ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ КҮШІ: КАЛИНИН ҚҰЛАТЫЛДЫ

Уақыты: 28.06.2019
Оқылды: 1148
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талай жылдан бері талғарлық тұрғындар мен ұлт жанашырларының жанына шымбайдай батып келген Калинин ескерткіші «тұғырдан» тайдырылды.

Кеңестік дәуірде қанқұйлы саясат серкелерінің бірі болған М.Калининнің Тұздыбастау ауылындағы бір емес, екі ескерткішінің тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға таяса да орнынан міз бақпай тұрғандығы туралы газетіміздің сәуір айындағы санында «Есепте жоқ ескерткіштер» (сайтымызда "Бір ауылда екі Калинин: кімге үлгі?" деген атпен шықты) деген тақырыпта мәселе етіп көтергенбіз. Осы уақыт аралығында қос ескерткішті алып тастауға бірнеше қадам жасалғанмен, оң шешім таппағандығы туралы да ашық жазғанбыз. Осыдан кейін тәуелсіздігімізге көлеңке түсіріп тұрған келеңсіздік жайлы жазған сыннан ақыры қорытынды шыққанына қуандық.

Көзге шыққан сүйелдей болған екі ескерткіш ауыл әкімдігі мен республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық ұйымының бұрынғы төрағасы Бейсенғазы Нүкенов бастаған қоғам белсенділерінің қатысуымен орнынан құлатылды.

– Осы күнге жету үшін қаншама жиын өткіздік? Соның бірі, 500 адамның қатысуымен өткен 2017 жылғы келелі кеңесте Калининді алып тастап, орнына Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ұлтымыздың жарқын  болашағы жолында құрбан болған арыстар рухына арнаған еңселі ескерткіш орнатуды ұйғарған едік. Енді сол мақсатты істің орындалуының алғашқы қадамы жүзеге асты, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева.

Олай болса, ұлтымыздың өскелең ұрпағы үшін тарихтан тағылым боларлық еңселі ескерткіштің бой көтерер күні де алыс емес деген үміттеміз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы