ҰЙҒЫР АУДАНЫ: ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫНА БЮСТ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 20.09.2019
Оқылды: 2281
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кіші Диқан ауылында Халық қаһарманы М.Таиповтың 100 жылдығы аталып өтті.

Шара батыр атындағы мектепте ұйымдастырылды. Мерейлі күн батырға арналып орнатылған бюстің ашылу салтанатымен жалғасты. Алғашқы болып сөз алған Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов М.Таиповтай ер есімінің ел жадында мәңгі сақталатынын алға тартты. Сондай-ақ, жиналған көпшілік алдында облыстық мәслихат депутаты, облыстың Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Нурвяг Сеитов, қоғам қайраткері Тұрарбек Төлендиев бастаған игі жақсылар сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, М.Таипов – Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты ардагері. Соғыстағы ерліктері үшін бірнеше орден, медальмен марапатталған. Ал 1995 жылы Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Жарлығымен соғыста көрсеткен ерліктері және соғыстан кейінгі сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін «Халық қаһарманы» атағы берілді. М.Таипов Үлкен Диқан ауылында ауылдық кеңестің хатшысы, төрағасы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды. 1981 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін ұзақ жыл ұстаз болып еңбек етті. Бүгінде Кіші Диқан ауылындағы орта мектеп Халық қаһарманының есімімен аталады. Аудан орталығындағы көшеге батырдың аты берілген.

Жиында аудан әкімі бастаған мәртебелі қонақтар мектеп ішіндегі Мурдин Таиповтың мұражайын тамашалады. 100 жылдық мерейлі той «Арзу» халықтық ән-би ансамблінің, «Жазерке» ұлт аспаптар оркестрінің кең бағдарламалы концертіне ұласты.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Ұйғыр ауданы