Дәурен ҚУАТ: "ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІ МАҒАН ЫСТЫҚ ӘМ ҚЫМБАТ"

Уақыты: 27.06.2019
Оқылды: 2244
Бөлім: РУХАНИЯТ

Біз кеше қызмет жасаған «Жерұйық» пен «Жетісу» газеттерінің мектебі бір, дәстүрі ортақ деп білеміз. Екі газетте де желқалам журналистер, көсемсөзшілер, ақын-жазушылар жұмыс істеді. Олар ауыл-үйдің айналасында қалмай, үлкен, қомақты, келелі шаруа басынан табылып, бір-біріне сүйеу болды, тілектес, мүдделес болды.

Әңгімемізді сәл шегініспен бастайықшы. Ол кезде мен «Қапал еңбеккері» газетінің тілшісімін. Қарт Қапалдың жеке аудан болып тұрған уағы. Тұрсынғазы Медетбеков басқарған аудандық әкімшіліктің әлеуеті күшті болды ма, әлде идеологияға суарылған кеңес өкіметінің басқару жүйесінен қалған дәстүр ме, әйтеуір сол шамада аудандық үнжарияның қызметіне әжептеуір көңіл бөлінетін. «Сол шамада» деп отырғаным – 1990 жылдардың басы.Тәуелсіздіктің рухына көміліп, буырқанып жүрген кезіміз. Қара нан мен қара сабынның қат бола бастағанына қарайтын түріміз жоқ: асқақ ойлап, аспандап аламыз. Қаламымыздан қағыс қалатын тақырыпты табудың өзі қиын. Әсіресе, ұлыттық, әлеуметтік мәселелерді батыл жазатынымыз сонша, қаһарлы редактор Шерхан Мұртаза шиырып қол қойып отырған «Егеменді Қазақстан» газетінің өзімен үзеңгі қағыстырып кеттік-ау деймін. Күнделікті мақаламызды Мәскеуге қарап кіжініп бастап, әкім-қараларымызды бүрге тиген мысықтай бүрістіріп, бүктеп барып бітіреміз. Бұлайша жазуымыздың бір себебі, тәуелсіздік рухымен қатар ескен сөз бен ой бостандығының алтын күрегін алыстан болса да сезінуімізден шығар деп ойлаймын қазір.

Сөйтіп, буырқанып, бусанып жүргенімізде облыстық «Жерұйық» газетінің бас редакторы Тұрсын аға Әбдуәлидің көзіне түсе бастасақ керек. Бір күні мені Талдықорғанға Тұқаң шақырды. Тұқаң – Тұрсын Әбдуәли, Қанат Асқар, Тәкен Әліпбай, Болат Бислұтандардың Жигулин дейтін обком хатшысын шайнап тастап, «қан түкіріп» тұрған дер шағы. Жигулин (ныспысын ұмыттым) – облыс халқын еркінше билеп-төстеп, ұлттық, елдік мүддеге тізе батырып жүретін кәріқұлақ кеңес адамы еді. Сол жарты патшаны тағынан тайдырған Тұрсын Әбдуәлидің командасында жұмыс істеу – біз сияқты жалаңдаған жас тілшіге іздегенге сұрағанның нақ өзі болды. «Салып ұрып Сарқан бардым» демекші, салт бастымын, сабу қамшылымын, несіне аялдаймын, сақпанның тасындай зырқырап Тұқаңның алдынан бір-ақ шықтым. Содан облыстық газеттегі тілшілік қызметім жалғасын тапты.

Менің бала кезімде, 2-сыныпты бітірген жазғы демалыстағы алғаш оқыған ұлы кітабым – Бердібек Соқпақбаевтың кітабы болды. «Өлгендер қайтып келмейді», «Менің атым – Қожа». Осы шығармаларында классик жазушы маған әр тасы, әр талы таныс, әр кейіпкері етене бір ыстық өлке туралы жазатын. Сонда іштей шамалап: «Мына жазушы аға біздің жақтың кісісі-ау» дейтінмін. Тура шығыппын. Бұл Жетісудың сайын даласы мен сардар тауларын Құдай Тағала бөлек-салақ қылмай, бір қолдың саласындай етіп, тұтастыра бітіріпті ғой: оған ел аралап, жер тани жүріп көз жеткіздік, Ілиястың Тауларын оқи-оқи әбден қанықтық. Таудағыдай еш жерде таңның атып, Күннің батпайтынын көрдік.

Облыстық газетті кейбіреулер облыс көлеміндегі мәселелердің, оның өзінде басшы-қосшылардың қызметін, күнделікті күйбең тірлігін көзінен тізіп отыратын құжаттама сияқты көреді. Жә, мейлі, соның өзі ертең тарихқа керек деректер мен сандар емес пе?! Соның өзі уақыт тынысы, дәуір келбеті емес пе?! Мұның сыртында облыстық газеттер орталық басылым беттерінен орын тие бермейтін ел мен жердің тарихын түгендеп, бабалардан қалғанды бүгінгі байтақ жұртына қайтарып беріп отырған шежіре-қарттың өзі емес пе?!

Ғасырлардың қойнауына жарық түсіріп, ескіні жаңамен жалғастырып, оқырманын рухани кемелдендіріп келе жатқан облыстық газеттер – менің отаным! Соның ішінде, «Жетісу» газеті маған әм ыстық әм қымбат. Бұл газеттің жұмысын қазір талантты ұйымдастырушы, дарынды редактор, ақтаңгер ақын, өлкетанушы Әміре Әрін мырза үйлестіріп отыр. Газеттің шығармашылық ұжымын Әбекең бір өңкей сұрмергендерден сұрыптап алған. Сондай ұжымға мына жақта, Алматыда отырып біз қызығамыз. Ендеше, мұндай ұжымға төл мерекеміздің тұсында ықылас, құрметімізді білдіріп қойғанымыз жөн шығар.

Баспасөз күні құтты болсын, «Жетісудың» жебе-нояндары!

Дәурен ҚУАТ,

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы