ҚҰЛАГЕР АҚЫНДЫ ӘСПЕТТЕДІ

Уақыты: 13.08.2019
Оқылды: 3085
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл сарайында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, әзірбайжан этномәдени орталығының ұйымдастыруымен  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, көркем сөздің хас шебері Ілияс Жансүгіровтің  125 жылдығына арналған «Тілді білу – патриоттықты қалыптастыру» атты форум өтті. Салтанатты жиынға  «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, облыстық Ассамблея хатшылығы және этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Жаңғыру жолы» жастар штабының өкілдері қатысты. Жиынды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бас маманы Сәуле СҰрабалдинова жүргізді.

Ілиястың әдеби мол мұрасы, жаңа табылған еңбектері, шет тілдеріне аударылған шығармалары жөнінде  Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Мұратбек Иманғазинов кеңінен әңгімеледі.  Мұратбек Мүбәрәкханұлы өзі де Ілиястың көптеген еңбегін жарыққа шығарып, зерттеп, елге танытып жүрген азамат. Оның басқаруымен Ілияс Жансүгіров шығармаларына арналған энциклопедия жарық көрді. 
 Энциклопедияның бірінші бөлімі «Ілияс Жансүгіров» «Өмірдерек», «Ақындық нәр алған арналар», «Көзкөргендер», «Ілияс Жансүгіров шығармашылығын зерттеушілер», «Лирикалық өлеңдер», «Тәржімадағы табыстар» атты  тараулардан тұрады. Екінші бөлімі «Драма», «Поэма», «Проза», «Сатира», «Балалар әдебиеті» атты  тараулардан құралған. Әр бөлімде І. Жансүгіров шығармашылығы жайлы құнды деректер мен мәліметтер жарық көрген. Бүгінде жоғары оқу орындарына оқыту үшін  М. Иманғазиновтың «Ильясоведение» деп аталатын  оқу құралы жарық көрді. Еңбек бірнеше шет тіліне аударылғанын қуанышпен айтуға болады. Тәржімәлау – ақынның мұрасын әспеттеу, әдебиетімізді бағалау деп білгеніміз жөн.  Форумда Мұратбек Иманғазинов бұдан басқа да атқарып жатқан шаруалары жайлы кеңінен айтты.
Жиында Ілияс Жансүгіров  атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры,  филология ғылымдарының кандидаты Шара Қияхметова  Ілияс ақынның еңбектерін жарыққа шығару барысындағы жұмысымен бөлісті.  Ол   Ұлттық кітапханада Ілияс архивін ақтарып,  «Қолбала», «Бақытты Жамал» мен  «Қуат» поэмасының түпнұсқасын тауып, оқырманмен қауыштырғанын айтқанда, көпшілік авторға құрмет көрсетіп, қол соқты.  
– Ілияс Жансүгіровтің көп томдық шығармалар жинағын шығарғанын да ерекше атап өтуіміз керек.  Жинаққа ақынның  қазақ халқының өмірі мен асқақ мұраттары, Жетісу жерінің көркем суреттерін кеңінен өрнектеген құдіретті жырлары енгізілген. Көп томдық шығармалар жинағының екінші томына жазушының  «Құлагер» поэмасы қазақ, орыс, ағылшын тілінде берілген. Шара Әсетқызы ақын жайлы «Аңызға бергісіз өмір», «Дария кеуде тау мүсін» атты еңбектер жазып, жарыққа шығарды.  Ілияс ақын елдің жоғын жоқтады.  Ендеше, ақынды ел болып әспеттеуіміз керек, – деп Шара Әсетқызы Ілиясты зерттеудің әлі де қарқын ала алмай жатқанына қынжылыс білдірді.  
Жиында Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің аға ғылыми қызметкері Салтанат Төлегенова ақынның 125 жылдығына орай облыс көлемінде өткізіліп жатқан шараларға тоқталды.  Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бас маманы Әсем Кенжеғұлова жас ақындар мен әдебиетшілер арасында  ақынның өлеңінен жыр мүшәйрасы, байқаулардың өткізіліп жатқанын, әлі де бірнеше шараның жалғасын табатынын айтып, көптің рухын көтерді. Әсемдей жас мамандардың  игілікті істің басы-қасында жүріп, ұйымдастырушылық жұмыстарын мойнына алғанына бәрекелді дедік. 
Форум қорытындысында облыстық әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы, қоғам қайраткері  Асылы Осман сөз алып, құлагер ақынның Жетісу жерінен шыққандығы тегін еместігін, құнарлы топырақтың елге қайталанбас тұлға, арналы ақын сыйлағаны мақтанарлық жайт екендігін ерекше тебіреніспен жеткізді.  Асылы Әлиқызы қазақ жерінде тұратын әр ұлт өкілі дарындарды құрметтеп, өнегесін үлгі етуі керектігіне көпшіліктің көңілін аудартты. 
Форум соңынан әншілер ән салып, ақындар арнау өлеңін оқыды.

Гүлжан ТҰРСЫН