БӘРІМІЗГЕ ҮЛГІ: ҰСТАЗ ҰРПАҚТАРЫ ШӘКІРТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАДЫ

Уақыты: 12.09.2019
Оқылды: 1890
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қарашыған ауылындағы бастауын сонау 1931 жылдан алатын Мұқан Төлебаев атындағы орта мектеп ұлағатты ұстаздарымен мақтанады. Солардың арасынан Хакім Байғамытов пен Кенжеғайша Смағұлованың есімдері елден ерек ойға оралады. Олар бітім-болмысымен, білім-білігімен жұрт жадында қалған ұлағатты ұстаздар болатын.

– Бұл қос ұстаз біздің мектептің мақтанышы, – дейді мектеп директоры Жақсыбек Болсамбеков. – Екеуі де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп, Хакім ағамыз ұзақ жыл осы мектептің тізгінін ұстаған парасатты директор болды. Сондықтан да ұрпағының осы кісілердің атынан кабинет ашамыз деген ұсынысын қуана құптадық.

Хакім Байғамытов 1929 жылдың 21 наурызында Шұбартау ауданындағы №9 ауылда дүниеге келген. 1935-1939 жылдары «1 май» ұжымшарының, ал 5-сыныптан бастап Үлгі орта мектебінде оқыды. Мектепті бітірген соң Қарабұлақ қант зауытында есепші болып істеді. 1948 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түсіп, жоғары білім алған соң Матай стансысындағы теміржол мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ұстаздық жолын бастады.

1954 жылда Мұқан Төлебаев атындағы орта мектепте еңбек етіп, саналы ғұмырын өзі оқыған білім ошағына арнады. 1989 жылдың 8 шілдесінде ауыр науқастан  дүниеден озған ол өмірінің соңына дейін өз мамандығы бойынша мұғалім, бірнеше жыл оқу ісінің меңгерушісі, көп жыл бойы мектеп директоры болып қызмет атқарды.

Ұстаздық қызметке жан-тәнімен берілген Хакім аға шаруашылықтармен тығыз байланыс жасап, мектеп ғимаратын талапқа сай жаңартып, жөндеуге мүмкіндік таба білді. Ауылдағы үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласты. Ұзақ жылғы адал еңбегі ескерілген ұстаз «Қазақстанның халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, Халық ағарту министрлігінің Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды. 1999 жылы Шұбартүбекте ұстаздың 70 жылдығы салтанатты түрде аталып өтіп, Мұқан ауылындағы үлкен бір көшеге есімі берілді.

Кенжеғайша Смағұлова 1930 жылдың 25 мамырында Бөрібаев ауданы, Шұбартүбек ауылында туған. 1937 жылы Үлгі орта мектебінің табалдырығын аттап, оны 1947 жылы бітіріп шықты. Осы жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша 1951 жылы бітіріп шықты да жолдамамен өзі оқыған мектепке мұғалім болып орналасты. Содан бастап аталмыш мектепте 1991-1992 оқу жылына дейін 40 жыл бойына жас ұрпаққа қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беріп, ұстаздық етті.

Кенжеғайша апай жұбайы Хакім Тілеуғажыұлымен бірге мектептің ыстық-суығына араласа жүріп, ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі. Балаларының барлығы жоғары оқу орындарын бітіріп, еліне елеулі еңбек етіп, ұрпақ өрбітіп отыр. Кенжеғайша апайдың еңбегі ескеріліп “Еңбек ардагері”, тағы басқа да марапаттарға қол жеткізді. Өмірдің сан соқпағынан сыр бермей өткен үлкен жүректі ұстаз  2013 жылы 82 жастан асқан шағында өмірден озды.

Көзі тірі болса Мұқан ауылының іргетасын қаласқан педагогикалық еңбек ардагерлері Хакім Байғамытов және Кенжеғайша Смағұлова 90 жасқа келер еді. Сонымен қатар, Хакім Тілеуғажыұлының өмірден өткеніне 30 жыл өте шығыпты. Мұқан Төлебаев атындағы орта мектепте жаңа оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті сыныбының ашылуы осыған орайластырылып отыр.

Қос ұстаздың ұрпағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті кабинетін жөндеуден өткізіп, заманауи сипатта безендірді. Кабинетті интерактивті тақта, проектор, ноутбук және принтермен жабдықтады. Сонымен қатар, мектепке музыкалық аппаратура алып берді.

– Біз ата-анамыздың атын құрметтеп өскен шәкірттерді де назардан тыс қалдырмаймыз, – дейді Гүлия Хакімқызы. – Биыл осы мектепті бітіріп, ата-анамыздың жолын қуып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдап, университетке түскен екі студентке шәкіртақы тағайындадық.

«Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат» дейді халқымыз.  Шәкірт – лаулайын деп тұрған жалын, от. Сол отқа ұшқын түсіретін білгір ұстаз. Хакім аға мен Кенжеғайша апай сол ұшқынды таба білген ұстаздар еді. Сондықтан ақырын жүріп анық басып, ұзақ жыл жас буынға дұрыс бағдар нұсқаған ұстаздарға деген құрмет ешқашанда көптік етпейді. Педагог жұмысының құдіреттілігі де осында.

Өз арнасымен алға жылжитын уақыт ағымын ешкім ұстай алмайды. Бірақ әр жерде мәуелеп тұратын шағын бақтар бар. Осы бақтардың бапкері – ұстаздар. Уақыт ағымы олардың өмірдегі орнын ешқашан көмескілемейтіні анық.

Жомарт ИГІМАН

Сарқан ауданы

Сурет ғаламтордан алынды