"НЕНІ ОҚЫТУ КЕРЕК?" МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ ОСЫНДАЙ САУАЛҒА ЖАУАП ІЗДЕДІ

Уақыты: 02.07.2019
Оқылды: 2377
Бөлім: РУХАНИЯТ

Білім беру мазмұны – оқушыларды жан-жақты дамыту, ақыл-ойын, танымдық қызығушылығын қалыптастыру, еңбекке дайындау үшін белгілі типте оқытылатын білім мен біліктер жүйесі.

Білім беру мазмұны дидактикалық категория ретінде «нені оқыту керек» сұрағына жауап береді. Оқушыларды жан-жақты дамыту үшін оларға адамзат жинақтаған білімдер, біліктер мен дағдылардың жүйесін меңгерту керек. Білім беру мазмұны қоғамның мектеп алдына қоятын ағымдағы және болашақ мақсаттары арқылы айқындалады. Сонымен бірге, оқу мазмұны жеке адамдардың да мақсатын ескереді.

Оқу мазмұны қоғамның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық қажеттіліктеріне сай қалыптасады. Еліміздің тәуелсіздігі, республикамыздағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер мектеп түлектері жаңа қоғам құруға, мәдени және рухани өрлеуге дайын болуын талап етеді.

Оқу мазмұнына кіретін мәліметтер жас мүмкіндіктеріне де байланысты. Баланың есте сақтау қабілеті жоғары болғанымен, білімді игеру, мәнін түсіну үшін өмірлік тәжірибе керек.

Ұлттық және жалпы адамзаттық мәдениетке байланысты да оқу мазмұнында ерекшеліктер болады. Қазіргі заманда дүниежүзі бойынша оқу мазмұны адам ретінде қалыптастыру, компьютерлендіру, кіріктіру, тұлғалық даму ережелеріне негізделеді.

Оқу мазмұны дидактикалық талаптар негізінде қай сыныпта, қандай көлемде қандай пәндер оқытылуы керектігін белгілейді. Бастауыш сыныптарда барлық пәндерден алғашқы элементарлық ақпарат берілсе, орта сыныптарда жүйелі білім ұсынылады.

Әсем ҚҰМАРҒАЛИЕВА,

«Егінсу орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

Ақсу ауданы