Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

Ілияс ЖАНСҮГІРОВ-125: АҚЫН АУЫЛЫНДА АЙТЫС ӨТТІ

Уақыты: 23.08.2019
Оқылды: 589
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жыр  дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай Ойтоған ауылдық округінде «Ақын рухын асқақтатайық» атты ақындар айтысы өтті.

Жыр додасын Ақсу халық театрының режиссері Сұлтан Жақыпбеков жүргізді. Айтысқа аудан әкімінің орынбасары Ғ.Есжанов, Ойтоған ауылдық округінің әкімі Тұрсыннұр Білісбек, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын К.Кәкімбек және Ж.Тұралықов, М.Байсақұлылар, әділқазылық етті. Шара басында Ғазиз Есжанов ақындарға жеңіс тілеп, көпшілікке ыстық ықыласын білдірді.

Той шашусыз, батасыз басталған ба? Ауылымыздың тұрғыны, Ілияс атамыздың   аталас  шөбересі, зейнеткер ұстаз Оралхан Кәппайқызы ақындар мен келген қонақтарға  тілек  айтып, шашу  шашты. Ілияс  Жансүгіровтің  келіні  Күлғайша  әжей де жиналған үлкен-кішіге батасын берді.

Алдымен сахна төріне Қапал ауылынан келген азулы ақын Жанатбек Айдарәлі мен Жансүгір ауылының жас ақыны Нұболат Есен шықты. Айтыс тартысты өтті. Көпшілік ақындармен бірге арқаланды. Екінші  жұп Матай  ауылдық  округінен Раушан Нұршабаева мен Төлепбай Бердібек  еді.

Айтыскерлердің барлығы да Ілияс Жансүгіровтің сан қырлы дарын иесі болғандығын айтып, тауыса алмай жатты. Жыр сайысында қаракөздік Бейбіт Танысбеков қызылағаштық Болатбек Аблакашевпен, ойтоғандық Бақытнұр Жұқанқызы қызылағаштық Жағыпар Қайдармен  додаға түсті. Сахнаға төселіп, бой үйретіп алған ақындар той алдындағы игілікті істерді, ауыл жұртының берекесін айтып, көпшіліктің көңілін көтерді. Ақындардың ішінен оза шапқан  қапалдық  Айдарәлі Жанатбек пен Ойтоған ауылының  ақын қызы Жұқан Бақытнұрмен бас жүлдені сарапқа салу үшін айтыс  алаңына  қайта шақырылды.

Суырып-салма  ақындардың  айтысына жиналған көпшілік  демдерін ішіне  тартып, лезде тыныштала  қалды. Айдарәлі  Жанатбек  Бақытнұрды  жеңге  деп қалжыңдап,  еркелей  отырып, оралымы келгенде сөзбен жеңді. Жағыпар  Қайдар мен Төлепбай Бердібек   ағалы-іні болып, сыйластықтары жараса  ақындар  айтысын  қыздырды. Жиналған  көпшілік ақындарға  дем  беріп, шабыттарын шалқытты.

Ақындар айтысы көпшіліктің делебесін қоздырып, тіл құдіретін сезіндіргендей. Айтыс арасында ақындар терме, толғауларымен  көпшілікті тәнті етті. Екі жарым сағатқа созылған айтыс аламаны өз жүлдегерлерін айқындады. Тойы қарсаңына сайысқа келіп, үлестерін қосқан ақындарға ауыл әкімі Тұрсыннұр Тұрысбекұлы алғысын  білдірді.

Сайыстың аты сайыс. Ақын жерінде  өткізілген   шараға  үлесін қосуға  келген   ақын  Айдарәлі Жанатбек   бас жүлдеге ие болып, бағалы  сыйлықтың иегері атанды. Бірінші орынды Бақытнұр Жұқанқызы, екінші орынды  Жағыпар  Қайдаралды, ал үшінші орын Нұрболат Есенге  бұйырды.

Берекесі тасыған шағын ауылда  өткізілген  іс-шара  Ілияс бабаның рухын бір аспандатты.

Э. БЕКОВА,

Ойтоған ауылдық клубының әдіскері,

«Nur Otan» бастауыш партия ұйымының мүшесі

Ақсу ауданы