әкеп, жергілікті халықты соған жетелей білгендерінде. Қапал Мөлековтері де ондайдан кенде қалмаған.

Жастар жылында Ғалиақпар қажы мен ұрпақтарының өнегесін өрендерге қайта таныстырып, Рухани жаңғыру аясында насихаттай білсек, кемдік етпес деп есептеймін.

Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ