ҚАЗ-ҚАЛПЫНДА: ҚАРҒЫС ҰРАТЫНЫ РАС ПА?

Уақыты: 02.08.2019
Оқылды: 2930
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ата-анамыз ес білгеннен «Қарғыс алма, алғыс ал» деген нақылды құлағымызға құйып өсірді. Осы сөздің әбден санамызға сіңгені соншалықты, бес күн жалғанда ешкімнің ала жібін аттамай, кім-кімнің де көңіліне қарап жүргенді қалаймыз. Қарғыс дегенді естігенде тұла бойымыз тітіркеніп, еріксізден көңіл-күйіміз құбыла түседі. Өмір болғаннан кейін бәрі де кездеседі. Мына жалғанды жалпағынан басқысы келетін жандар да аз емес арамызда. Әрине, олар тура жолдан тайқып, арамдықты алдына шығарып, талай адамның наласы мен қарғысына қалып жататыны тағы бар. Қазақта: «Жүйелі қарғыс киесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» деген тәмсілдің бар екендігі осындайда тағы бір мәрте ойға орала түседі. Лайым, қай-қайсымыз болсын, қарғыс пен наладан қашық жүргеніміз абзал болар еді. Өкінішке қарай, бес саусақтың бірдей еместігі секілді елдің арасында талай-талай жұмыр басты пенденің бар екендігін ұмытпайық.

Қазақ ежелгі кезеңнен қарғысқа өте сақ қараған. Бұл сөз ертедегі түркі жазбаларында кездеседі. Мәселен, Махмуд Қашғаридің сөздігінде «қарғыс» мағынасындағы сөздердің бірнеше нұсқасын байқаймыз. Ол сөздікте қарғағ, қарғыш деп көрсетілген. Аталмыш сөздіктен қарғыс сөзінің төркіні боларлық алғашқы мағынаны да көзге ұшыратамыз. Дәлірек айтқанда, онда қырға – ұрысу, балағаттау, қырғағ – ащы, ыза, қаһар жаза ұғымдары ретінде сипатталады. Сондай-ақ, қазіргі түркі тілдерінің ішінен якут тіліндегі қарғыс сөзінің алғашқы түпнұсқасы мен мағынасы боларлықтай мәліметтер бар. Оларда харгыс сөзі кедергі, бөгет болу, қиындық туғызу дегенді білдіреді. Шындығында, қарғыс тектен-текке айтыла бермейді. Ол ашу-ызадан туындайды. Біреу екінші бір адамнан әбден зәбір көреді. Енді біреулер кісі ақысын жейді, уәдесін беріп алғанын уақтылы немесе мүлдем қайтармайды, жазықсыз адамдарды өлтіріп, қандарын мойындарына жүктейді. Осындайда жәбірленушінің өзіне қастандық жасаған жанға айтатыны қарғыс екені белгілі емес пе?! Ғалымдар оны парапсихологиядағы тіршілік иесінің жәбірлеушіге қарсы қуатты күші деп санайды.

Бірде "Астана – Алматы" бағытында жүретін жүрдек пойызында өзіммен бір купеде келе жатқан әйелмен таныстым. Егделеу тартқан түріне қарап, шамамен 60-65-те шығар деп шамаладым. Өзін Людмила Ивановна деп таныстырған ол Астанаға бүгін ертеңгісін келгенін, шаруасын тындырған соң Алматыға оралып бара жатқанын айтты. Тәптіштеп сұрай келе екеуміздің Алматыдан Астанаға бір пойызбен, тіпті бір вагонда, тек  көрші купелерде келгеніміз мәлім болды. Жүрер жол ұзақ, ұзын сонар әңгімеге кірістік. Жолсерігім медицина ғылымдарының докторы, психотерапевт екен. Жан-жақты білімді жан екені дәйекті сөздерінен бедерлене берді. Өмірдің талай биігіне шыққан екеуміз енді балалар мен немерелер, қоғамда болып жатқан алуан өзгерістер жайында пікірлестік. Бір мезетте қарғыс туралы әңгіме қозғалды. Сонда ғалым әйел қарғысқа сенетінін, жүйелі қарғыстың киесін табатынын айтты.

Қарғыс зұлымның өзіне тимесе де балаларына, не немерелеріне міндетті түрде тиеді деп, сендіруге тырысты. Менен осы әңгімені естіген, кең-байтақ отанымыздың терістігінің тумасы болып келетін бір замандасым, мынандай дәлел айтты.

Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңына таман колхоз бастығы қызметіндегі бір апайтөс-ұрдажық, талай жазықсыз шаруаны НКВД арқылы соттатқан. Солардың кейбірі атылып та кеткен көрінеді. Әлгі әпербақан өзінің түріне, шамасына қарамай, ауылдағы бетінің "қызылы" бар қыз-келіншектерге маза бермейтін болған. Әйелі бала таппайтын ауылдағы есуастау бір малшыны соттатып жібереді де соңында қалған келіншегіне ашық түрде сезім білдіріп, одан бала сүйгісі келетінін жасырмайды. Оның дегеніне көнгісі келмеген әлгі мұңлық күйеуінен қалған жалғыз ұлымен көрші ауылдағы төркінін паналайды. Алайда, арам пиғылды колхозбасы әйелді сол жерден іздеп табады, айтқанына көндіріп, дегеніне "жетеді". Некесіз қатынастан бір қыз, үш ұл дүниеге келеді. Ал енді осы әңгімені неге тәптіштеп жазып отырмын. Әңгіменің басында "Жүйелі қарғыс киесін табады" деген дана халқымыздың мақалының бекерге айтылмағанын дәлелдеп көрмекпін. Өз халқының сансыз қарғысына қалған сол зұлымның екі ұлы жастары жиырманың ар жақ-бер жақ шағында әртүрлі себептермен опат болыпты. Қызының күйеуі мотоциклмен аударылып көз жұмған. Қарғысқа батқан қарт әлдеқашан мәңгілікке кеткен. Бүгінде көзі тірі замандас-ауылдастары: «Көпке істеген жаманшылықтары балаларына тиіп жатқанын ол "бейбақ" білер ме екен» дейтін көрінеді.

Кезінде көпке тізесі батқан, қазақты қанға батырған Голощекин мен Мирзоян, Колбиндер де халықтың қарғысы мен наласына қалды. Соған сәйкес әрқайсысы өзіне тиісті жазасын алды. Осыдан, «Қара жерді жамандама, қайтып сонда барасың, қауым елді жамандама, қарғысына қаларсың» деген нақылды жұмыр басты жандардың әсте естерінен шығармағаны ләзім екенін көреміз.

Қазақ халқы қарғысты орынсыз қолданбаған. Реніш тудырған жанға «Тұқымың өссін» деп айтатын аналарымыз қарғыстың түбі жаман қасірет екенін аңғарған секілді. Сол себепті ет-жақынына ешқашан жамандық тілеместен барынша сыпайы болғай. Олай болмаса, кейбір әулеттер мүлдем азайып немесе жоғалып та кеткені ел арасында тілге тиек етіліп жатады. Мәселен, халық наразы болған немесе бір адамға әбден тізесі батқан жандар ұрпақсыз қалып жатады. Болмаса, оның ұрпағы мүлдем жұтайтыны тағы да рас. Мысалы, кейбір әулеттер тек қана бір баладан ұрпақ өрбітіп, ол бірнеше атаға дейін созылып жатады. Оны қарғыстың күші демей көріңізші. Он сегіз мың ғаламның құпиясы көп-ақ.

Оның тылсымына әлі күнге дейін ешкім бойлай алған емес. Ондай құдіретке адам баласының қашан қол жеткізетіні де белгісіз. Қазіргі ғылым мен техника дамыған уақыттың өзінде мұндай тылсым құбылысқа тереңінен бойлай түсуге ешкімнің шамасының келетін түрі жоқ. Осы тақырыпты зерттеп жүрген азаматтардың айтуынша, қарғыс адам өміріне өте қауіпті құбылыстың бірі саналады. Жалпы, қарғыстардың ішінде ең жаманы ет-жақынының айтқаны.

Айтпақшы, бала кезден санамызға шегеленген «Әке қарғысы – оқ» деген нақыл да бәріміздің ойымызға ең алдымен оралады. Тағы бір айта кетерлігі, кейде өзінің бауырына немесе баласына әбден наразы болған бірқатар кісілер теріс батасын беріп жатады. Ол да өте жаман қарғыстың бірі. Қазіргі күні ондай қарғыс дегенді ешкім ескере бермейтін болды ма? Мұндай сөз ес тоқтата қоймаған жастар түгілі әбден оң-солын таныған егде жастағы кісілердің ауызынан шығып жатады. Тіпті, өзінің немересіне ата-әжесі «тұқымың құрғыр», «демің өшкір» деген секілді жаман сөздерді айтып, балағаттап жатады. Әрине, мұның дұрыс емес екенін білсек те, демімізді тартып, іштен тынып жататынымыз тағы бар. Сондықтан ауызымызды ашарда не айтарымызды асықпай ойланып алғанымыз артықтық етпесі анық. Ұрпақтың келешегіне де көз салып, олардың қарғыс алмауын қадағалағанымыз жөн-ақ. Себебі, бүгінгі күні екінің бірі түрлі жаман әдеттерге жақын жүріп, елдің наразылығын туындатып жатады. Әрине, оған әбден ашынған халық өзінің ішіндегі наласын сыртқа шығарып та жатады! Заң жазасынан құтылып кеткенмен, олардың ар жазасынан ешқашан құтыла алмайтыны айдай анық. Қарғыс туралы ойланғанымыз артық емес. Өйткені, он сегіз мың ғаламның құпиясына айналған құбылыстар тілімізге абай болуды ескертеді. Қазақтың «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегені содан болар.

Осы мақаланы дайындау барысында Қаратал ауданы Жаңаталап ауылының бұрынғы тұрғыны Амангелді Шалтаев деген азаматпен тілдестім. Енді соның, осы тақырыппен астарлас бір әңгімесін мысал ретінде оқырман назарына ұсынбақпын.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары аталмыш ауылда Оралбек деген он балалы жан тұрыпты. Сонша баланы асырау барысында мұқтаждықтың ащы дәмін молынан тартқан "батырың" өзіне сыныптас болып келетін совхоздың директоры Рахымжан Мұраділовке барып мұңын шағады да, бағуға бір отар қой сұрайды. Досының жағдайын ұққан ол, асыл тұқымды қошқарларды бағуды тапсырады. Зейнетке шыққан бұрынғы қошқарбаққыш бұған мән-жайды тәпіштеп түсіндіріп, қотанның айналасындағы жайылымның шетінде бір үйір қасқыр апанының бар екенін, ондағы ит-құстың жақын төңіректегі малды шаппайтынын айтады. Ал қойшы, өз кезегінде, ол бөрілерге тимеуі шарт екен. Қош, сонымен Оралбек Ұмтыл ауылын мекен етіп, шаруасына асқан жауапкершілікпен қарап, қошқарларын бағып-қағып жүреді. Күндердің күнінде малға қасқыр шауып, асыл тұқымды, құны 10 мың сом болатын бір қошқарды "тартып" кетеді. Аңның тісі тиген қошқар өледі де малшының басы дауға қалады. Үлкен айқай-шу шығып, совхоз, аудан басшылары ара түсіп, малшының күнәсі әупірімдеп жүріп кешіріледі. Бөріге өкпесі қарақазандай қойшы енді малды жайылымға шығарғанда қосауыз мылтығын жанынан тастамаған. Бір күні қасында өріске шай-пұл әкелген кемпірі бар қойшы апанның кіреберісінде күшіктерін емізіп жатқан қаншықтың үстінен түседі. Қаншық ырылдап айбат көрсеткені болмаса орынынан қозғалмайды. Зығырданы қайнап жүрген Оралбек мылтығын кезене бергенде кемпірі:  «Иттің иесі болғанымен, бөрінің тəңірі бар демей ме қазақ? Өлер қошқар өлді, оның "шатағынан" құтылдық. Оны жазым қылғанның осы ұядан шыққанына көзіміз жеткен жоқ! Бейкүнә күшіктерді қырсаң, бөрінің киесі атып, қарғысы балаларға тиіп кетіп жүрер. Менің айтқанымды мақұл көрсең, осыларға мылтық жұмсамай ақ қой, дейді. Ақылға құлақ асқан қойшы, ұңғыдан оқты шығарып алады да малын бағып кете барады. Айта кететін жайт, бұдан кейін қойшы мен бөрілердің арасында еш "кикілжің" болмаған көрінеді.

Қайсыбір түні қотандағы қойдың дүрліккен дауысы үйге жетеді. Сыртқа атып-атып шыққандар әлдеқайдан үркіп келген бір топ қойды көреді. Санап кеп жіберсе ірілі-ұсағы бар жетпіс бас екен. Бұлар, алыс-жақыннан жоқ іздеушіні күтеді, мал жоғалтқан жан бар ма деп төңіректегі елден сұрастырады. Сонымен, сұрауы жоқ 70 қой осы қойшынікі болып кеткен көрінеді. Ерінбей еңбек еткен Оралбек сол малдың арқасында барлық балаларын "жеткізіп", оқытып, үйлендіріп дегендей, ел қатарлы өмір сүріпті.

Қадірменді оқырман, қарғыс дегенге, бөрінің киесі бар дегенге сену-сенбеу өз ықтиярларыңыз. Менікі өз құлағыммен естігенді қаз-қалпында сіздерге жеткізу болатын. Ар жағын патша көңілдеріңіз білсін!

Әбдісамат МЫЛТЫҚБАЕВ,

зейнеткер

Талдықорған қаласы

Сурет ғаламтордан алынды