ӘДЕПХАН ЖАҚЫБАЕВТЫҢ ШАҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Уақыты: 20.07.2019
Оқылды: 1081
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазіргі ауыл біз өскен ауылға ұқсамайды. Алайда бұрын да, қазір де қазақтың қарапайымдары әлі сол ауылда тұрады. Олардың қарапайым аталатын себебі, ешкімнен қызмет те, атақ та сұрамайды және соған таласпайды, тек екі қолға бір күрек – жұмыс сұрайды. Ол сұраған жұмыс табылмайды. Табылса да бәріне жетпейді. Жетпесе де ауылдан кетпейді. Өйткені, ата-бабасының жерінде жүр, жердің өзі оларға қуат. «Әуелі құдай, содан соң ата-бабаның аруағы қолдасын», – дейді де, бәріне көне береді. Ондай көнбіс халықты қарапайым демегенде, не дейсің?! Сол ауылдағы қарапайым қазақтың қарапайым пәлсапасы бар: «Бәрің бірдей сөз бақсаң, сұм боларсың, бәрің бірдей мал бақсаң, құл боларсың», – дейді.
Апырмай, қалай қатты айтады? Өзгеге емес, өзіне айтып отыр ғой әлгі сөзді. Өзін аямаған өзгенің бетін жосадай қылмай ма. Әрбір сөздің әділін айту, ақиқатын білу, соған тоқталу деген осы сөздерден аңғарылады. Ауылдың анық қасиеті де сонда: ақиқатқа ұмтылып өмір сүру. Бірақ бүкіл ауыл қарапайым болса, ол ақиқатты кім олардың есіне салады?! Сондықтан құдай ауылдан да мықты, өзгеден озық біреулерді жаратады. Не шешен, не әңгімешіл, не әнші, не ақын, не балуан, не кітапты көп оқитын біреу қайтсе де туады. Ауылдың сөз ұстары сол болады. Ауылдың абыройын сол арқалайды. Ауылдың надандығымен де сол күреседі.
Біздің Орбұлақ өңірінде сондай адамның бірі – Әдепхан Жақыбаев. Сексенге аттап басқан замандас. Ақын! Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Біздің ауданда отыз жеті ауыл болса, сол ауылдың бәрі оны біледі, Қорғастан Алтынемелге дейінгілер оны мақтан тұтады. Неге?
Оның ең басты қасиеті – туған жерін туған әке-шешесіндей жақсы көруі. Ол үшін әуелі перзенттік сезім керек, содан соң ақ пен қараны ажырататын ақыл керек, қала берді туған жердің арғы-бергі тарихынан бірдеме білуің керек. Осының бәрі Әдепханда бар. Адамдар барға қарайды, жоққа қарамайды. Тіпті, айтатыны, еске салатыны болған соң ғана ел Әдепханның аузына қарайды. Оның сындарлы сыры сонда.
Өртеңсайда бабамның даналығы қалған жер, 
Қозы баққан әкемнің балалығы қалған жер. 
Тұңғыш сүйіп марқайып, кенже сүйіп қартайып, 
Жүзге келген әжемнің аналығы қалған жер», – деп әріден қозғап, толғанады. Жердің тарихы мен өзінің тарихын тамырынан тартып жырлайды. Туған жер мен туған әке-шешенің тұтасқан өмірін өлең етеді. Апырмай, солай ғой деп сүйсініп отырасың. Өзің де еске аласың, келісесің. 
Тауды аңсаймын торықсам көкке қарап,
Өрмелеген қарағай текпе балақ.
Шыңдар шымыр етпейді асқақтықтан,
Тау найзасы секілді қойған қадап.
Тауды көрген, тауда өскен адам бірден түсінетін көрініс. 
 Таулардың біреуі – асқақ, біреуі – пәс, 
Төбенің біреуі – егде, біреуі – жас, 
Төсеніп ғасырларды міз бақпайды,     
Себебі қозғалмайтын тіреуі тас. 
Ойға келе бермейтін тосын теңеулерді қалай таба білген? 
Ақын болып жырлағанда Әдепханның жан дүниесі сезіледі. Ал оның жан дүниесі ерте заманды, бергі заманды – бәрін сағынған дүние. Ата-бабасын сүймеген адам ата-бабасы өмір сүрген, қазір өзі өмір сүріп жүрген туған жерді де сүйе алмайды. Туған жер – ата-бабаның көзі. Сол үшін-ақ оны қадірлейміз. Алайда ол жердің тарихы туған халқыңның тарихындағы белгілі оқиғамен байланысып жатса, одан оның қасиеті еселеп арта түседі. Әдепхан өлеңінде Орбұлақ сондай жер. 
Сен қалайсың? Менің қазір қызу денем, 
Өрілмеген үміттер үзілмеген. 
Мен келемін толғанып өлеңменен, 
Орбұлақтың қартасын сызуменен», – деп түйіндейді. 
Жырының бар арқауы – туған жер. Тағы оқиық:
Табиғатқа тағылық табынғандай
«Баркөрнеуге» барлығы бағынғандай. 
«Торайғырдың асуы» төніп тұрған,
«Ақбайталдың» жазығын сағынғандай.
«Қарақолдың» астасып асуымен, 
«Ақтастының» сырласып тасуымен.
Баркөрнеудің үстінен нөсер болып,
Көшкен бұлт төгіледі ашуымен.
Әдепханның табиғаты – жаны бар табиғат. Адамның қылығымен, көзқарасымен астасып жататын, адам сықылды табиғат. 
Бір ғасырдан астам уақыт бәріміз «Итшоқы» деп жүрген шұрайлы, малға да, жанға да жайлы келетін жердің ежелгі атын өзгерткенге жоқтап та Әдепханның жаны ауырады. Тобырдың үні кейде өстіп тарихымызды да таптап кететіні болады. 
Ысып-күйіп барамын лебінде бір от бардай,
Жатыр әне сандық тас, ғасыр бойы тоттанбай. 
Сан ғасырлар куәсі – қына басқан көк бөрте,
Түсіп қалған бабамның тақымынан көкпардай.
Көк бөрте тасты көк бөрте лаққа қалай теңеген? Осы тасты көрмеген, көріп көзін суармаған адам осындай теңеуді мың күн ойласа да таба алмас еді. 
Әдепханның көп өлеңі жал-құйрығы төгілген жорға аттың жүрісіндей болып келеді. Төгілтіп жырлағаны мейіріңді қандырады:
Қарсы ал, балам, атаңның атын ұста
Жасқаншақтап, жасымай батыл ұста.
Демеп түсір көтеріп қолтығынан,
Жылылық бер, жүрекке жақын ұста.
Келген шығар ұрпағым, балам бар деп
Өрістесем бір жасап қалам ба деп.
Алдыменен сәлем бер, басыңды иіп,
Түспей кетіп жүрмесін, надан ба деп.
Төгілген өлеңнің тәлімі де төгіліп тұрған жоқ па?! Ол сөзді жай ғана төгілтіп бермейді, бейнелеп, теңеп, әдемі суреттеп төгілтеді. Жай ақын емес, суреткер екенін танытады. 
Ақсақалдар, ғасырлар қабатталған,
Ақсақалдар, тарихтар парақталған.
Ғасыр шөгіп қалар деп, тарих сөніп,
Қазақты ақсақалсыз жаратпаған, – деп бір өрбітсе:
Іні қарап өседі ағаларға,
Аға керек жасқа да, данаға да.
Білем-білем бұлаққа бөлінеді,
Ұлы өзендер далаға тараларда.
Аға сыйлап, ініні үлгі тұтқан,
Ағалардың өзі де, бабалар да.
Арқа тұтып сүйенсек ағаларға,
Жазықты деп жандарын жаралар ма? – дейді Әдепхан. 
Жайқалған көк шалғын құрағы,
Жүйткіген арқар мен құланы.
Мәңгілік қазақтың тұрағы,
Киелі бұл «Ордың бұлағы».
Өшпейтін бұл тарих көрген жер,
Ажал да, тажал да төнген жер.
Қаша алмай қалмақтар көр етіп,
Өздерін осы Орға көмген жер.
Бар төбе, тас бейіт «Жалаулы»,
Қарайды бурадай жараулы.
Батырын сағынып құшқандай,
Гүлдер тұр аймалап алаулы.
Белжайлау ғана емес, туған жерге деген Әдепханның мейірі де төгіліп тұр ғой.
 «Бәйгі жота» жүйріктей бүгіледі,
Көк аршаның етегі түріледі.
Қыз жібекке қол созған Төлегендей,
Қарсы қарап «Қарақол» жүгінеді.
Пейішке қалам көрсем енгендей боп,
Қыз қуанар төркінін көргендей боп.
Екі бұлақ ағады екі жаққа,
Енесін егіз тайлақ емгендей боп.
Сөзге, мәдениетке, әдебиетке етене қатысты ауданның барлық шараларына Әдепхан міндетті түрде араласады. Бәріне мұрындық болып, бәріне белсене қошеметші болады. Өйткені, ақын жаны соны қалайды, халықтың арасында болғанды жақсы көреді. Алауыздық пен өсек-аяңның ортасынан оны оқшаулап әкететін Әдепханның әулиесі – өлеңі. 
Өзгелер тау деп, тас деп, қар мен жер, су мен көл деп қарайтын нәрселердің бәріне Әдепхан басқаша «ата-бабаның көзі» деп қарайды. Оның өзін өзгелерден оқшаулап тұратын да сонысы. Мен де оны сол қылығы үшін сыйлаймын.
Ғасырлар таң атырдың,
Ғасырлар күн батырдың.
Тасқа айналған бейнесі,
Ұлылар мен батырдың.
Таңданасың асқарға,
Таулар, шыңнан асқанда.
Бабалардың рухы үшін,
Бас иеміз тастарға.
Әдепхан дұрыс айтады, бәріміз де бас иеміз.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
ҚР Мемлекеттік
сыйлығының иегері