"АЛТЫН ТАЯҚША" СИҚЫРЫ

Уақыты: 19.07.2019
Оқылды: 1370
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биылғы көктемнің жазға ұласар жайсаң шағында Талдықорған қаласында өнерпаздардың халықаралық бесінші байқауы өтті. Ондағы номинациялар дирижерлер үшін «Алтын таяқша», әншілер үшін «Кестелі орамал» деп аталды. Байқаудың Жетісу жерінде ұйымдасқанында өзіндік мән бар. Өнер жарысы осы өңірде кіндік қаны тамған, күллі қазақтың мақтанышы болған КСРО Халық әртісі, көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың рухына арналды. Осынау байқауда дирижерлер номинациясы бойынша жүлдегер атанғандардың арасында жерлесіміз Бекболат Әбдіберікұлы да бар.

Кіл мықтылар бақ сынасқан бәйгеде жүзден жүйріктің суырылып шығуы оңай емес. Сарапшылардың дені көрші мемлекеттерден келген өнер қайраткерлері. Мәселен, қазылар алқасы төрағасының тізгіні Өзбекстан Республикасының Халық әртісі, мемлекеттік ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері Фарух Садықовтың қолында болды. Сондай-ақ, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, профессор Борис Сергеевич Ворон, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев секілді майталмандар да осы құрамнан бой көрсетті.

– Халықаралық байқаудың бәсі өте салмақты еді. Оған АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, тағы басқа елдерден келген үздіктер қатысты. Мұндайда білімді де білікті, қабілетті өнерпаздың бағы жанатыны белгілі. Осыны ойлап мен де барымды салуға тырыстым. Әрине, соңғы сөзді айтатын сарапшылар. Олар не дейді?! Байқау қорытындысын толқи отырып күттік.

Ақыры лауреаттардың да есімі белгілі болды. Мен үшінші жүлдені иелендім. Халықаралық дәрежедегі мұн­дай үлкен байқауда үшінші орын аз олжа емес. Ел мәртебесі бәрінен биік. Соған өз тарапымнан кішкентай үлес қоса алғаныма қуандым, – дейді Бекболат Әбдіберікұлы.

Өзгермейтін бір қағида бар. Жеміс тақыр жерге өспейді. Қанда бар нәрсе негізіне тартады. Осы тұрғыдан алғанда Бекболат өскен отбасының өнеге-тәлімі айтуға тұрарлық. Әкесі Әбдіберік (Әбіш) Әділбеков прокуратура қызметкері екеніне қарамастан жыршы-термешілікті, домбырашылық пен әншілікті өмірінен тыс қалдырған емес. Тіпті, үлкен сахналарға да шықты. Қалың көрермен ол кісіні заңгерліктен бұрын өнерпаз ретінде танығаны өзінше бір әңгіме.

– Ес білгелі байқағаным, біздің үйдің шаңырағынан әуелеп ән ұшатын. Әкемнің әрбір әрекеті бізге сабақ болды. Ол кісінің өнеріне қызығамыз әрі еліктейміз. Мұндай әсердің ықпалы нәтижесін бермей қоймады екен. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ ауыл сахнасына шықтым. Сол кезде әкем керемет қуанды. Өнер жолына бет бұрған кездерімде қолымды қаққан жоқ. Қайта оның адамға тигізер пайдасын тереңнен түсіндірді. Мұндай лебіздерді есту мені одан сайын қанаттандырды. Тіпті, өңірімізге белгілі Меделхан деген үлкен күйшіге қолқа салып, маған тәлімгер болуын өтінді. Әкемнің «Тек қана алға» дейтін қанатты сөзі бар. Мені осылайша жігерлендіретін. Әкемнің қызметіне орай 2005 жылы Қапшағай қаласына қоныстандық. Мұнда кәсіби музыкалық мектеп бар екен, соған қабылдандым. Өнер әлемінің ғажайып сырларына ден қою осылай басталған, – деді Бекболат өткен күндерді есіне алып.

Ендігі жерде Бекболат Әбдіберікұлы үшін өнер жолы басты бағытқа айналды. Алдымен музыка колледжінде оқыды. Мемлекеттік емтихан кезінде көрсеткен дирижерлік шеберлігі комиссияны сүйіндірген екен. Үздіктердің қатарында колледжді аяқтады.

– Дирижерлікті ұнатуыма Нұрғиса Тілендиев атамның жолы ерекше әсер етті. Ал домбыраны меңгеруіме колледжде өзіме сабақ берген айтулы өнер жүйрігі Саят Ақбасовтың сіңірген еңбегі зор. 2013 жылы Алматы консерваториясына оқуға түстім. Мұнда ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Айгүл Үлкенбаеваның мектебінен өттім. Күйшіліктің тереңіне бойлатты. Ал дирижерлікке баулыған ұстазым ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Базарғали Жаманбаев. Осындай біртуар адамдардың шәкірті атану үлкен мақтаныш және зор жауапкершілік, – дейді Бекболат Әбдіберікұлы.

Ол соңғы екі жылдан бері Алматы консерваториясының ұлт-аспаптар оркестрінде  дирижер болып қызмет етеді. Оркестрдің дені жастар. Олар осы ортада үйреніп, қалыптасып,  үлкен өмірге түлеп ұшып жатады. Кешегі консерватория шәкірті Берік Әбдіберікұлы енді өзі де білікті ұстазға айнала бастаған. Бұл – өнерпаз жанның үлкен мұратының бір мысалы ғана.

Болат МӘЖИТ