Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

Ілияс ЖАНСҮГІРОВ-125: ҒЫЛЫМИ БАҒЫТТА 79 МАҚАЛА ЖАРИЯЛАНДЫ

Уақыты: 19.06.2019
Оқылды: 228
Бөлім: РУХАНИЯТ

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті. «Жастар – еліміздің келешегі, ал білімді жастар – мемлекетіміздің жарқын болашағы» деген Елбасы ұстанымын ұстанған Алаш арысының атымен аталған киелі шаңырақ тек білім нәрімен сусындатып қана қоймай, еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақтың болашағы кемелді де келісті болуына зор жағдай туғызуға белсене атсалысуда.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру мақсатында университет жыл сайын  «Менің бастамам» инновациялық жобалар атты аймақтық ғылыми-зерттеу жобаларының байқауын өткізеді. Оның мақсаты – Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылымды дамыту бағытындағы басым сипатты практикалық инновациялық маңызы бар жобаларды іріктеу, аймақтық ғылыми-зерттеуді дамыту. 

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі және І.Жансүгіров университетінің ұйымдастыруымен облыс бойынша «Startup «Bolashak 4 сезон»: Менің арманым» ұлттық республикалық стартап жобалар байқауының іріктеу кезеңі өтті. Облыстағы барлық бастауыш жобалардан 80-ге жуық стартап-жоба алынып, қатысушылар өздерінің жобаларын жетекші бизнесмендер мен ғалымдарға ұсынды. Оларға өздерінің инновациялық жұмыстарын жетілдіру бойынша қажетті ұсынымдар мен кеңестер берілді. Конкурстың келесі кезеңіне университеттен 23 жоба үздік деп танылып, шілде айында Шымкент қаласында өтетін ширек финалға жолдама алды. Бұл жобалардың авторлары 2018-2019 оқу жылында «TechnoСamp», «Өзіңді көрсет», ҚР Бірінші Президенті қорының «Болашақтың ғалымдары», «Professionalize Kazakhstan», «Startup «Bolashak»: Менің арманым», «Inclusive IT»  байқауларының жүлдегерлері болды. Мәселен, жаратылыстану-техникалық факультетінің студенті Т.Диппель Елбасы қорының «Болашақтың ғалымдары» байқауында жеңімпаз атанса, физика-математика, құқық және экономика факультеттерінің студенттері Д.Нүркежанов, Ә.Айтқазы, К.Шаяхметова «Өзіңді көрсет» облыстық байқауында І және ІІІ орындарға ие болды.

Оқу орнының тарихында алғаш рет гуманитарлық факультеті «журналистика» мамандығының екінші курс студенті Гүлім Салғараева 400 үміткердің арасынан іріктеліп, неміс «Konrad Adenauer Foundation» қорының «SUR-PLACE» атты стипендиясына ие болды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш.

Университеттің «Жас ғалымдар» кеңесінде факультеттердің ғылыми қоғам төрағаларының белсенділігі көрінеді. Атап айтсақ, құқық және экономика факультетінде Б.Гусенов, Н.Жүніс, Ж.Тәңірбергенов, гуманитарлық факультетте А.Ғалымова, Ш.Жеңісқызы, Ұ.Әтілғазы, педагогика және психология факультетінде  А.Капенова, Ж.Сауытбекова, З.Мамырова, Л.Күренкееваларды мақтанышпен атауға болады.

2018-2019 оқу жылында университет екі халықаралық, яғни «Рухани жаңғыру – Қазақстанның серпінді дамуының негізі», «Қазақстанның сот реформасы: жағдайы, мәселелері, болашағы», төрт республикалық, атап айтар болсақ, «Қоғамдық сананы жаңғырту аясында құқық пен мемлекеттің теориялық және тәжірибелік мәселелері», «ХХІ ғасыр ғылым мен инновация», «Жансүгіровтағылымы» І.Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына арналған және аймақтық «Инновациялық технологияларды білім беру үрдісіне ендіру – сапалы білім негізі», «Теория и практика преподавания русского языка и литературы в образовательных учреждениях Республики Казахстан в контексте обновленной программы»,  «Жаңартылған  орта  білім беру жағдайындағы алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнін оқытудағы инновациялық әдіс-тәсілдер» тақырыптарында конференция өткізді.  

І. Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына арналған «Жансүгіров тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына 150 адамнан аса еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері мен педагогтар қатысты. Шара аясында 79 ғылыми мақала жарияланды. Олардың ішінде ҚР жоғары оқу орындарының педагог оқытушылар құрамы және І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары мен магистрант, докторанттардың мақалалары конференция жинағында жарияланды. Конференция жұмысының пленарлық мәжілісінде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова «Ілияс шығармалары мәтінін лингвостатистикалық және фоносемантикалық аспектілерде зерттеудің маңызы», облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайдың «І.Жансүгіровтің ағартушылық қызметі мен педагогикалық идеялары», «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазиновтың «Құлагер» поэмасы: ақиқат пен аңыз», І.Жансүгіров музейінің директоры Нұргүл Жауынбаеваның «Жыр дүлдүлі», «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының мең- герушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шара Қияхметованың «Мәлім және беймәлім Ілияс» тақырыптарындағы баяндамалары  тыңдалды.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында университетте облыс мектептерінің 7-9 сынып оқушылары арасында «Киелі мекенім – Жетісу» атты өлкетану ізденіс жұмыстарының облыстық байқауы өтті. Аталған іс-шараны университеттің «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығы мен облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Байқауда өлкетанудың тарих, география, әдебиет, музыка және өнер бағыты бойынша дайындалған жеке және ұжымдық ізденіс жұмыстары тыңдалды. Бұл іс-шараға облыстың барлық ауданы мен қаласынан 100-ден аса жас зерттеушілер келіп, өздерінің жобаларын қорғады.

Биылғы оқу жылы студенттердің ғылыми үйірмелер мен проблемалық топтарға қатысуы арқылы университеттің «Менің бастамам» инновациялық жобалар байқауында ғылыми жобалар базасы құрылды, бұл жобалар әрі қарай басқа да аймақтық, республикалық, халықаралық байқауларға жіберілді. 2018-2019 оқу жылында университет факультеттерінде 49 ғылыми үйірмелер мен проблемалық топтарда 684 білімгер жұмыс істеді. Атап айтсақ, «Заңгер», «Криминалист», «Өсімдік дақылдарын дамыту технологиясы», «Биологиялық мониторинг проблемалық топтары».

Университет ХІ республикалық студенттік пәндік олимпиадаға 11 команда қатысып, 13 жүлделі орынға ие болды. «Құқық және экономика негіздері» және «Физика» мамандықтары бойынша ХІ республикалық студенттік пәндік олимпиада университет қабырғасында жоғары деңгейде өтті. Келер оқу жылында «Математика» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтарының студенттеріне арналған ХІІ республикалық студенттер арасындағы пәндік олимпиада және «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша ХІ республикалық студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша байқау өткізу жоспарлануда. 

Сонымен қатар, дене шынықтыру және өнер факультетінің студенттері өздерінің біліктілік аймақтарына сәйкес әртүрлі деңгейдегі спорттық жарыстардың белсенді қатысушылары. Осы оқу жылында факультет студенттері аймақтық жарыстарда бес облыстық, он екі республикалық, алты халықаралық және көрмеде  І-ІІІ дәрежелі орындарға және жүлделерге ие болды. 

Университет студенттері ғылыми-инновациялық және кәсіпкерлік білімін арттыру мақсатында университет және бөгде ұйымдар ұйымдастырған оқыту семинарларына белсене қатысады. Осы оқу жылында  студенттер үшінші қазақстандық жастар секциясының симпозиуымына, «Ректор кубогы» дебатына, «Атамекен ҚР ҰКП» ұйымдастырған кездесуге, «Enactus Ұлттық кеңсесінің» оқыту бағдарламасына, «Startup Bolashak: Менің Арманым» жобасы бойынша брифингке қатысты.

Осылайша университетте білімгерлердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына баса назар аударып, көңіл бөлсек, олардың да  ғылымда өркениеттің бір жолын ашатыны анық. Оқып үйренуге, білімді жетілдіруге ең қолайлы уақыт ол – жастық шақ. Біздің жастарға берген біліміміз еліміздің ертеңіне, келешегіне инвестиция болатынына сеніміміз мол.

Е. АНДАСБАЕВ,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың инновациялық жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры