"ШЫНДЫҚТЫ БАҒАЛАП ҮЙРЕН": БАС РЕДАКТОР МАРАТ ТОҚАШБАЕВ СҰХБАТ БЕРДІ

Уақыты: 28.06.2019
Оқылды: 1905
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ журналистикасы – өмір мектептерінде шыңдалған, өзіндік дәстүрі қалыптасқан қоғамның қозғаушы күші. Бұл саланың ардагерлері туралы айтқанда, Марат ТОҚАШБАЕВ ағамызға тоқталмай өте алмаймыз. Баспасөз майталманы бірқатар республикалық басылымдарға жетекшілік жасады. Ұлттық телеарнада қызмет етті. Қазір «Prezident & Halyq» газетінің бас редакторы. Ең қызығы, Марат ағамыз Жетісу өлкесінің перзенті ғана емес, «Жетісу» газетінің де түлегі. Қаламгерлік қанаты осында қатайды. Осы жерден биіктерге самғады. Әріптесімізді төл мерекесімен құттықтай отырып, аға буынның алтын кеніш ақылына ден қойғымыз келіп, әңгімеге тарттық.

– Мерекеңізбен, аға! Төл мерекемізде жолығып отырмыз. Сондықтан, сөзімізді журналистік әлемге басқан алғашқы қадамыңыздан бастасақ.

– Әрине, марқаямын. Өйткені мереке ортақ, бәріңе табыс пен бақыт тілеймін! Енді сұрағыңа көшейін. Шелек аймағындағы Малыбай ауылын білетін шығарсың. Өзі жасыл желекке бөленген көркем жер. Мен сол қыстақта нағашыларымның қолында өстім.

Әкем Байділда Жанысбаев фин, герман, жапон соғысында болып, 9 жыл өмірін әскер қатарында  өткізіпті. Елге аман оралса да ұзақ жасаған жоқ. Соғыстағы жарақаттың салдарынан менің екі жасымда дүниеден озыпты. Кеудемдегі сарқылмайтын сағыныштар бәлкім дүние болмысын тануға ертерек ұмтылдырған шығар. Оның үстіне бала кезден кітап оқуға құмарттым. Ауыл мен мектептегі кітапханалардың тұрақты оқырманы атандым. Арман мен қиял біздің қос қанатымыз секілді еді. «Он бес жасар капитанның» ерліктері еліктіретін. «Робинзон Крузоның» жалғыздығы таңғалдыратын. Қазақ ертегілері ғажайып әлемге жетелейтін. Шығармашылыққа қызыққан алғашқы соқпақ осылай басталды.

– Екінші үйіңіздей болған «Жетісу» газетінің есігін қалай аштыңыз?

– 1966 жылы Шелек ауылындағы Абай атындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, кәмелеттік аттестатқа ие болдық. Ол кезде республикадағы жоғары оқу орындары саусақпен санарлық. Ал журналистика факультеті тіптен қат. Өзі бір-ақ жерде, Алматыда ғана. Сондықтан мұндағы бәсеке ерекше! Бір орынға 10-15 талапкер. Кейде барлығынан өтіп тұрып, сөреге жете беріп құлайсың. Өкініштен ішің қазандай қайнайды. Амал қанша, оған да төзіп келесі жылды күтесің. Көресіні неміс тілінен көрдім. Көбінесе сол пәннен сүрінуші едім. Алайда «жеңілген күреске тоймайды» деген рас екен.

Бәрібір алған беттен қайтпадық. «Горный овцевод» деген кеңшардың қойын бағып жүріп те университетке дайындалдым. Төрт жылдан кейін КазМУ-дің журфагінің сырттай бөліміне қабылдандым. Оның бір жақсы жері газет-журналға қызметке орналасуыңа болады. Өзіммен сыныптас жас ақын Рахымжан Өтегенов осы «Жетісу» газетінде курьер. Курьер деген – қолжазбаны баспаханаға таситын адам. Басқа да біраз міндеттері бар. Рахымжан редакциядағы бөлімге ауысқан соң, оның міндетін мен орындай бастадым. Сөйтіп газеттегі еңбек жолым ең төменгі сатыдан басталды. Бұлай болғанының пайдасы зор екен, бәрін кейін білдім. Наполеон І Бонапарт: «Журналист қаламымен қоғамды тазартушы» дейді ғой. Осы мамандық бала күнгі жазушы болсам деген арманмен ұштасып кетті.

– «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы?!» деген әдемі өлең жолдары бар ғой Оспанхан ағамыздан қалған. Сондай ағалардың есте қалған әсерінен не айтар едіңіз?

– Алдымен Тұмаш ағама тоқталайын. Тұманбай Молдағалиевтің қамқорлығын көп көрдік. Ақынның тұла бойы ізгілікке толы, ешкімнен жақсылығын аямайтын. Інілеріне сәттілік тілеуден жалыққан емес. Біз бір өңірдің адамдарымыз. Әсіресе, қалам ұстауға деген талабыңды байқаса, ерекше қуанатын. Мәселен, мен КазМУ-ге түсу үшін емтихан тапсырған кездерімде жанкүйер болып далада күтіп тұратын.

Рахымжан мен Мәлік досымды тіптен еркелететін. Үшеуміз ақын ағаның үйіне бірге барамыз, отбасымен емен-жарқын араласып тұрдық. Жаздыгүні таңертең бірде балконда айқыш-ұйқыш ұйықтап жатқанымызды көріп, «Үш досқа» деп аталатын жыр жазғаны да есімде.

Тұмаш ағаның өзі де, сөзі де өте тартымды. Ол кісінің айтқан ақылы мен көрсеткен өнегесі бізге өзіндік мектеп болды. Соның ықпалы шығар, жаман әдеттерден аулақ жүрдік. Өзімізге өзіміз сын көзбен қарауды үйрендік. Ауылдан қалаға келген бозбала жігіттер үшін бұл үлкен әсер, үлкен әкелік қамқорлық еді. Біздерге асқар таудай болып көрінетін ақын аға сол кезде небәрі 34 жаста ғана екен. Дұрыс жол көрсеткен адамдар «Жетісу» газетінде де аз болған жоқ. Олар бізді өз балалары, өз інілеріндей аялады. Шығармашылыққа баулыды. Редакцияның жаңалықтар бөлімінде қызмет істейтін Бикен Шалабаева деген апайымыз болды. Жастар ол кісіні өте жақсы көруші еді.

– Маратжан, – деді бір күні ақырын ғана жымиып, – маған басың ұнағанымен, қыздардікіне ұқсайтын анау шашың ұнамайды. Оны желкеге түскенше өсіру міндет пе? Бұл – жігітке жараса қоймас. Сыпайы жүрістен ұтылмайсың. Ренжімесең, мен саған ақша берейін, шашыңды қысқартып келсең қалай болады? – деді.

– Оған сөз бар ма, апай. Сөзсіз қысқартам, оған ақшам да бар, – деп қоям. Сәті түсіп ертесіне шашымды қысқартып келмеймін бе?! Ал апай әбден риза болды:

– Жарадың, Маратжан! Үлкенді тыңдағаннан ешкім ұтылмайды, – деді риза кейіппен. Мұндай жарасымды қарым-қатынастар жанымызды жадырататын. Біз үнемі үлкендердің назарында жүрдік. Оны өмірдің өзімізге арналған ерекше сыйы деп түсіндік.

– «Жетісудың» насихат бөлімінде еңбек етіпсіз. Сол кездегі насихаттарыңыз қай тұрғыда болушы еді?

– Кеңестік кезеңнің өзегі – компартиялық жүйе. Партияның нұсқаған жолымен жүруің керек. Оның мәнін бұқараға ұқтыру, түсіндіру газеттің басты міндеті. Соны орындаймын деп алашапқын боласың. Кейде ойдан ой туады.

Бір күні Талғар қаласында ерлі-зайыпты молдавандармен таныстым. Өздері ешкімді жатырқамайтын ақжарқын жандар екен. Кең отырып әңгімелестік. Тіпті, ашылып сырластық. Сонда байқағаным, олар өз сенімдеріне құлай берілген діндарлар екен. Қалай бұрсаң да қалаған жолдарынан айнымайды. Мен оларды сол кездің стандартына сай қайта тәрбиелеп, кеңестік өлшемге бағынатын атеист еткім келген. Сол үшін өзім білетін ғылыми дәйектерді молынан келтіріп, пікірімнің дұрыстығын дәлелдеуге күш салдым.

Бұл үшін олар мені жек көрмеді. Өзеуреп таласпады да. Алайда өз сенімін менің сенімдеріме айырбастамады. Көзқарастарымыз екі бағытта болса да біз өте жақсы сыйластық. Кейін, ұлы Жаратушы туралы мен де тереңінен ойлай бастадым. Коммунистік идеологияның өзіндік шеңберден шықпайтын шаблондық ұғым екенін аңғарғандай болдым. Кезінде осындай бір оқиғалар басымыздан өткен. Сол кезде де коммунистік идеологиядан тыс өмір сүретін жандар барына таңғалдық.

– Сөзіңізге қарағанда, дінге қатысты кереғарлықты көрген соң, кеңестік кезеңнің қиғаштықтарын өзіңіз де аңғарған сияқтысыз. Осыған байланысты әңгімеңізді таратып айтсаңыз қалай болады?

– Ол кездегі «Жетісу» – партиялық газет. Сондықтан еңбек адамдарын көтермелеу керек деген бағыттағы тапсырмалар жиі беріледі. Сол мақсатта жүріп біраз жайларға қанықтық. Көзбояушылықтың, әсіре қолпаштаушылықтың не екенін білдік.

Мәселен, кейбір атақты шопандар 100 саулықтан 140, кейде 150 қозы алып жататын. Тіпті, бір шопанның жүз саулықтан 207 қозы алғанын да жазғанымыз бар. Яғни, саулықтары түгелдей егіз туады. Мұндай ғаламат көрсеткіштер ол кезде диқанға да, сауыншыға да, құрылысшыға да тән болатын. Осы шын ба, өтірік пе деп ойланып қаласың. КСРО-да жоспарды асыра орындаудың құрғақ үлгісі 1935 жылы донецкілік шахтер Алексей Стахановтан басталған. Ол күндік нормасын 4-5 есеге асыра орындаған екен. Бұл бүкіл Кеңес одағында стахановшылар қозғалысын өрістетуге мұрындық болды.

Жарайды, оған да сеніп, дүрілдетіп қол соғайық. Бірақ ақиқатында адам табиғатының мүмкіндігі ондай көрсеткіштен әлдеқайда төмен болатын. Міне, басты гәп осында. Бұдан соң еріксіз күмәнданасың. Бара-бара озаттардың өздері де өтіріктен қайыр болмайтынын сезді ғой деп ойлаймын. Жалпы кеңестік идеология қоғамды алдады. Бәрін өзінің темір құрсауында ұстап, тырп еткізбеді. Басқаша ойлау мүмкін емес болатын.

Мен бұларды неге айтып отырмын? Қазақ қоғамы жаңарып жатқан бүгінгі таңда кешегі келеңсіздіктерден қалған ескіліктің дәстүрлері шоңайнадай етекке жабыспаса екен деп тілеймін. Жас журналистер қоғамға сергек қарағаны жөн. Қолыңнан келсе, шындықты танып, бағалап үйрен. Журналистік қызмет осындай ерекшеліктерімен құнды.

– Сіз баспасөзге берген сұхбаттарыңыздың бірінде өзіңізді ашықтан-ашық ұлтшылмын депсіз. Кеңестік уақыттағы "уралаған" патриотизмнен ұлттық патриотизмге бетбұрыс қалай болды? Қазақтар тек коммунизмді аңсаумен көзін жұмып отыра бермеген шығар?

– Иә, мен ұлтшылдық көзқарасымды жасырмаймын. Алайда ол ұлтшылдық қазақтың басқалардан жоғары тұруын емес, тең құқылы азаматтық қоғам құру арқылы қазақ мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған. Адамның түйсік-танымының өзгеруіне ортаның ықпалы мол. «Жетісуда» 13 жыл еңбек етіп, біраз ысылған соң «Білім және еңбек» журналына ауыстым. Мұндағы шығармашылық сипат бөлек екен. Бас редактор – Ақселеу Сейдімбек. Сол кездің өзінде-ақ ұлтының жоғын түгендеу үшін белін бекем буған қаламгер. Қайсар мінезді ғалым болатын. Бізге ұлтқа қатысты мәселелерді қисынын тауып көтеруді үйрететін. Сол Ақаң «Көркем әдебиет қоғамды өзгерте алмайды, әдебиет адамның ізгі мінез-құлқын қалыптастыруға септеседі. Ал қоғамдық өзгеріске қозғау салатын – журналистика» деп жиі айтып отыратын. Осындай қағидалар жас журналистерге кәдімгідей серпін беретін.

Сөйтіп, әдеби кітаптармен қатар танымдық шығармаларды жинай бастадым. Анықтамалар мен сөздіктерді, түрлі энциклопедияларды іздейтінмін. Одақтас республикаларға, Мәскеуге, Ленинградқа  іссапарға шыққанда, міндетті түрде кітап дүкендеріне соғатынмын. Ұнаған кітаптарды сатып алып, Алматыға, өз атыма поштамен жөнелтіп отыруды әдетке айналдырдым. Жақсы журналист болу үшін мұның бәрі керек.

«Білім және еңбек» мені қайта тәрбиеледі. Ұлтымыздың айтулы тұлғалары – Әлкей Марғұлан, Нұртас Оңдасынов, Марат Сенбин, Советқазы Ақатаев, Мақаш Тәтімовпен редакцияда жиі ұшырасатынбыз. Сол алыптардың мақалаларын нөмірге дайындаймыз. Ақылдасамыз. Сөздерінің астарынан ұлтына деген сүйіспеншілік пен азаттық аңсаған пейілдерін аңғаратынбыз.

Әдетте бізді «неге бұлай?!» дейтін сұрақтар жиі мазалайтын. Мәселен, еліміз Қазақ Республикасы, бірақ тіліміз өз мәртебесінде емес. Мемлекеттік биліктің негізгі тізгіндері басқалардың қолында. Бірінші басшы – орыс, орынбасары – қазақ. Тіпті, мынаған таңғалатынбыз: пәтер бөлгенде екінші, үшінші қабат өмірі қазаққа тимейтін. Қазаққа бұйыратыны – бірінші қабат пен ең жоғарғы қабат болатын. Марапатқа ұсынғанда да қазаққа қатысты әділетсіздіктер жиі көрініс беретін. Осындай кереғарлықтар толып жатты.

Ал «революция көсемі» Ленинннің еңбектерін оқысаң мүлде басқаша. КСРО Конституциясында барлық республикалардың құқықтары тең деп көрсетілген. Соған қарамастан қоғамда жазылмаған заңдар үстемдік етті. Ол қағида орыс ұлтының сойылын соғатын. Осының бәрін сараптай келгенде, шынайы өзгерістердің қажет екенін риясыз сездік.

Заманның желі басқа бағытқа соға бастады. Ұлтқа жанашырлық «Қазақ әдебиеті» газетінде де қылаң бере бастады. «Қазақстан» телеарнасы батыл әрекеттерге бетбұрыс жасады. Камал Смаиловтың жетекшілігімен телеарнаның қан-тамырында ұлттық рух пайда болды. «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отауы елдің сүйіп көретін бағдарламаларына айналды. Күлдіріп отырып ойландырды. Сағат Әшімбаев жүргізген «Қарыз бен парыз» қандай еді?! Оның бірнешеуіне өзім де қатыстым. Осының бәрі журналистің ең алдымен ұлтқа қызмет ету қажеттілігін есімізге салды және миымызға мықтап орнықтырды.

– Сол кездегі Жоғарғы кеңестің, яғни, Парламенттің органы атанған «Халық кеңесі» газетін қазір біреу білсе, біреу білмейді. Оны көрген аға ұрпақ өкілдері «Мықты басылым еді» дейді. Сол газетте жауапты хатшы, редактордың орынбасары болыпсыз. Осы туралы айта кетсеңіз.

– 90-шы жылдың архивтерін ақтарсаң көп жайларға қанығасың. Қазақстанның саяси өмірі қазандай қайнап жатты. Демократияның лебі көктемнің самалындай жан-жақтан есіп тұрды. Жастық жігер жетелеп солардың ортасында өзіміз де болдық. Оқиғалардан тыс қалуға дәтің жетпейді. «Қазақ тілі» қоғамын құруға атсалыстық. «Азат» азаматтық қозғалысын ұйымдастыруға үлес қостық. «Әділет» қоғамының мәселелерін газетке беріп жаттық. «Азат» газетінің алғашқы екі нөмірін шығарғаным есімде. Мұның бәрі бойдағы жалынның, жастыққа тән арынның қуаты ғой. Бой тасалауды білмейтінбіз.

Сөйтіп жүргенде, 1990 жылдың көкек айында «Халық кеңесі» газеті жарыққа шығатын болды. «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының бірінші орынбасары Сарбас Ақтаев жетекшілікке тағайындалды. Алғашқылардың бірі болып сол газетке мен де шақырылдым. Жұмабек Кенжалин, Басқар Битанов, Самат Ибраимов, Бақытжан Тобаяқов  секілді өңкей сен тұр, мен атайын дейтін мықты журналистер жаңа редакцияның көркіне айналды.

«Халық кеңесі» аса өткір, ұлттық тақырыптарды жиі көтеретін. Демократиялық еркіндік рухымен қуаттанған 30 бен 40-тың арасындағы қылшылдаған журналистер қаламды еркін сермейтін. Қоғамның демократиялық жаңғыруы билікке деген сенімді күшейтті. Оқырманға журналистер мен авторлардың мәселелерді жалтақсыз көтеретіні, ашық сөйлей бастағаны ұнайтын.

Депутаттардың өзі «Халық кеңесіне» шыққан материалдармен санасатын. Газет сөзінің орасан ықпалы болатын. Жұрт талқылап пікір қосатын. Әйгілі Джозеф Пулитцердің «Қарапайым қызметшің түсіне алмайтын нәрсені газетке басушы болма!» деген қағидасын ұстандық. Газет үкіметтік маңызды шешімдердің қабылдануына талай рет мұрындық болды. Кейде қатарласыңнан оза шапқан да жақсы емес екен. Сөйткен «Халық кеңесі» ақыры таратылып тынды. Штат кестесі «Егемен Қазақстанға» қосылып, газет тарих қойнауына кетті. Бірақ жаңаша ойлау мен жаңаша жазудың өнегесін бәрімізге көрсетіп үлгерді.

– Журналистердің өткірлігі мен орамдылығы газет қызметінде үлкен рөл атқарады. Осы тұрғыдан қарағанда, кешегі мен бүгіннің арасында қандай айырмашылық бар?

– Өмірдің заңы – өсу. Бүгіннің кешегіден биік тұрғаны жақсы. Десек те, 1990 мен 1995 жылдар аралығында қазақ журналистикасы қарқынмен дамыды. Олардың техникалық мүмкіндіктері қазіргімен салыстырғанда қораштау болған шығар, бірақ демократиялық деңгейі қазіргіден көш ілгері тұратын.

Олар мәселенің мәнісіне бойлай алатын. Өңін айналдырып интернеттен көшіріп алуды білмейтін. Бәрін өз пайымдарымен безбендеді. Оқиғаларды біліктілікпен зерттеуге күш салды. Оларға елдік тұрғыдан баға берді. Құрылтайшылардың ыңғайына көне бермейтін. Менің қатарластарымның көбі қаламын осылай өткірледі.

Қазір «газет оқылмайды» деген пікір пайда болды. Білгені де, білмегені де кінәні әлеуметтік желіге арта салады. Атқарған іске әділ сараптама керек. Сонда бұл сұрақтың жауабы дәл табылатын шығар деп ойлаймын. Айырмашылықты осы тұстан іздеген жөн.

– Сіз мемлекеттік басылымдарда тәжірибе жинап, оны өзіңіз шығарған жекеменшік газет-журналдарда сәтті пайдаландыңыз. Яғни, медиабизнесті қалыптастырдыңыз. Құпия болмаса, соның әңгімесінен де сыр шертсеңіз.

– Менде жабық тақырып жоқ, бәрі ашық. Кәдеге жараса, пайдам тисе айтып берейін. «Қазақстан» телеарнасындағы басшылық қызметтен кейін «Қазақстан-ZAMAN» халықаралық басылымына бас редактор болдым. Ол Қазақстан мен Түркия мемлекеттерінің жекеменшікке негізделген бірлескен басылымы болатын. Осы қызметте жүріп, едәуір тәжірибе жинақтадық. Осы тәжірибе 2005 жылы «Президент және Халық» газеті ашылғанда кәдімгідей пайдасын тигізді. Ресми орындар да қолдады. Сөйтіп медиакәсіпкерлік өміріміздің бір бөлшегіне айналды. «Президент және Халық» газеті 14 жылдан бері үздіксіз шығып келеді. Қазір еліміздегі танымал басылымдардың қатарына қосылды. Сол сияқты «Қазақстан патриоты» атты журналымыз да оқырман қолына тұрақты тиіп келеді. Бұл – жастардың отаншылдық сезімін ұштайтын, ұлт тарихына бойлататын, талғамдарын өсіретін басылым. Ең бастысы, медиабизнесті жүргізуден біз ұтылғамыз жоқ.

Осындай жолды жалғастырғысы келетін іні-қарындастарымыз болса, айтарым: «Өзіңе өзің сенсең, ештемеден жасқанба. «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің». Сонымен қатар, оларға мынаны да ескерткім келеді: газет-журналды ашудан бұрын оның таралатын аудиториясын анықтап алған жөн. Мұны іске асырудың екі жолы бар. Біріншісі – баспасөзге жазылуды ұйымдастыратын «Казпошта», «Евразия», «Эврика-пресс» сияқты тарату агенттіктерінің қызметін пайдалану. Екіншісі – бөлшек сауда. Бірақ бөлшек сауда әлі күнге дейін қазақ басылымдарына қырын қарауын қоймай келеді. Осындай қолдан жасалған кедергілерден арылатын кезең туған шығар деп ойлаймын.

– Сөзден сөз туады, ірі мегаполис Алматыда мерзімді басылымдарды тарататын дүңгіршектер мүлдем азайды. Бұл жағдай қалалықтарға да ұнамайды. Осы жөніндегі сіздің пікіріңіз қандай?

– Мен таяуда Америка Құрама Штаттарында болғаным бар. Әлем астанасы саналатын Нью-Йоркта түрлі дүкендермен қатар газет-журнал дүңгіршектері де көзіме оттай басылды. Қаланың көркіне зиян келтірген дәнеңесі жоқ. Есесіне америкалықтардың қолынан айфонмен қоса күнделікті газеттер де түспейді. Шетелдіктердің осындай оңды тәжірибелерінен неге үйренбейтінімізге қайран қаламын.

Алматыға қарасаң қарның ашады. Қала басшылығы 65 дүңгіршекті алдырып тастаған. Бұл кімге зиян, кімге пайда? Қала басшылығы оны дұрыстап таразылауы керек.

– Кейінгі толқын – жастарға не айтасыз?

– Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деген ұлы өсиетін бекерге айтқан жоқ. Сондықтан жастарға сену, елдің болашағына сену. Менің қуанатыным, жас журналистер биік деңгейлерге ұмтылады. Әлемдегі әріптестерімен бәсекелескісі келеді. Ол жақсы үрдіс. Әлем терезесін газет арқылы да ашуға болады. Бұл ағылшын тілін меңгергендіктің нәтижесі. Жастар осы бағыттарынан танбаса, күш-қуаттарын еселесе, әлі-ақ газет оқылатын болады. Сондай басылымдардың қатарынан өзімнің «Жетісуымды» көретінім анық.

– Айтқаныңыз келсін, әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Болат МӘЖИТ