"СУРЕТ САЛУҒА ЛАЙЫҚТЫ ЖЕР": РАЙЫМБЕК АУДАНЫНДА ДАРЫНДЫ ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ ТҰРАДЫ

Уақыты: 18.09.2019
Оқылды: 1881
Бөлім: РУХАНИЯТ

Нарынқол ауылында тұратын, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, аталған академияның «Таранда Великого Эля» атты медалінің иегері Нұрболат Ысқақовтың бүкіл шығармашылық әлемі туған ел мен жерге, дара тұлғаларға арналған.

Суретші ағамыздың жылдап салған, көзінің қарашығандай арнайы жинап қойған шығармашылық әлеміне ендік те кеттік. Осынау сырлы да нұрлы өлкеден шыққан Мұқағалидай ақиық ақынымызды қалай дәріптесек те жарасады. Нұрболат ағаның шығармашылығында ақын бейнесі шынайы көрсетілген. Ақынның терең ойлы әрі шабытына берілген сәттері қылқаламның құдіретімен көрсетілген. Ауылда тұратын суретші бұл үшін қаншама уақытын, сағаттарға созылған күндері мен түндерін жұмсады десеңізші?! Иә, бұл үлкен еңбек, үлкен дүние.

Еңбегіне қарай атақтарын да алған қарапайым суретші биыл зейнет демалысына шықты. Нарынқол орта мектебін бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Көркемсурет училищесінде кескіндеме мамандығы бойынша білім алған. Ұзақ жыл Б.Соқпақбаев атындағы орта мектепте оқушыларға сурет пәнінен дәріс берді. Шәкірттеріне бергені көп, ұсынғаны жетерлік. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын белгілі суретші Алмас Сырғабаевтай шәкіртін мақтанышпен сөз етеді. Мақпал Ділдаева секілді шәкіртінің жеке студиясы бар көрінеді. Фархат Сартбаев, Ақылбек Шәкенов, Алуа Әнуарқожа, Нүсіп Сұлтан, Рауан Бақтияр, Мәди Кенжебек сынды шәкірттерінен көп үміт күтеді.

Нұрболат Ысқақов Алматы қаласында екі рет шығармашылық көрмесін өткізген. Ә.Қастеев атындағы республикалық мұражайда «Жайлауға автоклуб келді» атты туындысы тұр.

Нұрболат ағамыз біраз дүниесін Қарқара көтерілісіне арнаған. Оның сыртында халықтың ұранына айналған хас батыр бабамыз Райымбекті бейнелеген суреттері де баршылық. Батыр бабамыздың Көкойнағымен берілген суреті әсерлі шыққан. Рас, батыр бабамыздың өз тұсында Іле өзенін кешіп өткені туралы аңыз әңгімелер баршылық. Суретші өзінің «Іле бойында» атты туындысында батыр бабамыздың жорығын бір қырынан көрсете білген. Кенепке қыл қаламмен, майлы бояумен сурет салатын ағамыздың бірқатар шығармашылығы тәуелсіздігімізге, Желтоқсан көтерілісіне арналған. Туған жердің тамаша табиғатын мөлдірете көз алдыға келтірген дүниесі де мол. Оны көріп туған өлкені көркем де көрнекті шығармаларына арқау етіп жүрген суретші ағамызға деген ризашылығымыз арта түседі.

Сурет өнерін «Каникулға кетіп барамын» деп аталатын туындыдан бастаған ағамыз бұл күнде ұлтымыздың тарихи тағдыры туралы құнды дүниесін салумен айналысып жатыр. Нұрболат ағамыздың жұбайы Балжан Омарова бар ғұмырын ұстаздыққа, көп уақытын мектеп басқару ісіне арнаған ұлағатты ұстаз, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Ы.Алтынсарин атындағы медалінің иегері. Мақтан етер шәкірттері мол. Нұрболат ағамыз бен Балжан жеңгеміз ұл мен қыздарын қанаттандырып, олардан 12 немере сүйіп отырған жайлары бар.

– Зейнет демалысына шыққан соң тек шығармашылықпен айналысуды қаладым. Алда тұрған істерім көп. Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының тарапынан да түсіп жатқан ұсыныстар аз емес. Не дейін, мынандай тамаша табиғатты шамамның келгенінше сурет етіп сала берейін. Біздің өлке өлмес жыр мен әнге, сурет салуға лайықты жер. Мен туған ауылымды, туған мекенімді жанымдай жақсы көремін. Сол үшін де қасынан бір сәт те алыс ұзағым келмейді. Денсаулығыма қарамастан Хантәңірі шыңын жақын жерден көруге барғанымды ұмытпаймын. Оның маған бергені көп, – дейді Нұрболат ағамыз.

Шалғай ауылдағы суретшінің өмір жолы осындай. Шығармашылық әлемі қуантарлық, жан жұбантарлық. Біз ағаға шалқар шабыт тіледік.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы