Қымбат ДОСЖАН: "ГАЗЕТ ӘЛСІРЕДІ ДЕГЕН ПІКІРМЕН КЕЛІСПЕЙМІН"

Уақыты: 28.06.2019
Оқылды: 2354
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бұқаралық ақпарат құралдары саласында, әсіресе, қазіргі телекоммуникацияның дамыған заманында журналистиканың, оның ішінде, мерзімдік баспасөздің, газеттің маңызы мен орны әлсіреді деп айтылатын пікірге өз басым қосылмаймын. Өйткені, маған: «Қазіргі журналистика жайында пікіріңіз қандай? Қай жерден ұтып, қай тұстан есе жіберіп жүрміз?» – деген сауал жиі қойылады.

Әрине, түрлі пікірлер болады. Журналистердің қоғам алдындағы қызметін түсіретіндер бар да, оны алға сүйрейтіндер де бар. Қалам мен қағазды серік еткен мамандық иелерінің бүгінгі жазу стилі мен сөйлеу мәнері көп жағдайда көңіл көншітпейтін жайларды да көріп жүрміз. Бірақ газетке басылған ақпарат, мақала, очерктің артында журналистің, газет ұжымының еңбегі тұрғанын ұмытпауымыз керек.

Мысалы, өзім қызмет ететін телевизия саласын алар болсақ, кейбір жастарымыз мамандыққа машықтанбай, жазу стилі қалыптаспай жатып, телеарна мен радиода өз атын таныту үшін көсемсіп сөйлеп, дауыстың ырғағымен, үнімен жұртшылықты баурағысы келіп тұрады. Ал газет бетінде мұндай «еркіндік» жоқ, керісінше, әр сөздің астарында не жатқанын, сөздің құрылымы мен ақпаратты жеткізу шеберлігін меңгеруің керек.

Ғасырлық ғұмыр тойын былтыр ғана атап өткен Алматы облысының бас басылымы – «Жетісу» газетінің жер жаннаты атанған өңірдің ыстық-суығын бірге көріп, халыққа ақпарат жеткізуде, руханиятты өркендетуде қосып отырған үлесі қомақты. Журналистер мейрамында барлық әріптестерімді, баспасөзге енді қадам басқан жастарды төл мерекемен құттықтаймын. Қолмен ұстап, газет иісін сезіне отырып, әр парағын сытырлата ашып оқитын оқырмандарыңыз көп болсын.

Қымбат ДОСЖАН,

«QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасы «AQPARAT» бағдарламасының жүргізушісі, продюсер