КӨШПЕНДІЛЕР: СОҒЫСУ ТАКТИКАСЫН ҮЙРЕНДІ

Уақыты: 25.06.2019
Оқылды: 1327
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алатаудың жауһары Үшқоңырдағы «Nomad» этноауылында «Көшпелі халықтардың тарихы мен өмірі» атты халықаралық фестиваль өтті. Туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған шараға әр елден келген туристер мен өңірдегі ірі туристік орталықтардан келген қызметкерлер, журналистер мен блогерлер қатысты.  

Қонақтарды былтыр ғана ашылған «Nomad» этноауылының басшысы Жандос Нұрбеков қарсы алып, аталмыш орталықтың жұмысымен таныстырды. Алдымен  ұлттық тағамдар жасайтын асханаға бас сұқтық. Мұнда әр өңірге барып, қазақ тағамын зерттеп жүрген  Әйгерім Мұсақажымова туристерге қазақтың ұлттық тағамдарының ерекшеліктері жайлы кеңінен тарқатып берді.  
– Қазақ халқы ежелден адам бойына күш-қуат беретін, дәруменге толы тағамдарды тұтынған. Дана халқымыз: «Ет етке, сорпа бетке», – деп текке айтпаған. Тағамдар көбіне халықтың жағдайына,  тұрмыс-тіршілігіне қарай пайда болған. Бүгінде біз әр өңірді аралап жүріп 200-ден астам ұлттық тағам түрін үйрендік. Қазақта қуырдақтың қырық түрі бар десек, оның әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар. Әр тағамында бала, келін, жалпы болашақ ұрпақтың тәрбиесі жатыр. Жалпы, қазақтың әрбір ұлттық тағамы таңдай қақтырары. Әсіресе, қазіргі күні ұмыт бола бастаған ұлттық тағам түрлері ерекше, – деді ол. Сондай-ақ әр елден келген туристер сүрленген еттен қарын бүрме тағамын жасады.
Осыдан кейін киіз үйдің ағашы мен жабдықтарын тұтас қолдан тоқып, шебер жасай білген әжелеріміздің өнерлерін тамашаладық. Туристер биіктіктің кемел үлгісі саналатын, қолынан бал тамған ақ самайлы, қазыналы әжелеріміздің өнері мен халықтың рухани байлығының көзі болып табылатын  бағалы құндылықтарына тәнті болды. 
Ат шаптырып, көкпар тарту халқымыздың ұлттық ойын түрі болғандықтан әрбір қазақ баласы тұлпар десе делебесі қозып тұратыны жасырын емес. Осыған орай, ұлттық өнерімізді бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау мақсатында аталмыш этноауылда арнайы алаң ашылған. Осы алаңда мамандар туристерге көкпар тарту әдістерін көрсетті. Сонымен қатар, көшпенді халықтың соғысу тактикалары мен садақ атуды үйретті. Жиынға келген жұртшылық  батырлардың ұрыстағы тактикасы мен ұлттық ойындарына тамсанып, ерекше әсер алып қайтты. Жиын соңында «A – Star» фольклорлық тобы күмбірлеген күй төгіп шараның шырайын кіргізді. 

А.Назарұлы