ЖАС ТҮЛЕК-2019: ҮШ ТІЛДЕ ЛЕБІЗ БІЛДІРДІ

Уақыты: 17.06.2019
Оқылды: 5020
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл Қарасай ауданындағы орта білім беретін 50 мектепте 1799 жас түлек үлкен өмірге жолдама алып отыр. Олардың ішінде 65 оқушы мектепті "Алтын белгімен" бітірсе, 59 оқушы "Үздік аттестат" иегері, ал 36 оқушы республикалық және халықаралық олимпиадалардың  жеңімпаздары.

Шамалған ауылында орналасқан Қарасай батыр атындағы білім шаңырағында өткен «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау рәсіміне аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы келіп, озат түлектерді оқудағы жеңістерімен құттықтады.

– Орта білім алуда үздік атану – ол 11 жылғы табанды еңбектің, ұмтылыстың, тынымсыз ізденістің жемісі. Сондықтан, бүгінгі күн өздеріңіздің үздік те озық білімдеріңізді дәлелдеген салтанатты жеңіс есте қаларлық ерекше күн, – деді Жандарбек Ермекұлы. – «Көп ізденген көмбенің үстінен шығады» демекші, бұл күн көп жылғы табанды еңбектеріңнің өтеуі ақталған жарқын күн және үлкен өмірге қадам басатын қуанышты сәт.

Ақжарма тілектерін айтып, озат түлектерге ақ жол тілеген әкім салтанатты шараға қатысушы 65 «Алтын белгі» иегеріне медальдар табыс етіп, Алғыс хатпен бірге естелік сыйлықтарын ұсынды.

Ата-аналар атынан сөз алған Асылай Базарбаева жастарымыздың лайықты білім алып, армандарының орындалуына жол ашып отырған мемлекет қамқорлығын тілге тиек етіп, ұстаздарға жұртшылықтың алғысын жеткізді. Ол мектепті өте жақсы бітіріп, өз білімдерін дәлелдеген түлектерді еліміздің гүлденуі жолында білімі мен еңбегін аянбай жұмсауға  шақырды.

Өз кезегінде сөз алған мектеп бітірушілер ізгі лебіздерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеткізді. Салтанатты жиын дәстүр бойынша үлкен өмірге жолдама алған жастардың мектеппен қоштасу вальсімен аяқталды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы