АБАЙ ЖӘНЕ АЛАШ: ТАЛДЫҚОРҒАНДА КӨРКЕМСӨЗ ОҚУЛАРЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 23.09.2019
Оқылды: 1372
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті.

Қазақ тілінің нәрі мен қайнары Абай тілінде жатқаны белгілі. Сондықтан, ғылыми орталықтың байқауды өткізуі  түсінікті жайт.  Мақсат – қазақ тілінің көркемдік ерекшелігі мен бай сөздік қорын насихаттау, Абай және басқа да қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын орындау арқылы көркем әдебиетке жастардың ықыласын ояту.

Көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өткен өңірлік байқаулардың 17 жеңімпазы қатысты.

Байқау ережесіне сәйкес үміткерлер Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай көркемдігі жоғары прозалық шығармалардан үзінді оқыды. Сондай-ақ, Сәбит Дөнентаев, Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы және Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай поэзиялық шығармаларды қайта тірілтті.

Қазылар алқасының төрағасы, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, театр, кино және дубляж актері Азамат Шарын, профессор, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Иманғазинов жүзден жүйріктерді саралады.

Абайды оқу оның рухани қайнарынан сусындау – әр қазақтың парызы. Сәкен, Ілияс, Бейімбет қазақтың арда туған азаматтары. Үш бәйтеректің өнегесінен үйренеріміз көп. Ең алдымен туып-өскен жер үшін  ынта-ықыласымен  қызмет еткен азаматтық жүрегін үлгі тұтуымыз керек. Олардың әрқайсысы қазақ елінің өзгелермен терезесі тең болғанын арман етті. Жан жүрегімен азаттық таңын жақындатты. Алаш арыстарының тұлғасы мен мұрасы баянымыз бен бағдарымыз. Байқаудағы шығармаларда қазақтың қасиеті ашыла түсті.  Негізінен даналықтары жайлы шығармалар таңдалып алыныпты. Біздің қазақ ежелден орынды сөзге тоқтаған. Ақылы асқан адамның уәжіне жығыла білген. Әсіресе, ақынның, шешеннің данагөй сөзі халық үшін қастерлі, қасиетті. Ұйымдастырушыларға  ризашылық жоғары. Байқау көрерменнің көңіл пернесін дөп басып, жан дүниесін толқытты.

Байқаудың бас жүлдесі Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айжан Алхабекке бұйырды. Ал, бірінші орынды  шымкенттік Мәди Сәулебек, екінші орынды Павлодар облысының намысын қорғаған Ербақ Құрметжан, үшінші орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Әлия Болатова мен қызылордалық Айсана Әшімхан өзара бөлісті. Жеңімпаздар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байқауға ерекше ықыласпен дайындалып келген Ілияс Нұрланбеков (Алматы облысы) пен Ерлан Нұрланов (Жамбыл облысы) ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміз 2020 жылы Абайдың 175 жылдығын атап өтпекші. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деуші  еді ғой ұлы ақын. Ендеше, Абайдың ақылымен сусындап, ойына қаныға берейік, ағайын!

Гүлжан ТҰРСЫН