ЖЫР – ЖАН АЗЫҒЫ

Уақыты: 30.07.2019
Оқылды: 3178
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. 

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға 17-29 жас аралығындағы 17 үміткер қатысты.
Жырға құмар жастар екі кезең бойынша сынға түсті. Яғни, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дө­нен­­таевтың 125 жылды­ғы мен Фариза Оң­ғарсынованың 80 жылдығына орай аталған ақын-жазушылардың  про­залық, поэзиялық шығармаларынан үзінді оқыды.
Көркемсөз оқу шеберлерін анықтау үшін облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, І. Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к., доцент Сайлау Қожағұлов, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ардақ Сеңгірбаева байқауға қазылық етті.
Шығарманы мәнерлеп оқумен қатар әуезді дауыс, әдемі үн  және  актерлік шеберлігімен  тәнті еткен үміткерлер аз болған жоқ. Байқаудың бас жүлдесін ақсулық  Ілияс Нұрланбеков жеңіп алды. Ал бірінші орын  Райымбек ауданынан келген Медет Байжұмаға бұйырды. Екінші орынды Балқаш ауданының түлегі Тахмина Ерлан мен ескелділік Ділнұр Мұқият иеленді. Тиісінше үшінші орыннан Текелі және Тал­дықорған қалалары­ның үмітін арқалаған Ақ­бота Жақсымбет пен Мерейлім Қарабалаева және ілелік Нұрбек Жангабоев көрінді. Жүлдегерлер басқарма дипломымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Байқау соңында сөз алған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев: «Абай әлемі жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Жыл сайын Абай оқуларына қатысуға ниет білдіруші жастар қа­тары артып келеді. Дәстүрге айналған Абай оқулары өз жалғасын тауып отыр. Қазіргі жастардың ұлы Абай ар­мандаған биіктен көрінеріне бек сенеміз», – деп қатысушыларға алғысын білдірді. 
Қазылар алқасы да биылғы байқауға үміткерлердің барлығы жақсы дайындықпен келгендігін айтып,  қатысушы мен ұйым­дастырушыларға ризашы­лық сезімдерін жеткізді.
Бұйырса, Абай оқуларының республикалық байқауы қыркүйек айында Талдықорған төрінде өтпек.

Қабыл ИСА