АТА ӨНЕГЕСІ

Уақыты: 30.09.2019
Оқылды: 1867
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әр адамның өмірінде өзіне қымбат жандар болады. Мен үшін атам мен әжемнің орны тым бөлек. Көзімді ашқаннан сол кісілердің ыстық алақанын сезініп өскендіктен оларсыз өмірімді елестету мүмкін емес еді. Бірақ, атам өмірден ерте кетті. Ол кезде студент едім. Бір елі атамның жанынан қалмай еркелеп өскен мен үшін бұл өмірдің үлкен соққысы болды. Үнемі маңдайымнан иіскеп, еркелетіп жүретін мен айдалада сансырап қалғандай күй кештім. Енді үйге барсам, есік алдындағы орындықта күнұзаққа жолымды тосып отыратын атам жоқ. Бірақ, ол кісінің: «Қызым журналист болып, менің арманымды орындайды», – дейтін жалғыз ауыз сөзі жігер берді.
«Атасының қызы» деген маңдайында айдары бар мен үшін соңғы тілекті орындамау мүмкін емес еді. Бұрын-соңды өлеңге ынтызар болып, соның арқасында журналистика деген киелі шаңырақтың табалдырығын аттаған менің алғашқы жазған шағын әңгімем де «Атаның көз жасы» деп аталды. Онда атамның орындалмай кеткен бір арманы жайында қалам тербеген едім. 
Балалық шағымды ойға алғанда өзім туып-өскен Қарақыстақ ауылы, атам өмірге келген Ақтасты, мал жайғап отырған Майтөбе, Құлансаз, Саржазық, Жіңішке сай жайлаулары, Мойнаққора жазығы көз алдыма келе қалады. Атам жай ғана малшы емес, жастайынан жылқы бағып, асау аттарды көндірген жүректі адам еді. Малдың жайын жақсы білетін. Ата-анасынан ерте айырылған ол 13 жасында Буденныйдың қолынан орден де алған. Кеңес Одағының маршалы, әскери қолбасшы Семен Михайлович Буденный елміздегі жылқылардың жайын білуге келгенінде ауыл шетінде бір үйірді ұршықша иіріп бара жатқан баланы көріп, тоқтап, жөн сұраған екен. Осылайша бозбалаға риза болып, өз қолымен орден табыстап кеткен. 
Атамның өнер, білімге де талпынысы ерекше болған. «Қолдың қысқалығынан, жетімдіктің салдарынан оқи алмай қалдым, төрт-ақ кластық білімім бар», – деп айтып отыратын. 
«Балалық шағым соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Ол – тамақтың да, дүниенің де қат кезі. Бір үзім нан үшін күлкісіз күндер өткіздік. Сол себепті тек төрт кластық қана білім алдым. Мектепте өте жақсы оқыдым. Берген тапсырманы басқалардан бұрын орындап қоятынмын. Бірде мұғаліміміз тақтаға есеп жазып, «Кім шығарады?» деді. Ешқайсысы тақтаға шығуға ниет танытпады. Ал мен біліп тұрмын. Қол көтерейін десем, ортаға шығуға ұяламын. Өйткені шалбарымның арты жыртық. Менің қай сабақта болсын белсенділік танытып отыратынымды білетін ұстазым қоярда-қоймай тақтаға шығарды. Шалбарымның жыртығын қолыммен баса жүріп, есепті де шығардым. Менің бұл әрекетіме балалар ду күлсе, ұстазым маңдайымнан сипады. Сонда оңаша қалғанда киімімнің жыртығын жамап берер анамның жоқтығына қапаланатынмын. Он жасымда үйір-үйір жылқы бақтым. Күшті жылқыға әлім жетпесе, айламен көндіретінмін. Ал сендердің балалықтарың бақытты кезеңге тап келді. Сондықтан осы шақтың қадірін біліңдер», – деп отырушы еді жарықтық атам. 
Мен үлкен немересі болғандықтан бауырына басып өсірді. Ылғи да төрдегі орын менікі болатын. Аяғымды ұзыннан салып, жастыққа жантайып жатамын үлкен адамдарша. Бірде үйдің үлкені Марат ағам жайлауға бір топ министр, басшыларды ерте келіпті. Мен әдеттегідей төрге жайғасып алғанмын. Ағам атамды түртіп, «қызыңа тұр де, қонақтардан ұят болады» десе, «ол – қызымның орны, қонақтар жан-жағына отырсын» деп орнымнан қозғамаған екен. Бұл да болса атамның маған деген махаббатының бір көрінісі. 
Атамның Жәміш атты жеңгесі болған. Біздің де жақсы көріп өткен қамқоршы апамыз. Сол кісі: «Бұл үйге келгенде Алмашкаға деп кәмпитімізді көтеріп келеміз. Алмашка демесең, Топекең теріс қарап қалады», – дейтін еді.
Атамыз немерелерін тікелей есімімен атамай, еркелетіп айтатын. «Қанатөк, Қуатөк, Мәшөк тұрыңдар, малды өріске шығаратын уақыт болды» деп таңғы бес-алтыдан еркелетіп оятатын. Атам еркелеткен сайын одан арман ұйқымызды қимай керіле түсеміз. Жарты сағат еркелетіп болған соң, ашуға басып: «Үй, мына балалар тұра ма, тұрмай ма?» дегенде атып тұрып, малды өріске қалай айдап кеткенін аңғармай да қалатын бауырларым. Мен болсам, атамның ерке қызы ұйқым қанғанда оянып, ұлдар малды өріске айдап апарып, қайтып келгенде ғана тұрып, шайын беретін едім. Сиырды да ұлдар өздері сауатын. 
Атам кез келген істің жайын білетін еді. Бұл туралы жиені Байболат Бекбосынов көзі тірісінде былайша еске алған болатын.
Топантайдың «анау менің ісім, мынау сенің міндетің» деп бөлінбейтін, қолынан келген шаруаны біркісідей тындырып тастайтын жақсы қасиеті бар еді. Бірде әйелім ауырып қалып, үйде бірнеше күн болған жоқ. Сол кезде Топантай келіп қалды. Сыртта әңгімелесіп тұрған едік, қорадан сиырдың мөңіреген даусы естілді. Малсақ нағашым оған бірден құлақ түре қойып, «мына сиыр неге мөңіреп тұр? – деді. Мен Айымханның екі-үш күннен бері үйде болмай, сиырдың сауылмай тұрғандығын айттым. 
«Ақымақ-ау, сен не қарап отырсың, саумайсың ба?» – деді. Мен: «Қайтіп сауамын, өмірі шелек ұстап, сиырдың желініне қол тигізіп көргенім жоқ» – дедім. «Оның не қиындығы бар? Әкел бақырды» – деп, аттан түсе салып, сиырды сауа жөнелгені. Содан маған: «Қолың бар ғой, адамсың ба, адам емессің бе? Малды бүйтіп азаптап қоюға бола ма?» – деп бауырлық ақылын айтқаны бар. Ол кішкентай күнінен бейнетті көп көрді.  Соның арқасында еңбекқор болып өсті». 
Балалары мен немерелеріне «адал жүріп-тұрыңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар, қорықпай тура сөйлеңдер, ешқашан өтірік айтпаңдар, ешкім басыңды кесіп, тоныңды шешіп алмайды», – деп өсиет айтып отыратын. Ұрпағына арнап, 99 ауыз терме жазып қалдырды. Оның бәрі біз үшін ең асыл мұра. Міне, атамның өмірден өткеніне биыл жиырма жыл толса да жарқын бейнесі, өнегесі санамыздан өшкен жоқ. Ол ұрпағының жадында мәңгі сақталмақ.

Алма ТОПАНТАЙ