ҰЛЫЛЫҚ БАСТАУЫ

Уақыты: 29.06.2019
Оқылды: 829
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл сарайында «Ұлт құндылығы – ұрпақ өзегі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынның мақсаты – жас ұрпақтың бойындағы қасиетті адамзаттық құндылық, рухани-мәдени тәлім-тәрбие арқылы сабақтастыру. Конференцияны облыстық ішкі саясат басқармасы жариялаған «Патриоттық тәрбиені күшейту, өскелең ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыру, аға буын өкілдерін құрметтеу және ұрпақтар сабақтастығын сақтау мақсатында облыс бойынша іс-шаралар өткізу» туралы жоба грантын ұтып алған облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.  
Конференцияда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің және Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің ғалымдары баяндама оқыды. Сондай-ақ, облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер ұйымының, «Нұр Отан» партиясы, облыстық ішкі саясат, дін істері, жастар саясаты басқармаларының өкілдері қатысып, ой бөлісті.
Шара аясында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты қолға алынған  акциясы аясында жетісулықтардың Арыс қаласының тұрғындарына жасаған материалдық көмектері туралы сөз етіп, қайырымдылық ісінің  әлі де жалғасатынын тілге тиек етті. Ал облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт  Түркістан облысындағы әріптестерімен бірлесе отырып, ардагерлер атынан қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылатынын жеткізді.
Соңында әр тараптың пікірі жинақталып, конференцияның қарары қабылданды. Алдағы уақытта осы қарар бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Қажет АНДАС