"ТІРІЛЕРДІҢ ІШІНДЕ ЖҮРЕМІН": ГИМНАЗИЯҒА БАУЫРЖАННЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Уақыты: 21.09.2019
Оқылды: 882
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бірлік ауылындағы №35 орта мектеп-гимназиясына Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Бұл ауыл тұрғындары мен осы ғимаратта білім алатын мыңдаған оқушының жүрегіне қуаныш сезімін ұялатты. Ұлт рухын асқақтатып, қаһармандықтың, шыншылдықтың мызғымас үлгісіне айналған хас батырдың есімін беру салтанатына ауданның жаңа тағайындалған әкімі Жолан Омаров, аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебаев және ауыл белсенділері мен ақсақалдары, мектеп ұжымы қатысты.

Айналасы әсем гүлдермен көмкеріліп, жасыл желекке оранған бұл білім шаңырағының ауласынан бой көтерген Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының бюстін қайта әрлеп, еңселі етіп орналасуына облыстық мәлихаттың депутаты, танымал кәсіпкер Данияр Молдиярұлының қолда барын аямағаны бірден байқалады. Еңселі ескерткіш ел ертеңі болар жас ұрпақтың жігерін жанып, қайраттандыратындай қалыпта қайта жаңғыртылуымен ерекшеленеді.

"Көзі тірісінде атам марқұм: «Мен өлгеннен кейін де тірілердің ішінде жүремін, қайда барсаңдар да алдарыңнан шығамын», - дейтін еді. Міне, бүгін алдымыздан шығып тұр. Қазақ дейтін халық пен ата екеуін бөліп-жару мүмкін емес. Қазақстанның қай түкпіріне барсақ та «Біздің Бәукең» деп әтіуерлейді. Осындай ұлттық дәрежеге көтерілген адам. Ол кісі халықпен бірге жүріңдер – жалғыздық көрмейсің, халықтың жолымен жүріңдер – адаспайсыңдар дейтін. Міне, осындай қарапайым сөздің астарында қаншама мағына жатыр?! Сондықтан атаның асыл қасиеттері, биік рухы ұрпағына жұғысты болып, ертеңгі күні еліне ес болатын, халқына қызмет ететін мықты азаматтар өсіп шықсын. Әдетте, тасты жарып шынар да өсіп шығады, тасқа жабысып қына да өсіп шығады. Мен жас ұрпақтың қынадай емес, тасты жарған шынардай болуына тілектеспін", – деген Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз ақ батасын берді.

- Бауыржан Момышұлы туралы ой толғағанда оны майдан даласында даңқы шыққан қолбасшы, елін қорғауда ерлік көрсеткен қаһарман деп қана тану аз. Ерлік пен қаһармандықтың қалтқысыз үлгісін ол бейбіт өмірде, тіршіліктің сан қилы тіресі мен күресінде көрсеткен өр мінезді өжет жан. Туралықтан таймайтын, әділдіктен аумайтын, шындықты бетке шыжғырып айтудан тайынбайтын қайсар қалпы оның тағдырлы туы болды, - деді сөз кезегін алған аудан әкімі Жолан Омаров. - Ноқтаға басы сыймайтын, бітім қалпын ешбір қалып, өлшемге салып құймайтын өзгеше тұрпатты осынау тұлғаның ұлттық қасиетіне, ата-баба өсиетіне адалдығы тумысынан тұла бойына тұмар боп тағылғандай. Ол сұрапыл шайқастың, өмір мен өлімнің ортасында жүріп туған елінің жай-күйі, туған тілінің тағдыры үшін алаңдап, алмастай өткір ойларын қазақ елі мен үкімет басындағыларға хатпен жолдап отырған. Жолдаған сол хаттары мен ой-пікірлері осы кезде де өзінің мән-маңызын жойған жоқ. Сол кездің өзінде тегін жазуда «ов» пен «ев»-ті еншілемей, Момышұлы деген атын мақтаныш пен мәртебе еткен қайсар қазақтың бірегейі. Ол ұлттық рухты ту етіп ұстады. Сол ұлттық рух оның патриоттық сезімін семсердей етіп, соғыс даласында, өмір саласында да жарқылдап, өн бойынан өткірлігін, өжеттігін өшірмей өтті. «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген жалынды сөзі жауынгерлік ерлікке үндеген командирдің бұйрығы ғана емес, ұлт мінезінің ұстанымына айналған ұлағатты ұран еді. Қаһарманның есімін ұлықтайтын ұлағатты орындар аз емес. Дегенмен, біздің Талғар жерінде мектепке атының берілуі, ескерткіштің қайта жаңғыртылуы жайдан-жай емес. Кеңестер Одағының жүрегі болған Мәскеуді қорғаған генерал Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясының құрамындағы «Талғар полкі» осы қасиетті жерде жасақталып, Бауыржан Момышұлы қазір Солдатсай аталатын біздің топырақта алғашқы әскери дайындық жүргізген. Аты аңызға айналған ата есімі мен ерлігі ұрпақ үшін мәңгілік мақтаныш болары хақ. Дей тұрғанмен, батыр баба есімін иеленген мектептің сыртының осылай тозып тұруы сай емес. Сол себепті, заң шеңберінде мектептің қайта жасалуын қарастыратын боламыз.

- Ауыл тұрғындары үшін бүгінгі күннің тарихи маңызы бар. Өйткені, осы салтанатты жағдайға жету үшін 2 жыл 9 ай, яғни, тұп-тура 1000 күн уақыт кеткен екен. Мұны біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Әкім есебінде көтерілген мәселе өз шешімін тапқанына қуаныштымыз, - деген ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, Талғар ауданының Құрметті азаматы Сапархан Исаев игілікті істің аяқталуына атсалысқан бірқатар азаматтардың атына алғысын айтты.

Көптің қуанышын еселеп, еңселі мектептің ауласында қасқайып тұрған хас батыр Бауыржан Момышұлының есімі мен ерлігі ұстаздар қауымы мен өскелең ұрпақтың жауапкершілігін арттырып, сапалы білім алуға, биіктерді бағындыруға үндейтіндігін тілге тиек еткен мектеп директоры Айтжамал Нұрбатырова да ақжарма тілегін төгілтті. Сонымен қатар, Іле аудандық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Беркін Бесіров құттықтап, «Батыр шапағаты» атты Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгімен облыстық мәслихаттың депутаты Данияр Молдиярұлын, мектеп директоры Айтжамал Әбдірешқызын және ауыл ардагері Сапархан Әшенұлын марапаттап, кеуделеріне жарқырата тақты.

Салтанатты шарада Бауыржан Момышұлы атындағы №35 орта мектеп-гимназияның өнерлі жұлдыздары ән шашу арнады.

Осы орайда айта кетер тағы бір жайт, батыр есімін иеленген №35 орта мектеп пен оған қарсы орналасқан №34 орта мектепке апаратын жалпы ұзындығы мың метрге жуықтайтын М.Мәметова көшесінің талқаны шығып жататыны жанға бататын еді. Дәл осы шараға барғанымызда ой-шұқырдан көрінбейтін ескі жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, жыртығы жамалып қалғаны қатты қуантты.

Ұлбосын ИСАБЕК

Бірлік ауылы,

Талғар ауданы