ҰРПАҒЫМ, САҒАН АЙТАМ...

Уақыты: 23.07.2019
Оқылды: 1234
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қолына қалам ұстаған пенденің Абайдан келіп ақыл сұрауы заңдылық. Дананың ұлылығы да осында жатыр ғой. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп сөз бояуын кетірген өлеңкештерді мінеп, ағаш атқа мінгізетіні бар. Қайран қаласың! Жазғаныңды қайыра оқисың. Дара ақынның сынынан өте алмай қалатындай қолжазбаңды жүрек таразысына саласың! Ол сосын бір демін алып «Сонда да солардың бар таңдамасы» дейді маңдайын жаза. Сосын барып көңілің орнына түседі. Біз бүгін сол ақындардың бірі Сатыбалды Қазтаев хақында сөйлемекпіз. Ол кісі де Абайды ұстаз тұтқан.

Жазу. Бұл Жаратқан Иеміздің адамға берген сыйы. Алақанына сиялы қалам қондырған жан иесі қиял құсымен қатар самғап, арғымақ ойларын арда тұтады. Ғанибет емей немене?! Сұлулықтың сызбасын сызуға оқталған қаламгердің кеудесіне ұялаған ізгіліктің сәулесіне әлем шомылады. Дүние қазанын төңкеріп кетердей ашудың табаны қышиды. Уақыт машинасы сенің меншігіңде сияқты, қайда сапар шегетініне бас қатырмайсың. Бірде әлемнің бірінші ұстазы Аристотельдің бақшасына түсесің. Бірде атақты әл-Фараби бабамызбен сұхбаттасып отырғандай боласың. Елгезек Эйнштейннен қателік іздейсің. Дарвиннің ақымақтығына ызаланасың. Сосын барып болашақтың жүзіне үңілесің. Құдды саған қолын созып тұрғандай. Олар ата аманаты өлеңге сусап жүргендей. Әлгі саяхаттан жинаған барлық байлығыңды балаларыңның алдына жаясың. Солар көрсін, білсін, мына ғаламның құпиясын ашсын, солардай Отанын сүйсін дейсің көңілің жадырай. Ақ қағаздың бетін оюлайсың ерінбей. Елің үшін, артыңда жәудіреп қарап тұрған ұрпақ үшін.
Осындай озан пікірді ойымызға әкелген «Ұрпақтарға ұлағат» кітабы. Авторы – Сатыбалды Қазтайұлы. Ол «Кезең келбеті», «Ұрпақ үні», «Өмір өткелдері» жыр жинақтары арқылы республика көлемінде аты шыққан, оқырман жүрегін сонау 1957-58 жылдары жаулап алған танымал ақын, Қаратал ауданының Құрметті азаматы.
Келер күн шалдықтырып келесің бе?
Айтарым бар алпыстың белесінде.
Жағайын жақын болып ағайынға,
Қалайын ақын болып ел есінде.
Міне, ақынның өзі айтқандай жыр пырағына мініп, сол арқылы ел есіне өшпес мұра қалдыруды мақсат тұтқан бұл жинақтың «Ұрпақтарға ұлағат» деп аталуының өзінде мән бар. Оған «Еңбек даңқы» медалінің иегері Ғабдул-Сәбит Юсупов былайша баға береді. «Бұл кітаптағы ақынның жүректен шым-шымдап шыққан жыр жолдары әр оқырманның жүрегіне терең жетіп, бір мезгіл ойланып-толғану, «мен қандаймын?», «қазағыма, қоғамға не бердім, не істей аламын?» деген тұрғыда, өзіне-өзі есеп беруге жетелейтініне сенеміз. Ақынның бұл рухани еңбегі ұрпақтарға, шын мәніндегі ұлы ұлағат екендігі анық...». 
Оқырман кітапты оқу барысында ақынның осы туындысынан кеңес дәуірі аяқталып, нарықтық экономика қатынасының қалыптасу кезеңіндегі қарапайым халықтың басына үйірілген дағдарысты көреді. Тіліміздің тауқыметі мен рауанды рухымыздың ақсай бастағандағы ұлттың жанайқайын жеткізеді. Заман ағымына бас иіп, қол қусырып отыратын пессимист емес, оптимист-күрескер екенін көрсетеді. Ел тұтқасын ұстаған азаматтардың, әсіресе, жастардың келешегінен үлкен үміт күтеді. Өмірдегі кемшілік, қайшылықтарды ұрпағының жеңе біліп, әлімсақтан рухы биік қазақ елінің өсіп, өркендеп, Көк Туының зеңгір аспанда мәңгі желбірей беретіндігіне сенеді. Келешектің келбетін ақын көзімен әспеттеп, ертеңгі өміріңе оң баға беруге тырысады. Келешек ұрпаққа деген ұлағатты өсиет, ғибратын шырайлы да сазды, лағыл моншақтай жыр жолдары арқылы нанымды жеткізе біліп, оқырман жүрегін еріксіз жаулап алады. 
Ақын ағаның өмірлік кредосы – «ар мен адамшылық қасиетті жоғары ұста», «еңбек ет», «талаптан», «жат қылыққа жолама», «болашаққа сеніммен қара» сияқты ұстанымдардан тұрады. Ол осы бір ішкі сертіне ешқашан дақ түсірген емес. Қазақ тіліне деген жанашырлығы көз сүйсіндіреді. Сонау кеңес заманының өзінде тілдің мұң-зарын өлең жолдары арқылы халыққа жеткізіп, оны құрметтеп, сыйлауға, білмегендерді үйренуге үндеп жүрген қоғам қайраткері кейпінде ел жадында.
Талғамы болар танымның, 
Ұқтырар ойдың бар қырын. 
Егізіне ұқсас жанымның –
Негізім – тілім – жарқылым.
Басынан бақтың жұрты ауып, 
Алғандай жаулап бейне азап. 
Өз тіліне мылқаулық, 
Көрсетіп жүр-ау кей қазақ, – деп тілімізге қырын қарайтын қандастарымызға ой салып, намысын қайрайды. Жөн! Тіл-дініңнен айырылсаң – қазақ емес, қара жерге қағылған қазық емессің бе?! Тап осы қағида исі қазақтың бойында болуы керек-ақ! Мұны ақын өлең жолдарымен өрнектеп, ұлт ұстынын асқақтатуға тырысады.
Әрбір ақынның шабытын шалқытатын, ойына ой қосып, арқасына біткен қанаттай аспанға қалықтататын қозғаушы күші,  музасы – оның махаббаты ғой. Бұл тұрғыда ақын өзінің музасы әрі жан-жары Қайныш апамызға қалай жыр жолдарын арнамасын?!
Уақыт жетегіне еріп күнің,
Өз бағыңның келесің теріп гүлін.
Тәрбиелеп, ұшырдың сан ұрпақты,
40 жыл ұстаз болып, беріп білім, – дей келе, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған сүйікті жарына: «жадырап, аман-есен жүзге жет!» деген жүрекжарды тілегін ақтарады. Өзі үнемі Қайнышжан деп еркелетіп, шығармашылығының отын маздатқан асыл жар есебінде ерекше құрметтеген. Оны бүгінде зейнеткер ұстаз атанған аяулы ана Қайныш Қазтаева сағына еске алады. Ақынның жары болу бақыты бұйырған анамыздың естелігінде ағамыздың жарқын  бейнесін жадыңызда қайта жаңғыртады.

ЖЫРЫҢ ҚАЛДЫ ЖАНЫМДА

Кезінде Талдықорған ауданында 1939 жылы дүниеге келген Сәтекеңнің ата-анасы төрт бірдей баласы туа салысымен шетінеп кете берген соң осы ұлы туысымен «сатып алдық» деп ырым етіп, «Сатыбалды» есімін азан шақырып қойғызыпты. Үміті үзілердей болған ата-ана «тұрақ ауыстырсақ қалай болар екен» деген ниетпен Талдықорған ауданынан Қараталдың Елтай ауылына қоныс теуіпті. Ананың көз жасын Құдай көрді ме, Алладан тілеп жүріп көрген ұлдары аман-есен ер жеткенде: «Я, ақсарбас! Осы қарғамның көрпесін ұлғайтып, көсегесін көгерте көр!» – деп құрбан шалып, ауыл ақсақалдарының батасын алады. Сары ұлдары жігіт болып, Елтай ауылынан 7-сыныпты бітіреді. Одан Тастөбе ауылындағы Жамбыл орта мектебінен он жылдықты үздік тамамдап, 1957 жылы Алматының мал дәрігерлік институтына түседі. 1962 жылы «Қаратал» кеңшарының «Ұмтыл» бөлімшесінде ферма зоотехнигі лауазымында еңбек жолын бастаған Сәтекең еңбектің қара қазанына қойып кетеді. Жас маман үлкендерден, тәжірибелі адамдардан үйрене жүріп, ысылады. Білмегенін сұрап алып, ізденуден жалықпайтын ол «Қаратал», «Абай» кеңшарында бас зоотехник, парторг, директор болып қызмет атқарды. Қарап отырсаң, Сәтекең еңбегін аттары аталған екі шаруашылық ортасында кезекпен жалғастыра беріпті. Осы екі шаруашылықтың ыстығына күйіп, суығына тоңды. Сол шаруашылықтардың өрлеуі Сәтекеңнің өрлеуі екен.
...Мектеп қабырғасында, кейіннен инсти-тутта жүргенде өлеңдері «Лениншіл жас», тағы басқа газеттерде жарық көрген Сатыбалды маған алғаш хаттарын ылғи өлеңмен жазатын. Екеуміз Панфилов педучилищесін бітіріп 1968 жылы 1 қаңтарда Оян ауылының бастауыш мектебінде, мұғалім болып істеп жүргенде қосылдық. Ол кезде «Комсомол тойын» дүркіретіп жасап, үйленетін үрдіс болатын.
1968 жылы қараша айында тұңғыш ұлымыз Бағлан туды. Бағлан Елтай орта мектебін күміс медальмен бітіріп, Алматы халықшаруашылық институтын тамамдады. Қазір Алматыда «БТА банкі» АҚ-да жауапты қызметкер. Ал келініміз Зейнеш «Азия-кредит банкі» АҚ-да қызмет істейді. Ұлдары Бақтияр – Ораз Жандосов атындағы № 105 лицей-гимназиясында 8-сыныпта үздік оқиды. Әдебиет сабағында: «Менің атам ақын» – деп, атасының кітаптарып апарып көрсетіп, мақтаныш етеді.
Екінші ұлымыз – Бақытжан 1972 жылы туды. Жаңаталап орта мектебін ойдағыдай аяқтап, Алматыдағы Энергетика институтын бітіріп, Талдықорған қаласындағы «Басқуат» жылу-сервисінде инженер. Келіншегі Гүлмира – «Альянс банк» АҚ-да қызмет істейді. Атасының үлкен немересі – Санжар биыл мектеп бітіреді. «Мен Сатыбалдиевпін» деп атасының атын шығарып жүр. Ал Сабыржан 4-сыныпта оқиды. Домбыра тартып, атасының өлеңдерін жатқа айтып, мақтан етеді.
Кенже ұлымыз – Бауыржан 1979 жылы туды. Талдықорған қаласындағы I. Жансүгіров атындағы педагогикалық институтын тамамдады. Қазір ана жолын қуып, өзім алғашқы ұстаздықты бастаған Оян ауылында математика пәнінің мұғалімі. Жары Мөлдір екеуі әке үйінің түтінін түтетіп, қара шаңырағын биік ұстап, иесі болып отыр. Қыздары Жансая мен Балауса да өнерлі. Ата жолын жалғасақ па деген кішкентай армандары бар.
Мені өмірімде асыл анам Шолпан «Қайныштай» деп атаса, жан-жолдасым, сүйген жарым  Сатыбалдының мені «Қайнышжан» деп еркелетуін мәңгі ұмытпаспын. Өзім де оны «Алтын шалым» деп сыйлап, алдын кесіп өтпеуші едім.
Айтып-айтпай не керек, Сәтекең тау қозғалса қозғалмайтын сабаз, салмақты да орнықты еді ғой. Тіпті, ренжітіп, қиянат істеген адамның өзін даттамай «е, білгені сол болса қайтесің. Ештеңе етпес...»  деп, әрі қазбаламай, қолын бір-ақ сілтей салатын. Қанша шаршап немесе біреуге ренжіп келсе де не маған, не балаларына зекіп, зекігенің не, қабақ шытып көрмепті. Содан да шығар, шаңырағымызда шаң-шұң ұрыс, түсініспеушілік пен келіспеушілік болған емес.
«Жоғалған кездіктің сабы алтын» дегендік емес, шын мәнісінде арысым сабаз да мейірімді, «кісі көңілі қалмасын» дейтін қайырымды еді.
Шіркін-ай, ең болмаса, «бір жерім ауырды, үлкен дәрігерлерге қаралайын» деп бір айтпады-ау. Әйтпесе, Құдайға тәубе, бай болмасақ та «Алтын шалымды» қаратып, емдететін жағдай бар. «Е, қан қысымы болып тұрады ғой, жасымыз келгендіктен» деп, дәрігер жазып берген дәрілерді анда-санда ішіп жүре беретін. Қайтесің, алып бәйтерегім ойламаған жерден морт сынып, күрт құлады ғой. Үш кітабы басылып шыққанымен, талай өлеңдері артында қалды.
«Ең болмаса, жарияланбаған өлеңдерін кітап етіп бастырып, қалың оқырманымен қауыштырайық. Мен  ұзақ жыл қосағы болған қарызымнан, сендер мыңның бір бөлшегіндей болса да перзенттік парыздарыңнан құтылыңдар. Әкелерің сендерге де, маған да риза болып, бір аунап түсер» деген ұсынысымды ұлдарым да құп көріп, осы бір игі істі шұғыл қолға алып едік.
...Басқа қолдан не келеді, асыл жарым – Сәтекем-ау! Өзіңді қойны суық қара жер құшағына бергелі де, міне,  жыл толып отыр. Тірі болғаныңда сексеннің сеңгіріне шығып дүркіретіп жыр-кешін де берер едің. Амал қанша?! Жан бөлек болған соң бәріне шыдарсың-ау. Бірақ, орның ойсырап-ақ тұр, қайтейін...
* * *
Иә, апамыздың жүрек сөзі көңіл  толқытады. Сартап сағынышының бояуы әлі де қанық. Балаларына әке мирасын азық етсе, немерелеріне ата өсиетін жеткізуді қолға алған. Келіндеріне де келелі әңгіме айтып, шаңырақтарының берекелі болуын тілеп отырады. Жарының қалдырған қазыналы еңбектері үйдің төрінде. Келген қонақ оқымай кетпейді. Бұл да ақынның жеңісі. Сатыбалды Қазтаев өміршең өлеңімен мәңгі жасамақ. Мейлі, жылдар жалын ұстатпасын, мейлі, мезгілдер аунасын, бәрібір өз биігінен сырғымайды. Оған дәлел ақынның асқақ жырлары.

ҰРПАҒЫМА ҚАЛДЫРАМЫН

Бұл қоғамнан, сыртында жалақының, 
Алғаным бар, бар әлі алатыным. 
Заңдастырып алдық қой соның бәрін, 
Жекелік боп мәңгілік қалатынын.

Сырғақтатып әкелер сырт ағымын, 
Өтті өмірден етумен құр тағылым. 
Тиесісін ала алмай бұл өмірден, 
Керегін де бере алмай ұрпағының.

Емеспін мен жәй ғана болбыр ағын, 
Жүйрікке де ертоқым салдырамын. 
Алғанымды өмірден заңдастырып, 
Арттағы ұрпағыма қалдырамын.

Тәуелді емен өзгеге – жекемін мен, 
Тарта қоймас енді ешкім етегімнен. 
Бүгінгі жетектегі ұрпағымды,
Биігіне шығарып кетемін мен.

Кезеңімнің  бар жүгін  көтеремін,
Қырып кетпей, келеді  төтелегім.
Ұлт сананы ұрпаққа сіңіре алсам,
Парызымды алдында ұлт өтегенім.

Қоғам, адам

Бұлттанып кейде, нұрланып кейде таң да атып, 
Күндерім тынбай барады озып, шаңдатып.
Барымды бойда бағалай алмағандықтан, 
Қолыма менің қонбай да кетті сан бақыт.

Ақыл да сұрап, батагөйлермен кеңестім, 
Түрткілей де қойған да жоқ қой мені ешкім. 
Бағымды талай жоғалтсам да мен бүгін, 
Бақытсыз жандар қатарында емеспін.

Өткенді ойлап, өкінішімде көмілмен,
Бүгінде менің босағам берік, кең іргем. 
Жеңіске де жеткен күндерім көп менің, 
Кездерім де болғаныменен жеңілген.

Бұрылып кеттім айнала жаздап боданға, 
Кезеңге сай өзгеріп тұрды жобам да.
Бойымды да, ойымды да, санамды,
Бейімдей алдым заманым құрған қоғамға.

Болған да шығар осы да басты жеңісім, 
Кеңімей сана кеңістік қалай кеңісін? 
Ынтымағым мен ырысым қайта жарасып,
 Шапалақ ұрған көбейді жандар мен үшін.

Кезеңімді жарастыруға бекіндім,
Қоғамымның да әрі кетпесе бетінің.
Ұл, қыздарын ұлағатты ете алғаны,
Жебей алғаны жесірі менен жетімін.

        * * *
Үстінде тұрғаннан соң жер өтінің,
Бар әлі де тебіндеп, теретінім.
Әлі де алатыным бұл өмірден, 
Таусыла да қойған жоқ беретінім.

Әлі де сырласайын тал-қайыңмен, 
Жоғымды барымменен жалғайын мен. 
Қасына ар-ұяттың қатар қонған, 
Үркітіп үмітімді алмайын мен.

Өмір – тірлік үнінде тыңдап бағам, 
Жүрегіме ой менен мұң қаптаған. 
Айтылмаған ойларды арқаланған, 
Алдағы әрбір күнім қымбат маған..
 

Мұхтар КҮМІСБЕК