ЖАЗУШЫ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Уақыты: 17.08.2019
Оқылды: 1601
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қасиетті  Аспантаудың  топырағы  еліне  елеулі, халқына  қалаулы  біртуар  перзенттерден  кенде  болмаған. Қара  сөздің  құдіретін  қарымды қаламымен танытып, талантымен  тамсантқан азаматтардың  осы  бір  Тәңіртау  етегіндегі қиыр  жайлап, шет  қонған  қарапайым ел-жұрттың арасынан  көптеп шыққаны  көңілге  қуаныш  ұялатады. Туған халқы  да өзінің  өзегін  жарып  шыққан  төл  перзенттерінің  есімін ескеріп, ұлағатын ұрпақ  алдында  ұлықтай  білуден  жаңылған  емес. Соның  айқын  дәлелі аудандық  Мәдениет  үйіне  жерлесіміз, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаты  Баққожа  Мұқайдың  атын  беру  құрметіне  арналған  салтанатты  шарада  тағы  бір  көрініс  тауып, көптің көңілін көркейтті.

Аудан орталығындағы  Мәдениет үйін  Баққожа  Мұқайдың  атымен атау  жөніндегі әңгіме  осыдан  бірнеше жыл  бұрын  қозғалып, жоғары орындарға сұрау салу жөнінде  әдеби орта  мен жазушы  шығармаларын  мият тұтатын  жұртшылық  ортақ  бір  шешімге  келген болатын. Өткен  жылы  дәл  осы  ми  қайнатқан сарша  тамыз  күндерінің бірінде  ойдан-қырдан  жиналған  бастамашыл  топ  аудан  орталығы  мәртебесін  қайта  алған  Нарынқол  ауылындағы  Мәдениет үйінде  тағы  да  бас  қосып,  әңгімені  пісіріп  алған  еді. Міне, енді  сондағы  көптің  тілеуі  қабыл  болды. Республикалық  ономастикалық  комиссиядан қолдау тауып, ҚР  Үкіметінің  2019  жылғы  29  мамырдағы № 330  қаулысымен  аудандық  Мәдениет  үйіне  Баққожа  Мұқайдың  есімі  беріліп  отыр. Арысы Елордадан, берісі  Алматыдан,  басқа  да  алыс-жақыннан  ақ  ниет  арқалап  келген  қадірлі  меймандар  мен   осы  аймақтың  ел-жұрт тілек-армандары Үкімет  қаулысы  арқылы  қабыл  болған  көзайым  қуаныштың  куәгері атануда.
Жақсы мен  жайсаң  бас  қосқан  шара Мәдениет  үйінің алдындағы аумақты  алаңнан  бастау  алды. Талас ауылындағы  ақсақалдар  алқасының төрағасы, ауданның  Құрметті азаматы Нұрлан  Әкімбайұлы  айтулы  шараны  ақ  батасымен  алқаса, сүмбелік  жырау Серік Сүйіндік домбырасының  құлақ  күйін келтіре  көмекейінен  төгілген   жыр  шашуымен  беташар  жасады. Келесі  кезекте  көрнекті  ақын, мемлекет  және  қоғам  қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин, жазушы-киносценарист, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері  Смағұл  Елубай, Нарынқол, Райымбек  аудандарының  алғашқы әкімі, ел  ағасы  Ызғарбек  Бектұрсынов, ҚР  Білім  беру  ісінің  үздігі, педагогика  саласындағы  Ы. Алтынсарин  атындағы  алтын  медалінің  иегері  Орынша Қарабалиналар  жаңа  атауға  ие  болып отырған  өнер  ошағының  лентасын  қиды. Зиялы  қауым  бұдан  кейін  Мәдениет  үйінің  маңдайшасына керілген  ақ матаны  түсіріп, «Баққожа  Мұқай  атындағы  аудандық  Мәдениет  үйі» деген  латын  қарпіндегі  атауды  көпшілік  назарына  ұсынды. 
Бұл  күні  Мәдениет  үйінің  жиын  залында  ине шаншар  орын  болған  жоқ. Осыдан-ақ көзі  қарақты, көкірегі  ояу  ел-жұрттың  жазушыға  деген  қадір-құрметінің  шексіз  екенін  айқын  аңғаруға  болатындай.
Аудандық Мәдениет  үйі атының Баққожа  Мұқайға  берілуіне  арналған  салтанатты  жиынды көрнекті  ақын, Мемлекеттік сыйлықтың  иегері  Нұрлан Оразалин  ашып, бастан-аяқ  жүргізіп  отырды. Алғаш  сөз  тізгінін  ұстаған  аудан  әкімінің  орынбасары  Нұрбол  Сағатбекұлы  орны  бөлек, еншісі  ерек осынау  шарапатты  шараға  алыс-жақыннан  келген  көпшілікке  аудан  жұртшылығының  атынан  ізгі  тілегін  жеткізді.
Сонымен  қатар, жазушы  Смағұл  Елубай  шығармашылық  жолдағы  үзеңгілесі  Баққожа жайлы  мәнді  де  дәмді  әңгіме  өрбітті. Қазақстан  Жазушылар одағы  төрағасының  орынбасары, ақын Бақыт  Беделхан  Қазақстан  Жазушылар  одағының  аудан  тұрғындарының  қуанышына  ортақтастығын  білдіретін, мазмұны  ақ  тілек, ізгі  ниетке  толы  құрмет  хатын  көпшілік  алдында  оқып  берді. 
Мінбедегі сөзін «70-ші  жылдары  әдебиетке  үркердей  боп  бір  шоғыр таланттар келді, – деп  бастаған  жерлесіміз, Президент сыйлығының  лауреаты, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері, халықаралық  «Алаш» әдеби  сыйлығының  иегері  Жанболат  Аупбаев: – Бұл  соның  алдындағы 60-жылдардың «жылымығымен» дүр ете  түскен  арынды  топтың  ізін  басқан  дарынды  буын  өкілдері  еді. Солардың  сапында  ҚазМУ-дің  студенті  Баққожа  Мұқай да  бар болатын. Келе-келе  ол  ой  өрнегімен, сыршыл  суреткерлігімен  даралана  бастады. Сөйтіп, өзінің  творчестволық  әлеуеті  арқылы  қалың  оқырманның үмітін  ақтай  алу  мүмкіндігін  танытты. Солай  болды  да», – дей  келе  жазушының  көркем  прозаның, драматургияның  кемелденуі  жолындағы  жемісті еңбектеріне  тоқталды. 
Жанболат  Аупбаев  өз  сөзінде  бастамашыл  топтың  атқарған  жұмысы  бүгін  өзінің  алғашқы  жемісін  беріп  отырса, алдағы  кезеңде  олар  көтерген  тағы бір  игі  іс, атап  айтқанда, Қарасаз  ауылындағы  Мәдениет  үйіне  елінің  ерке  ақыны  Еркін  Ібітановтың  атын  беру  туралы  бастамалары  да  Үкімет тарапынан  қолдау  тапқалы отырғанын, қазіргі  таңда жоспарлы  шаралары  қолға  алынып  жатқанын хабарлады.
Салтанатты  жиында  айтылар  сөздің  шегі  болған  жоқ. Мінбеге көтерілген  ұлағатты  ұстаз  Орынша  Қарабалина  жазушының  айрықша  қасиеттеріне тоқталса, Ызғарбек  Бектұрсынов  Райымбек  ауданының  кейбір  мәселелерін  тілге  тиек  етті. Жазушы  есімін  иеленген  өнер  ошағының  алдағы жұмыстарына   сәттілік  тіледі. Жазушының  замандасы, бір  ауылда  бірге оқып, қатар  ержеткен  ақын Айтақын  Әбдіқалов, «Ана тілі» газетінің  бас редакторы  Жанарбек  Әшімжан, «Жетісу» газеті  бас  редакторының  орынбасары  Жұматай  Әміреев  арнау өлеңдерін  оқыды. Тағы  бір жерлесіміз, сахнадағы  сатира   саңлағы  Асқар  Наймантаев,  жазушының  туған  інісі  Ақылжан  Сатаев  пен  асыл  жары  Нұржамал  Ахметова алыс-жақыннан  бүгінгі шараға  жазушы  талантын  мият  тұтып  келген  зиялы  қауым  өкілдері  мен  аудан  халқына  риясыз  көңілден туған  ыстық ықыласын, жүрекжарды алғыстарын жеткізді. Аспантау  аясынан  түлеп  ұшып, өнер  өлкесінде қанатын  кеңге  жая  білген  әнші  Сұлушаш  Нұрмағанбетованың  асқақтата  шырқаған  әні  де  әсем  әуезімен  көпшілікті  желпіндіріп  тастады. 

Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ
Нарынқол  ауылы,
Райымбек  ауданы