Рысбек СӘРСЕНБАЙ ЖУРНАЛИСТЕР САҚТАНАТЫН НЕГІЗГІ ЖАЙТТЫ АЙТТЫ

Уақыты: 27.06.2019
Оқылды: 1175
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қоғамдағы жедел өзгерістер, жаңа технологиялардың бәсекелестігі бүгінгі журналистиканың бет-бейнесін өзгертті. Жақсылық жағына қарай да, керісінше де.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейінгі газет тілшілерінің қолында тіпті диктофон да бола қоймады. Деректерді блокнотқа жазып үлгеруге, айтылған пікірлерді есте сақтап қалуға тырысатын. Редакциядағы жазу машинкасына материал бастыру үшін кезекке тұратын. Ақпараттарды алу үшін мекемелерге салпаңдау, телефонға жармасу  уақытты кетіретін. Газетті беттеудің, баспаханада бастырудың машақаты өз алдына. Ал қазір ше? Бұл материалдық-техникалық мүмкіндіктерді салыстырудағы айтпағымыз – журналист жұмысы едәуір жеңілдеді. Бұл шығаратын өнім сапасына, яғни, газет, журналдың мазмұн-мағынасына пайдалы әсер етті.

Алайда әлеуметтік желіні ақпарат алу мен таратуда жаппай қолдану мүмкіндігі баспасөздің алдын орады. Тілдің қолданысына, сауаттылыққа келсек, әлеуметтік желінің кері әсерін байқаймыз. Блогерлер өздерін журналистермен теңестіретін заңға иек артқанымен, газет тілшілерінің сөз ұстау, жазу мәнерін, тілдік сауаттылығын игере қоймады. Мұның қазақ тілін көркейтпесі анық.

Ең өкініштісі, орашолақ сөйлемдер, логикалық байланысы жоқ тіркестер, тақырыбынан ауытқып, әр нәрсенің басын шалған қойыртпақтар енді баспасөзге де көше бастады. Бұл – алаңдататын, сақтанатын жайт.

Өзім он бес жыл еңбек еткен «Жетісудағы» әріптестерім мұндайдан аулақ болады деп сенемін. Сөз қадірін арттыратын, құнарлы қазақ тілінің шырайын келтіретін ойлы да, мазмұнды жазбаларымен талғампаз қауымды сүйсінтері хақ. Ол өз кезегінде ұлттық болмысымыздың, тіліміздің, дәстүріміздің өркендеуіне септігін тигізеді. Шындық үдесінен танылайық, қадірлі қаламдастар! Төл мерекеміз құтты болсын!

Рысбек СӘРСЕНБАЙ,

саясаткер, қоғам қайраткері