ЖЕҢІМПАЗ КІМ? ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТЕРМЕШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Уақыты: 31.08.2019
Оқылды: 1573
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл сарайында «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы өтті. Оған облысымыздың әр аудан, қаласынан келген, көмейіне бұлбұл ұялаған, сөз маржанын сазбен жеткізетін 16 мен 35 жас аралығындағы 15 өнерпаз қатысты.

Шараның шымылдығы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаевтың алғысөзімен түрілді.

– Біз сөз өнерін қастерлеген, киелі сөздің мән-мағынасын түсінген халықтың ұрпағы болғандықтан, терме өнерінің Жетісу өлкесінде өзіндік сарыны, мектебі қалыптасқандықтан, осы байқауды ұйымдастырдық. Біздің мақсатымыз – көпшіліктің сөйлеу мәдениетін қалыптастыру,  ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр және терме жанрын дамыту, термеші жастар өнерінің алға қарай дамуына мүмкіндік жасау, – дей келе киелі өнерді дәріптеп жүрген термешілерге байқауда сәттілік тіледі.

Жарыстың талабы – Жетісу жеріне тән сарынға салып, ешбір сахнада айтылмаған термені орындау. Жарыс шартына сай дайындықпен келген өрендердің өнері тыңдарман жұртты тәнті етті.

Жарыс болған жерде шын жүйріктің дараланатыны анық. Ән мен жыр, терме мен толғауды орындауда сақа буын атанған сарапшылардың анықтауымен жетісулық мақамымен көзге түскен талғарлық Ермек Рахымбай бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Іле ауданынан келген Айзада Қазбекова мен Алакөл ауданынан келген Айдос Тұрар өзара бөлісті. Ал байқаудың үшінші орны текелілік Арғын Нұрдана, Талдықорған қаласының намысын қорғаған Бақтияр Ұлжан және Кербұлақ ауданынан келген Азамат Үмбетбаевқа бұйырды.

Жүлдегерлердің барлығына облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма тарапынан қаржылай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді.

Айдар ҚАЛИЕВ