ЖАҢА ЗЕРТТЕУ: ЖАНСҮГІРОВТІҢ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ

Уақыты: 27.06.2019
Оқылды: 3346
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тек ақын ғана емес, прозаик, драматург, сатирик, журналист, аудармашы Ілияс Жансүгіровтің қазақ әдебиеті тарихында алатын орны үлкен. Ол өзінің шығармаларымен әдебиетіміздегі көркемдік тәсілді қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Заман шындығын, оның өткен шырғалаңын нақты суреттей білген реалист қаламгер, ащы шындықты мақалалары арқылы оқырманға жеткізе білген ұлтжанды азамат. Сөз зергерінің айшықты туындылары қазақтың көркем сөз мәдениетін дамытып қана қоймай, әдеби тілді байыта түсті.

«Жантақ жеген» жылдар

Ілияс Жансүгіровтің журналистік қызметі Ташкенттегі қазақ-қырғыз институты жанындағы оқытушылар даярлайтын екі жылдық мерзімді курсқа түскеннен кейін басталды.

Бірде ол: «Мен далада өскен қазақтың баласы боламын. Ойын-сауық, алыс-жұлыс, той, өлең, айт, айтыс, ат шабу – менің біте қайнап бірге өскен таныс әдеттерім. Бұл әдеттер мені қайда жүрсем де иектейді. Ең аяғы газет оқысам да, өлеңдерім, кекесін әзілдерін, шашауларын қарастырғылаймын», – депті. Бұл сөздердің өзінен Ілияс Жансүгіровтің журналистикаға бет бұра бастағандығын аңғарамыз.

Кеңес өкіметі орнағаннан соң Ілияс Жансүгіров жаздай ел ішінен комиссияға әдебиет жинау қызметінде болып, Тәшкентке келді. Кейін «Өмірбаяным» атты мақаласында былай деп жазады: «Қалалы жерде, қайнаған оқулы-ордалы жерде өмірімде болғаным сол. Театрды көргенім сол. Кейін өзіміз ойнадық. Жанақ ақын болып айтыстым. Бірақ жазумен айналыса алғаным жоқ». Алайда осы институтта тек бір қыс қана білім алады. Оқи жүріп, «Ақ жол» газетіне жұмысқа орналасып, корректор қызметін атқарады. «Жас Алаш» газетін Ғани Мұратбайұлының ұйымдастыруымен алғашқы нөмерлерін басуға белсене қатысады.

Аталмыш газеттің бірінші нөмірі 1921 жылдың 22 наурызында жарық көреді. «Жас замандастарға» атты бас мақаланы Ілияс Жансүгіровтің өзі жазады. Өткен өмірге көз салып, журналистік қызметін есіне алғанда: «Менің алғашқы баспасөзге бірінші шыққан мақалам осы», – дейді.

ҚазААП-тың VI жылдығында (1931 ж.) сөйлеген сөзінде Ілияс Жансүгірұлы:  «1925 жылдың күзінде Мәскеуге оқуға кеттім де, журналистердің оқуына кірдім. Мұны 1928 жылы жазда бітіріп, газет жұмысына кірістім, қазір кино жұмысындамын. Міне, менің білім алу әмірімнің ресми жағы, яғни қызметім осы болады», – деп еске алыпты.

Батыр Қалмырзаев «Ілияс Жансүгіров және «Қазақ» газеті мақаласында: «Шын мәнінде Ілиястың алғашқы мақаласы «Қазақ» газетінің бетінде басылыпты. Ілияс Жансүгіров осыны неге айтпайды? Оған мына жағдайлар себеп болған деп ойлаймын. Біріншіден, «Кіші Октябрь» саясатының теріс болғанын сезген Голощекин өзіне наразылық, қарсылық болатынынан қауіптеніп, жергілікті қайраткерлер мен интеллигенция арасында репрессияны бастайды. Әсіресе, революцияға дейін қалыптасқан қазақ интеллигенттеріне шүйіліп, оладың отызға жуығын қамауға алады. Солардың бірі – «Қазақ» газетінің редакторы болған Ахмет Байтұрсынов 1929 жылдың 2 маусымында ұсталды. Онда 1934 жылға дейін болады, ал Ілиястың «Социалды Қазақстандағы» мақаласында: «А.Байтұрсыновты, ол шығарған «Қазақ» газетін де ауызға алу мүмкін емес еді. Екіншіден, «Қазақ» газеті тіпті соңғы кезге дейін ұлтшыл, буржуазияшыл, либералшыл орган деп саналып келеді. Ілияс Жансүгіровтың «Алғашқы» мақалам «Қазақ» газетінде жарияланды»,– деп себептерін түсіндіреді. Демек, Ілияс Жансүгіров тоталитарлық жүйенің алаштықтарды іштей қолдамағанын аңғартады.

Жоғарыда жазғанымыздай, бір ғана қыс оқып, жаз шығысымен оқуын тастап, 1921 жылдың мамыр айында Жетісуға, өзінің туып-өскен өлкесіне оралады. Өзімен бірге институт мұғалімі деген бір бет парақшаны алып кетті. Келе салысымен бұқара жұмыстарына араласады. Бұл кезде Кеңес өкіметі орнатылып, кедейлерге байлардың дүниесін алып, үлестіріп жатты. Ілияс Жансүгіров үшін әдебиет, жазу екінші орында қалды. Тек кейде Алматы қаласында шығатын «Кедей еркі» газетіне өлеңдерін жіберіп тұрды. Өзі куә болған оқиғаларды жазып, ел-елді аралап, баспасөзге халықтың құлшынысы қандай екенін зерттеп, «Ақ жол» газетіне мақалалар жолдады. Жергілікті жерлерде баспасөз таратылмайтынын, жауапты болыстар мен ревкомдары өз жұмысына жауапкершіліксіз қарайтынын сынайды.

Оқу жылы басталысымен Белтоған ауылында мұғалім болып істейді. 1922 жылы Алматыға қараша айында келіп, 1923 жылдың басында «Тілші» (қазіргі «Жетісу» газеті) газетіне тілші болып жұмысқа орналасады. «Менің қалам қызметімен айналысқаным – осы 1932 жылдан. «Тілшіден» мақала, оқшау өлең жаза бастадым. «Жетісу әйелі» деген бір жорнал шықты. Онда бір өлең, бір әңгімем басылды. Сол «Тілшіге» күні бүгінге шейін жазып тұрам. Ташкенттегі «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар» жорналдарына материалдар жібере бастадым. Бұлардың басылғандары да, басылмағандары да болды», – деп өзінің өмірбаянында жазады.

«Ілиястың журналистік-жазушылық өмір белестеріне қарап, оның қызметін екі кезеңге бөлуге болады: бірінші – 1920-1925 жылдар арасы, яғни, оның «Тілші» газетінде істеп жүрген, екіншісі – 1928 жылдан  бергі жердегі, демек, Москвадан оқып келгеннен кейінгі «Еңбекші қазақта» істеген және онан соңғы жылдары», – деп Темірбек Қожакеев «Күлкі күші» деген мақаласында Ілиястың жұмыс істеп жүрген  уақытын екі үлкен кезеңге бөледі.

«Тілші» газетінде хатшылық қызметінен бастап, редакторға дейін көтеріледі. Осы жұмыспен қатар Алматыдағы халыққа білім беру институтында лектор және директор болып жұмыс атқарады.

Темірбек Қожакеев «Журналист Жансүгіров» атты мақаласында атақты публицистің өнеріне келесі сипаттама береді: «Журналист Жансүгіров мұрасының басты құнары тілінде. Қазақ тұрмысының әсерлі, шынайы елесі, ой-пікір бейнелілігі, табылған теңеу, келісті портрет, күлкілі қимыл-әрекет оқырманды мейлінше тұшындырып, тамсандырып тартып отырады. Әсіресе, жазушы-журналист образды ойлауға, айтпақ пікірді бейнелеп жеткізуге шебер».

Газет беттерінде алуан түрлі мәселелер көтерді. Мысалы, «Жұмағали-Нұркей» шашау сөзінде жергілікті жердегі комсомол жетекшілері жастардың проблемасын білмейтінін қатты сынға алады. Сонда осы түрлеріңмен қалай съезге барасыңдар дегенде, «Анда барсақ ағызармыз тілдің майын» деп жауап берген Нүркейді «жарайсың, шұлғаубайым» деп мазақтайды.

1924 жылы жазда Алматыда орналасқан қазақ-қырғыз халық ағарту институтының директоры қызметімен қоса, «Тілші» газетінде жұмыс істеп жүрді. Осы кезде шәкірттеріне арнап, «Қызыл сауат» қолжазба журналын, «Бұлақ» атты қабырға газетін шығарды. Қырғыздың бірнеше қатар жазушылары, Ғали Орманов, Дүйсенбек Еркінбеков және тағы да басқалар Ілиястың басшылық еткен газетінен үлгі алып, оны ұстаз тұтқан.

Ілиястың журналистика саласындағы еңбегі орасан. Ел ішіндегі мәселелерді қозғағаны, рухани жағынан өсуіне көмектестескені оны ел арасында сыйға бөледі. Мәселен, «Тілші» газеті 1925 жылдың 18 тамызында мерейтойын атап өтті. Газеттің жарық көруіне үш жыл болды. Мерекелік нөмірінде газет беттерінде қалам тербеткен қайраткерлер жайлы ақпарат беріп, суреттерін шығарды. «Тілші» газетінен шыққаннан бері қалам-қайраты жағынан зор көмегін тигізген, қаламы өткір, сөзі сұлу, ірі жазушылар қатарынан саналатын азаматымыз – Ілияс деп, оның еңбегін биік бағалады.

Ілияс Жансүгіров өз мақаласында оқу-ағарту мәселесін де ортаға салды. Ол тек қана журналист емес, осы жұмыспен қатар, ағартушылық қызметін де бірге алып жүрген. Доцент Дүйсен Аңсабаев «Ілияс Жансүгіров – публицист» атты зерттеуінде: «Ілияс – ағартушы-журналист», – деген. Революцияға дейін қазақ даласында оқуға мән берілмейтін. Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам. Қараңғылық кегіне, Күн болмағанда кім боламын?!» деп осы қараңғылық кезді жазған. Міне, Ілияс та қазақтың болашақтағы қамын ойлап, елдің сауатсыздығын жою жайлы мәселелерді үнемі қозғап отырған.

Ілияс өз мақаласында әйел затын мінезіне, ісіне қарай үш топқа бөледі. Алғашқысы – дала шаруасының ұйытқысы болып отырған әйел, І.Жансүгіровтің өзі айтпақшы, қап тігіп, шекпен тоқып, мал күтіп, отын алып, үй тұрғызып, «ә, құдайлап» өмір сүріп жатқан берекелі шаруа қатыны. Ал екіншісі – оқуға ұмтылып, тәрбие алуға талпынып жүрген жас қыз-келіншектер. Әлеумет жұмысына араласып, қайрат көрсетіп жүрген осылар, үміт осыларда. «Бірақ осы әйелдер өте аз», – деп автор ескертеді. Үшінші топқа келетін болсақ, бостандықтың да, мәдениеттің де не екенін ажыратпай, дабырға ұшып, жүрегі санасыз, шалағай,  шолақетек әйелдер. Бұларда білім де, сана да, сәуле де жоқ. Иманы, ары, мақсаты – әдемі көйлек пен «шолақетек» бай. Үшінші топқа жататын әйелдер елге де, халыққа да қызмет ете алмай, тек намысқа тиіп жүргендігін меңзейді.

Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған мақалаларына Таңқыбай, Сақа, Құйқалық деген бүркеншік аттарды қолданды. Мамытбек Қалдыбаев «Ірі дарын» мақаласында Ілиясты кеңес журналистикасының шоқтығы биік, ірі өкілі, оған алғаш келген жыл құстарының бірі деп баға берді.

Ілияс Жансүгіров «Социалды Қазақстан» газетінің (12.02.1932 ж.) бетінде «Қателесуге қарсы большевиктік сынды күшейтеміз» деген мақаланы жариялады. Бұл жаққа өзінің журналистік жолында кездескен қателерді талқылады. Әсіресе, соңғы жылда жіберген  қателеріне тоқталды. Нақтырақ айтсақ, 1921 жылы «Жас Алаш» газетінде шыққан мақалам менің сол кездегі теріс пікірім екені былай тұрсын, қара надандығымның бір үлгісі еді, – деп өзінің алғаш журналистикаға басқан қадамына сындық көзқараспен қарайды.

Кәсіби маман

1925-1928 жылдар аралығында Мәскеу журналистика институтында оқыған ақынды алғашқы қазақ кәсіби журналисі ретінде қабылдауға да болар. Ұлы ақынның қаламгерлік қыры оқырманын тамсандырған сұлу поэзиясының көлеңкесінде қалып қойғандай. Алайда оның публицистикасы бай. Бұл мұра – әртүрлі жанрды қамтитын, тақырыптық ауқымы кең, тілі құнарлы, арнайы ой жүгіртуді сұранып тұрған мақалары екені белгілі. Олар Ілиястың уытты фельетондары, әдебиет, өнертану, музыка саласындағы өзіндік ой-талғам, ізденістерге толы мақалалары, білікті журналистің ел өмірінен жазған тамаша очерктері, Қазақстан Жазушылар одағын басқарған қоғам қайраткерінің қоғамға, әдебиетке қатысты жасаған баяндамалары, сын-пікірлері. Түйіндеп айтсақ, ол – қазақ шежіресі, ел, жер тарихы, құнарлы тілі, дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, бай ауыз әдебиетінің інжу-маржандары сынды бір ұлттың бар байлығын бойына сіңірген энциклопедист.

Ақынның өз қолымен жазған өмірбаянында жазылған төмендегі жолдарды оқысақ, оның нағыз журналист екеніне көз жеткіземіз. «1920 жыл ақтар жеңіліп, алаштар тарады. Кеңес өкіметі орнады. Ел аш. Жұттан шыққан жұрт. Аштарға бидай үлестіретін ауылдағы комитет мүшесі болып қызмет істедім. Алғашқы әлеумет қызметім осы. Күзге оқу іздеп, Тәшкенге келдім.  Тәшкенде алғаш қазақ-қырғыз оқу институты ашылған екен. Көз таныс таба алмай, көп қиындықпен соның оқытушылар дайындайтын екі жылдық курсына кірдім Қазақ ана тілін, орыс таңбасын содан бастап оқыдым. Театрда роль алып ойнадық. «Ақ жол» газетіне корректор боп кірдім. Кейін Мұратбайұлы Ғанидың ұйыстыруымен «Жас Алаш» газетін шығардық. Оның алғашқы номерінің бас мақаласын жаздым. Ол номерде «Жалпы жасқа» деген үгіт өлеңім басылды. Алғашқы басылған өлеңім осы шығар деймін. (Айта кету керек: «Жыл құсы» деген журналдың алғашқы санында Бәйділдә ұлының мені ұлтшыл деп көлденең тартатын өлеңі осы. Ол күндегі менің саяси сауатым анау болатын. Жалғыз мен емес, ол уақытта талай қазақтың тап мәнісін ұғына қоймаған кезі еді. «Жас Алаш» деген газетінің атынан да тануға болады. Осылай өсу қазаққа табиғи жол еді. Іштен туа интернационалист едім деген құр жанғайла. Өтірік. Қазақтың тарихи өсуінің шеңберіне симайтын алыпсатарлық. Ондай жолдастар өзін де, өзгені де алдайды, ол қиянат)».

Әдебиеттегі алғашқы қадамын, осылайша, журналист қаламымен қатар бастаған қарымды ақын, келе-келе сол кезеңдегі кеңестік өмір көріністері мен әдебиет, өнер, театр мәселелеріне қатысты келелі ой, сындарлы соны пікір айта білген ұлт қайраткеріне айналды.

Сөз зергерінің мақаларының басым көпшілігі сын тақырыбында  өрбігені белгілі. Оған мысал, Абай шығармаларына қатысты айтқан пікірлері бүгінге дейін бағасын жоймағандығы. Ұлы ақынның шығармаларын тереңнен зерделей келе Ілияс: «Абайды жазба әдебиеттің басы деп санауға іңкәр етіп отырған оның тек жаңашылдығы, қазақ өлең құрылысына кіргізген жаңалықтары ғана емес, сонымен қатар, «Абайдың жалпы өлеңінің дені сау, тілі таза. Абайдың өлеңі таудан тасыған бұлақтай сарқырап жатса, сөздері сол бұлақтың түрлі тасындай жарқырап жатады. Абайдың тарихи зор еңбегі «тіл өнерін жасап, қазақтың жабайы тілінен үлгілі, өнер әдебиет тілін жасағандығы», – деп толымды қорытынды жасайды.

Осы ойын дәлелдей түсу үшін Абайдың қазақ өлеңіне 14 түрлі өлең өрнегін қосқанын айта келе: «Абай өлең түрін жасауға қызмет еткен жазушы. Абай бұрынғы қазақтағы өлең, жырлардың өлшеу, үлгілерін кеңітудің үстіне араб, парсы, шағатай, орыс өлеңдерінің үлгісін кіргізіп, қазақ әдебиетін жаңалаған адам», – деп тарихи мәнді қорытынды жасайды. Сұлулық пен тазалықты, даналық пен жаңалықты көзімен ғана емес, көңілмен де көре біліп, әсемдіктің нәзік қауыздарын таңғы күн шапағындай аша біліп, әуенді сым пернелерін жүрек дүрсілімен баса білген Ілияс ақынның  сөз дүлдүлі Абай туралы сыни ойлары қай қырынан алсақ та ұлттық ақыл-ой қазынасының асыл мұрасынан табылары анық байқалады.

Ілияс Жансүгіровтің 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 18 шілде күнгі санында  жарияланған «Қазақ күйлері жиналсын», «Ән, әншілер жайында» деген көлемді мақалаларын алсақ, әлбетте, поэзияда «Күй» (1929 ж.), «Күйші» (1935 ж.), «Құлагер» (1936 ж.), «Көбік шашқан» (1937 ж.) сынды поэтикалық пафосы биік өнер тақырыбындағы шығармаларды дүниеге әкелген ақынның музыканың тілін, ұлттың өнерін, қазақтың қанымен келген асыл мұрасын терең білгендігі, терең түсінгендігі анық байқалады.

Ілияс сол кездегі қазақ әншілерін екі топқа жіктеген. Бірінші топқа, дала музыкасының әрі актері (салушысы), әрі авторы (шығарушысы) бола білген музыка таланттары, ән шығарушылар – Біржан, Ақан, Әсет, Жаяу Мұсаларды кіргізеді. Артына тамаша ән мұрасын қалдырған бұл дала композиторларын ақын «әнді тыңнан салу» қасиетіне қарай топтаса, екінші бөлігін әнді «тыңнан салмай, бар арнаны қолдай салушылар» деген айдармен Әміре, Қали, Балабек, Пысмылда, Манарбек сияқты әншілерді атайды. Әйтсе де, әрқайсысы ән салатын, қоржынынан ел әндерінің небір сирек нұсқаларын табуға болатын, тігінші емес, бүтінші болса да жасаушы емес, жамаушы болса да, елден елге кезіп жүрген әндердің ең асылдары осыларда болатынын Ілияс ескерте кетеді.

Қазақ музыка өнерінің шын жанашыры бола білген Ілиястың әндер, әншілер туралы бұл мақаласының да қазақ әдебиеті мен қазақ өнері тарихынан алатын орны ерекше екендігі анық.

Еңлік ҚАБДЕШ