ШӘЛКӨДЕНІ ШАЛҚЫТҚАН ТОЙ

Уақыты: 17.07.2019
Оқылды: 1446
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шалкөде жайлауына табанымыз тиген кезде жанымызды жадырата салқын саумал самалы сезіліп, тап-таза ауасы тынысымызды кеңітіп әкетті. Аспан шайдай ашық. Ару күн мейірлене шуағын шаша түседі. Ақ бұлттары жарасқан әсем тауларына қарай бергің келеді. Неше түрлі гүлі қайта-қайта жанарыңды өзіне бұрып әкетеді. Өлмес жырлар мен әндерге арқау болған Шалкөде дер шағында. Толқып, толықси түседі. Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан қазақ үйлерінің тұсынан көк түтін көтеріліп жатыр. Жігіті аттан, қазаны оттан түспеген қазағымның қонақжай пейілі мен кең көңілінің жарасымды көрінісі бұл.

Иә, бүгін той. Кеңес одағы кезінде орын алып, кейіннен ұмытылып қалған малшылардың тойы, ауылшаруашылығының жүгін көтеріп, тасын өрге домалатып жүрген барша еңбеккерлердің шадыман шаттығы. Мұндай той Райымбек ауданы өз алдына құрылғалы биыл екінші мәрте жалғасын тауып отыр. Оған негіз қалаған атпал да ақжарқын азамат, аудан көшін алға бастап жүрген таулы өңірдің басшысы – Жолан Омаров. Биылғы еңбеккерлер тойының ұлтымыздың ежелден келе жатқан қымызмұрындық жөн-жоралғысымен жарасым тауып, тіптен де құлпырып, өңін ашып, ажарлана түскенін айтсаңызшы?! Тойдың екінші бөлігі «Жетісу жүйрігі» атты ат бәйгесімен жалғасын тапты. Себебі, қылқұйрықты жануарлар бәсекесі қатарынан екі жыл Талдықорған төрінде өткен. Былтырдан бері хан жайлау Шалкөдені дүбірге бөлеуде. Бұл тойдың аспантаулар бөктерінде өтуіне негіз қалаған да ұлтжанды азамат, аудан әкімі Жолан Омаровтың өзі. Бәрекелді! Ел қамын ойлаған, жұрт көшін көрікті етсем деген азаматтардың игілікті ісі осындай болса керек.

Шалкөде жайлауындағы дүбірлі де думанды той «Ауылшаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру, оның сапасын жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту» атты семинар-кеңеспен басталды. Таулы өңір тұрғындарының негізгі тіршілік көзі осы ауылшаруашылығы болғандықтан, мұндай келелі жиын биыл екінші рет өткізілді. Басқосуда аудан әкімі Жолан Омаров ауылшаруашылығы бойынша өткен жылдың табысты қорытындыланғанын орнымен сөз етті. Өңір бойынша төрт түлік малдың саны мен өсімі жөнінде үлес салмағы облыста жоғары. «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс жасап жатқан Нарым Нұрбақов басқаратын «Расылбай» шаруа қожалығы өткен жылы Ресейдің Алтай өңірінен 235 бас асыл тұқымды «Герефорд» ірі қарасын әкелсе, биыл 470 бас аталған ірі қараны әкелуге келісімшарт жасасуда. «СПК  Талас» ЖШС-нің де осындай игілікті істері бар. Аудан әкімі ел мен жердің мерейін көтеріп, жұрт көңілін жадыратқан шақта өңірдегі еңбек майталмандарын марапаттады. Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын арқалаған Нұрлан Құдиярбеков, Ілияс Ауғалиев, Бақытнұр Қарасаев, Бақытжан Жәнібеков, Дәрмен Бестібаев, Иемберген Талқыбаев, Мәлік Жүнісбеков, Игерді Байғұлов, Дархан Қойлыбаев, Саят Сабырбаев, Асан Сүгірбеков, Серік Шойлиев, Бекен Рүстемов секілді бір топ малшы, жылқышы, шопан, диқандарға бір-бір ер-тоқым сыйға тартты. Бұған дейін де небір сый-құрметке бөленген жиын-тойды талай көргенбіз. Марапаттың сан түрлі болуына орай, сыйлығы да неше алуан келетін. Бұл жолы төскейге малын өргізген қойшы, жылқышы, сиыршы сынды қарапайым еңбек адамдарының әрқайсысына ер-тоқым сыйға тартуы көрер көзге әдемі әсер қалдырды.

Осы күні еңбеккерлердің тойына ортақтаса келген Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов, ҚР қой шаруашылығы палаталары Кеңесінің төрағасы, ауылшаруашылығы ғылымының докторы Тынышбай Досымбеков, облыстық «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, облыстық спорт басқармасының басшысы, Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы, Президент сыйлығының иесі Жанарбек Әшімжан, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қой шаруашылығы филиалының директоры Нұрлан Тілеулесов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаров, «Расылбай» шаруа қожалығының жетекшісі Нарым Нұрбақов, Кеген және Райымбек аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағалары Сабыр Досымбеков пен Бекболат Бірбаев сөз алып, ізгі тілектерін білдірді. Қайта түлеген ауданның жүзі жарық, мәртебесі үстем, көші көрікті бола берсін деген тілектерін жеткізді.

Желіге май жағып, құлындардың кекілін майлап, ежелгі ырым-жоралғыны жасаған Шалкөде ауылының қонақжай ел-жұрты мәртебелі қонақтарға ұлтымыздың ежелден келе жатқан қымызмұрындық рәсімін алға тартты. Өңір басшысы Жолан Омаров бастаған қонақтар Шалкөденің балдан тәтті саумал қымызынан жадырай дәм татты.

Осы күні семинарға қатысушылар аудандағы асыл тұқымды ірі қара, жылқы мен қой өсіретін «Расылбай», «Аман», «Әділет», «Жер-Ұйық», «Аманжол», «Әлмерек» шаруа қожалықтарынан әкелген төрт түлік малды көрді. Алдағы шаруаларын саралады.

Таулы өңірдің өнерпаздары еліміздің түкпір-түкпірінен, Астана мен Алматы қаласынан, облыс аумағынан келген қонақтарға ән-жырмен, әсем күймен шашу шашты. Шалкөденің төрі күні бойы әсем ән, тәтті күйге бөленіп, жадырай түсті. Облыстық «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» сан ұлттан құралған өнерлі жастарына, облыстық Сүйінбай атындағы филарманияның әншілеріне, Райымбек ауданындағы «Ақ толқын» халықтық фольклорлық ансамбліне, ауданның барша өнерпаздарына алғыстан басқа айтар жоқ.

Тойдың екінші бөлігі жұрт асыға күткен ат бәйгесімен ерекшеленді. Жоғарыда сөз еткеніміздей, «Жетісу жүйрігі» атты ат бәйгесі биыл екінші рет жалғасты. Ат жарысының бас демеушілері Қайрат Мақанов пен Артығали Мирзаевқа да айтар алғыс мол. Бақыт Жағыппарұлындай жерлесіміз желпінткен тойдың екінші бөлігінің тамашасын көрген жан көпке дейін ұмытпасы анық. Ұлтымыздың ежелден келе жатқан қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ секілді тамаша дүниелері өңірде қайта жандана бастады десек, артық айтпаймыз. Мына қызықты қараңыз, ұшқыр тазылардың жарысын көріп пе едіңіз? Ендеше, осы күнгі хан жайлаудағы тойға жиналған қалың қауым тазылардың жарысын тамашалады. Бұл қызықты додаға Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және республика аумағынан әкелінген 25 ұшқыр тазы қатысты. Артына тазыларды еліктірер затты байлап құстай ұшқан мотоциклші жігіттің соңынан тазылар жарыса қуалап кетті. Оның да алдыңғы орындарына бағалы сыйлықтар берілді.

Осы күнгі жұрт көңілін желпінткен үлкен қуаныш, зор мәртебе десек, артық айтпаймыз. Райымбек ауданынан қатысқан Ұлан Омаровтай азаматтың төрт бірдей аты жүлделі болды. Ұланның тұлпары 43 шақырымға созылған, он айналымда алдына жан салмай бірінші болып келсе, құнан бәйгеде қос тұлпары бірінші және екінші орынды еншіледі. Топ бәйгеде бір жүйрігі 3-орыннан көрінді. Сөйтіп, екі жеңіл көлікті иеленді. Қалған екі орынға алған марапаты аз болған жоқ. Тай жарысында Райымбек ауданынан қатысқан Елдос Жоспарханның тайы 1-орынды, Жамбыл ауданынан келген Береке Қазыбаевтың тайы 2-орынды, Ескелді ауданынан келген Илнур Қадыровтың тайы 3-орынды иеленді.  Құнан жарысында Кеген ауданынан қатысқан Аслан Әшімовтің құнаны 3-орынан көрінді. Топ бәйгеде Жамбыл ауданынан келген Мұрат Қозыбаевтың жүйрігі 1-орыннан көрінсе, Қызылорда облысынан келген Бердібек Мыхановтың аты 2-орынға ие болды. Жорға жарысында Кеген ауданынан қатысқан Қанат Дүзбаевтың су төгілмес жорғасы бірінші келді. Екінші орын Райымбек ауданынан қатысқан Үсейін Абайбектің жорғасына тиесілі болса, 3-орын Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылынан қатысқан Қараңқол Жақсыбайдың жорғасына бұйырды. Осы тойда қазақша күрес, гір тасын көтеру, қой көтеру, қол күрестіру секілді көптеген спорттық жарыстар да өрнек тауып, жұрт көңілін көтерді. Жеңімпаздардың бәріне заттай, қаржылай сыйлық берілді.

Шалкөдеде осылайша дала төсін дүбірге бөлеген той өтті. Бұл той қасиетті өлкенің мерейін аспандатты. Бұдан асқан ештеңе жоқ. Шадыман шаттыққа, еңбеккер қауымның, дүйім жұрттың мерейін асқақтатуға жол ашқан өңір әкімі Жолан Омаровқа айтар алғыс мол. Ат үстінде жүрген азаматтың ісі ілгері басып, еңбегі жана берсін!

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы